Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Асанқайғы (Ілияс Ысқақов нұсқасы) (14-бөлім)

Аңыздық жырлар · Ілияс Ысқақов нұсқасы · 3 мин оқу

Ойлады «жігіт-ау,—деп,—көрмеген жат,
Нұсқасы және бөлек астындағы ат».
—Бұл елдің адамына ұқсамайсың,
Айтсаңыз жөніңізді болмаса ұят?

—Ұят емес жөн сұрау,—деді,—жеңге,
Ешкім жоқ бұл арада сізден өзге.
Жоқ іздеп жүрген қаңғып жолаушымын,
Дәм айдаса, жүрмейді қайда пенде?!

Жан болса адасқанды салар жөнге,
Мен бір ақыл-ойдан қалған кенде.
Мал түгіл жанымды да қияр едім,
Бір дәру себеп болса еткен емге.

Әйел де адам еді сөз танырлық,
Басына түскен жан-ау бір ауырлық.
—Тарығып сонша неге сөз айтасың,
Біреуден көріп едің қандай қорлық?

Боласың жасың кіші бізге қайын,
Сөзің жанға тиеді айтқан сайын.
Өзің әйел демесең, ей, жігітім,
Білген сөзді мен сенен аямайын.

Ойлы адам сөз мәнісін қылар пайым,
Іздегенге демеймін болар дайын.
Тілге нансаң, жасырман білгенімді,
Өз сырыңды ұқтырып айтшы жайын.

Асан тұр қатын сөзін байқайын деп,
Іздеп жүрген жұмысын айтайын деп.
Не болса да ашылсын істің беті,
Болмаса сыр білдірмей қайтайын деп.

—Ой, жеңге, жүзің жылы, сөзің майда,
Жан емен ат терлетіп жүрген жайға.
Танысым жоқ, білмеймін елдің жайын,
Жаманқұл деген байдың ауылы қайда?

—Байқасам, жеңіл емес жүреген ісің,
Қайнағамыз болады айтқан кісің.
Әдепсіздік келінге атын атау,
Бар еді ол кісіде не жұмысың?

—Келіп ем өткен жылы сіздің елге,
Асығып киік қуып мына белге.
Үйіне қонақ болып кетіп едім,
Сол себепті сұраймын сізден, жеңге.

Қатын айтты:—Демеймін сөзің жалған,
Ол кісің жоқ бұл елде көңіліңе алған.
Ағайын-туысқанға өкпелі боп,
Келе алмай жайлауына, кейін қалған.

Жайлауға биыл көшіп келмегені,
Оның жоқ елден қорлық көрмегені.
Бар жазасы сорлының—жалғыз қызын
Үйсіннің бір байына бермегені.

Үйсінде Сейіп деген бар еді бай,
Әрі би ел бастаған дәулеті сай.
Сейіптің жалғыз ұлы Марқат мырза,
Бануды аламын деп келді сұрай.

Құдалық сөз салады Жаманқұлға,
Жаманқұл теңемейді қызын ұлға.
Аларлық қалың малын айтып қойсын,
Қанша алса да шыдаймын берер пұлға.

Мына сөз Жаманқұлға ауыр болып,
Жиналып ақылдасты ауыл болып.
«Мұнан артық бересің енді кімге?»
Беруге ұйғарысты қауым болып.

Әлі айтқан жоқ Жаманқұл «көнемін» деп,
«Ойланып, ақылдасып көремін деп.
Бану өзі ұнатса, не қылайын,
Ұнамаса, айтпаймын беремін» деп.

Жауап берді Жаманқұл құр көңіл қос,
Бұл сөзін ұнатпады ағайын-дос.
Әке берсе, қызда ерік бола ма екен,
Мазақ болар, құр сөзді айтасыз бос.

«Мұнан артық бересің енді кімге,
Бермесең, тұра алмайсың бізбен бірге.
Бүгін, міне, аяғың жетіп отыр,
Басың жетіп көрмеген мұндай жерге».

Шал қалды сонда дағы ырық бермей,
Өкпелетіп ағайыны кетті көрмей.
Майдалап Бануге де айтса дағы,
Жүре берді сөздерін құлаққа ілмей.

Құдалыққа сөйлесе келген адам,
Есерсоқ, әділетсіз, бәрі надан.
«Тым болмаса жөн жауап айтпады» деп,
Сейіпке шағыстырды онан жаман.

Сейіп бай үйде отырып ашуланды,
Елінің ақсақалын жиып алды.
«Бір адым жер малына бастырмасын,
Өтпесін» деп жайлауға кісі салды.

Ешкімнен көрген емен мұндай қорлық,
Менімен жерін айтсын тұрысарлық.
Жаудыр,—деп,—бар пәлені Жаманқұлға»,
Еліне жиып алып қылды жарлық.

Жаманқұлға ешкім жоқ көмек болған,
Бала жоқ не шығады жалғыз шалдан.
Білмеймін онан кейін не болғанын,
Көше алмай сол себепті кейін қалған.

Асан естіп болған соң қатын сөзін,
Не екенін біле алмай тұрды өзін.
Дүние қозғалғандай шыр айланды,
Улы жас басып кетіп екі көзін.

Сұрланып қызыл жүзі, есі ауып,
Өксиді демін тартып ауық-ауық.
Мақсұтын іздеп жүрген қатын білді,
Кеткенін естігенде есін танып.

Тағы оқыңыз