Асанқайғы (Ілияс Ысқақов нұсқасы) (7-бөлім)
Аңыздық жырлар · Ілияс Ысқақов нұсқасы · 3 мин оқу
Деуші еді әкемізді Жаманқұл бай,
Дәулетке төрт түлігі бәрі де сай.
Жасында о да өзіңдей сері болған,
Бұл күнде малын бағып жүреді жай.
Көруге даңқыңды естіп болдым құмар,
Жүрегім махаббатым қылды ынтызар.
Сәулесі ғашықтықтың көрмей түсті,
Тағат жоқ айрылуға енді шыдар.
Мен тарттым махаббаттың көп күйігін,
Ұмыттым сені көріп бәрін бүгін.
Келтіріп сені қалай көремін деп,
Киіктің асырадым ең жүйрігін.
Асырап жақсы баптап үш жыл күттім,
Сынайын деп тау-тасқа көп жүгірттім.
Ымбалменен жатқызып жүргіземін,
Кей уақта тіпті алысқа тастап кеттім.
Біреуді бір жүйрікке мінгіземін,
Тұрғыдан бас бақтырып тұрғызамын.
Өзім тура үйіме қайтып келіп,
Анаған аңшы қылып қуғызамын.
Жат деген жерде жатад тап қозғалмай,
Кетпейді ешбір жаққа барып алмай.
Аштан өлсе де орнынан қозғалмайды,
Бір жау нәрсе үстіне келіп қалмай.
Көргенде жат нәрсені тұрмас тоқтап,
Белгілі үйге келер оған соқпақ.
Қуғыздым неше рет аңшыларға,
Астына талай саңлақ бердім баптап.
Болса да қандай жүйрік жеткізбейді,
Алдына бір нәрсені өткізбейді.
Қандай аспап болса да нелер күдір,
Бір жеріне еш зақым еткізбейді.
Сонымен неше рет көрдім сынап,
Естідім сіздің жерді деді жырақ.
Адасып сонша алыстан кете ме деп,
Қорғанып күдіктеніп біразырақ.
Әркімнен біліп алдым жөнін сұрап,
Есептесем талай жер сіздің тұрақ.
Жүйрікке алыс жер жоқ деген бар ғой,
Байладым тәуекелге белді бір-ақ.
Жол көрген, өзі ысылған бір адамды
Ойладым: «сенімді-ау,—деп,—осы жанды».
Жалындым сырымды айтып ағатайлап,
Алсаң да берейін деп мың мен санды.
Бармаймын ақы алам деп, ей, шырағым,
Асанның білуші едім мен тұрағын.
Салт атқа осы арадан бірнеше күн,
Мықты ат пен дайындап бер жол-жарағын.
Кешікпей киікті алып жөнеліпті,
Арада бірнеше күн жол жүріпті.
Жігіт ед ер көңілді айласы бар,
Азырақ сізді күтіп бөгеліпті.
Ауысып сіздің қоныс өзгеріпті,
Сүйтсе де іздеп жүріп кез келіпті.
Жүруші ем көлеңкеңе ие болып,
Көңіліме бір келтірмей өзгелікті.
Сәті боп сапарыңа кез болыпты,
Кешікпей орайына тез болыпты.
Өлсем де бүгін менің арманым жоқ,
Дертіме еткен ісім ем болыпты.
Мен жүрдім күйіп-жанып іштен зарлай,
Сырымды үш жыл жүрдім сыртқа жаймай.
Көңілде бар тілегім осы болды,
Шыныменен кетем бе деп бір көре алмай.
Сен едің ойлағаным күндіз-түні,
Айтқаным өтірік емес, сөздің шыны.
Берсем де қазір жанды, арманым жоқ,
Тілегім қабыл болды бүгін, міне.
От салды махаббатың жүрегіме,
Байланды ғашық дертің сүйегіме.
Саяңнан үміт кеткен мен ғаріпті
Жеткізбей кетемісің тілегіне.
Қыз сөзін тыңдап Асан түсті ойға,
Кез болды кезіп жүріп мұндай тойға.
Терең ойлап тексеріп толғанғанда,
Тағы да бір ауырлық түсті бойға.
Асанның өзге жаннан ойы бөлек,
Ақылға жас та болса сондай зерек.
Шет жерге көрмеген жат алып келген,
Кез болып қашқан киік болып себеп.
Ой шалқып жер-жиһанды шарықтады,
Аспанның әлемінде қалықтады.
Дүниенің шарқы поляк айналасын,
Кезгенде жүйрік желден қалыспады.
Тереңге қауас болып кейде сүңгіп,
Кейде жай баяуласа, кейде мүлгіп.
Тапқандай яқұт-маржан тереңінен,
Мұхиттың тұнығына тұрса үңіліп.
Алыстан құлаш ұрып ойлағаны,
Ақылдың тереңіне бойлағаны.
Махаббаттың төлеуін немен таппақ,
Әжім салмай, кір шалмай жайлағалы.
Ауыр боп қыз еркіне қоймағаны,
Екі айтып серттен қайтып таймағаны.
«Осы сөзбен тоқтатып қарайын» деп,
Мінеки, қызға жауап байлағаны:
—Кез келдім, мейман болдым, ей, перизат,
Болғандай жаным ырза қылдың құрмет.
Емгендей бір емшктен қарындас бол,
Жар деме, жақыным деп қыл мархабат.
Менің бұл жүрген жаннан ойым бөлек,
Екенсің сен де әйелден шыққан зерек.
Өлшеусіз маған еткен қызметіңді
Орайын мен де сондай етсем керек.