Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Асанқайғы (Ілияс Ысқақов нұсқасы) (27-бөлім)

Аңыздық жырлар · Ілияс Ысқақов нұсқасы · 3 мин оқу

Мақтанған адам шығар біткен малға,
Аулақта қожаңдаған жалғыз шалға.
«Кісісіне жолықпай жүрген шығар,
Бар жылқысын алармын жалғыз таңда».

Қайтпаған жаннан беті аңғал батыр,
Дайындап қару-сайман жиып жатыр.
Күліктің онан гөрі тоқтамы бар,
Күтетін кісі еді істен ақыр.

Күлік айтты:—Жиылып біз барамыз,
Барған соң тек қайтпаспыз, жылқы алармыз.
О дағы қарап жатпас біз алған соң,
Екі елдің арасына от саламыз.

Ер еңбегі, ат тері бізге қалып,
Арада әуреленіп сандалармыз.
Шыбын өлер екі нардың арасында,
Обалына Жаманқұлдың бос қалармыз.

Ұнасақ бір ақыл тұр маған келіп,
Құтқарам десең оны шамаң келіп,
Сездірмей еш адамға күн-түн қатып,
Қоялық Гүлбануды мұнда әкеліп.

Іздесе Сейіп өзі келіп тапсын,
Тілесе жылқыны алсын, мейлі шапсын.
Сонан соң байқасалық үйсінменен,
Қолынан не келсе де қылып бақсын.

Барармыз найза-шоқпар, атты баптап,
Ода шығар алдыңмен қару саптап.
Барар жер жоқ, отырса көмегі жоқ,
Кетпей ме Жаманқұлды дұшпан таптап.

Жиылып еліменен ақылдасты,
Күліктің айтқан сөзін мақұлдасты.
Елу кісі елден көп еместігін,
Бара сала шабыспақ ұнамасты.

—Осыған Күлік батыр өзі жүрсін,
Осылай істеу керек, жанса-күйсін.
Бір себепсіз оған да соқтықпайық,
Шыдаса Сейіп келіп өзі тисін.

Бір жорға жетегінде келе жатыр,
Жеделдетіп, жақындап ел шетіне.
Сайына бір биіктің тоқтады ақыр,
Тынығып осы арада біз жатамыз,
Ат оттатып, сергітіп, сұлатамыз.
Жігіт болсаң хабар бер кеш болған соң,
Жұмыс бітсе, осы түнде түн қатамыз.

Көрінбей өз жайына жүріп кетті,
Ондай сұйық жүріске өзі де епті.
Жігіт болсаң, әнеки, осындай бол,
Түн болған соң Бануды алып кетті.
Бануды бауырына Күлік қысты,
Күлікте қайратынан айла күшті.
Несіне сөзді енді ұзартайық,
Әйтеуір ақылменен бітірді істі.

«Жесірім» деп Үйсін іздеп көп сандалды,
Ата-анасы қайғысын жеп зарланды.
Зорлықпен мал орнына кеткенінен,
Өлгенін оңай көрді сұлу арлы.

Мұнысын еш адам да сезбей қалды,
«Жар жолына берем,—деп,—жалғыз жанды».
Махаббаттан бір үміт, сәуле күтіп,
Бекініп бір берікте жатып алды.

Бұл әңгіме артқы жағын қайта шалған,
Банудан қуанышты хабар алған.
Оқушының көңілінде қалған шығар,
Түмен келіп, еліне қайта барған.

Болады қазақ халқы ертекқұмар,
Бос сөз жоқ жайылып жұртқа шығар.
Естігенін, білгенін ертек қылып,
Біреуінен біреуі ауызша ұғар.

Сүреңсіз түйе мінген бір жас адам,
Ауылына Жаманқұлдың қонақ болған.
Басында сықақ қылып айт десе де,
Сөзі дәмді болған соң құлақ салған.

Ішінде бірер жігіт талабы бар,
Бас-аяғын түгендеп ұғып алған.
Қайғының ертегін айт дейтін болып,
Естуге құмартып ел таң қалған.
Естілмеген жаңа сөз қандай қызық,
Жайылды бір әңгіме жұрт таңданған.

Түменнің қасындағы бір жолдасы,
Ауып еді ертекке бар ынтасы.
Бәрінен сол жақсырақ ұғып еді,
Шын кетіп естігенде ықыласы.
Үйіне біраздан соң қайтып келді,
Білгенін, естігенін айтып келді.
Әңгіменің кезегі келген жерде,
Қайғының ертегі деп айтып берді.

Таралды бірден бірге, көп ауызға,
Қайғының ертегі деп түсті аңызға.
Бай үйінде қонаққа келген біреу,
Айтқан соң естілмей ме Бану қызға.

Банудың өзге елден ойы бөлек,
Ақылға жас күнінен сондай зерек.
Бір-бірлеп өткен күндер елестеді,
Бір сырды әңгімеден сезсе керек.

Толғанып тоқсан түрлі ойға кетті,
Ой толқыны қозғады ішкі дертті.
Бірде қауіп, бірде үміт, бірде тілек,
Тұныққан ой құлағын елеңдетті.

Көрмесе де емес ед көңілі ұмытқан,
Үміт оты жүрегін жоқ суытқан.
Қорқыныш па, әйтеуір, қуаныш па,
Қозғалды жүректегі бір ыстық қан.
Айтқан кім деп ертекті ізерлейді,
«Әңгіме екен,—деді де,—жаңа шыққан»,
Қонақ келсе соны айт деп жалынды.
Қайғының ертегінен бар ма ұққан,
Соңына сол ертектің түсіп алды,
Бір асыл қазынасындай жерге тыққан.

Аңыздық жырлар

Барлығы: 81 аңыз

Тағы оқыңыз