Асанқайғы (Ілияс Ысқақов нұсқасы) (8-бөлім)
Аңыздық жырлар · Ілияс Ысқақов нұсқасы · 3 мин оқу
Әуелден өзім жалғыз, ойым жетім,
Қаяулы, дертті жүрек бойлар шетін.
Мен сені жар дос демей жан дос дейін,
Мәһарбан тілегім сол менің ниетім.
Жақыным жанды ерткен мағшұқ жар,
Асықсын көріскенше тым ынтызар.
Күйігін сондай жардың тартқан жанмын,
Шаққандай мұңды мұңға айтпағым бар.
Тарқамас және айтпасам көңілімнен зар,
Жүректе ерте шалған қасіретім бар.
Суынып ыстық жүрек салқын тартқан,
Кіршіксіз жас жүрекке келе ме пар.
Жар досын жан жүрегі сағынбай ма,
Жас бұлбұл сайраса, гүл жарылмай ма.
Ем табар жас жүректің жарасына,
Бір сүйген өзің теңдес табылмай ма?!
Мен кештім бұл сапарда бірталай жол,
Көңілімде әлденеше арманым мол.
Келіп-кетіп жүрейін жақыным деп,
Гүлбану, бер рұқсат, тілегім сол.
Асан сөзі қыз көңілін жұбатпады,
Сылтау сөзді місе қып ұнатпады.
Орныққан жас жүрекке махаббаты,
Жарасына ем іздеп шыдатпады.
—Құмармын үш жыл бұрын атағыңа,
Қайғың сусын атыңды жат алуда.
Серт бергем көрмес бұрын «жарым сен» деп,
Ар бармас екі сөзді атануға.
Әуелде ынта қойған жарым сенсің,
Жасыруға болмайды мәлімденсін.
Сия ма бір жүрекке екі сүймек,
Орын жоқ басқа жанға, жаным сенсің.
Жанды адам қаза жетіп бір өлмей ме,
Бір себеп ажалына кез келмей ме?
Әгарда мен қайғыңмен өле қалсам,
Мойныңа адам қаны жүктелмей ме?!
Мен тірі жүрмек емен сенен қалсам,
Дүние жат сенсіз маған қайда барсам.
Серт қылғам «жаным сүйген жар-досым» деп,
Опасыз жан атанам қайтып алсам.
Дүниеден арманым жоқ сертке жетсем,
Жетпесем өлгенімді арман етпен.
Жүруге енді маған дүние харам,
Дертіме дауа бермей мақрұм етсең.
Түйіліп төмен қарап екі көзі,
Батқандай шымбайына қыздың сөзі.
Тұңғиық түпсіз ойдың түкпірінен
Қауастай маржан теріп алған кезі.
Әртүрлі салды ақылмен ойға жұбау,
Қалмады ашылмаған жастан сыр-ау.
Жылытып жас жүректің ыстық қанын,
Жұбатпаққа байлаған сөзі мынау.
—Адаммын мен жаралы әжім шалған,
Сонда да өткен істі қылман арман.
Ей, Бану, тілегіңді өтер едім,
Анам бар өзі кәрі үйде қалған.
Кемпір-шал менің де бар ата-анам,
Олар да бейшара боп қалған адам.
Жүргенде мұндай істе өле қалса,
Обалына екі жанның тағы қалам.
Мен өзім жас болсам да жаралы жан,
Басымнан ауырлықты кешірдім сан.
Келейін ата-анамның халін біліп,
Гүлбану, бер рұқсат, сөзіме нан.
Кемпір-шал қайғы жұтқан ғаріп еді,
Оларды да қасірет шалып еді.
Алданып мен киікпен ұзап кеттім,
Ала алмай менен хабар қалып еді.
Көрейін оның халін жылдам барып,
Гүлбану, ренжіме бұған налып.
Әгар де ол екеуі тірі болса,
Келейін мен анамнан рұқсат алып.
Білейін екеуінің халін көріп,
Кетейін уағдамды саған беріп.
Жол жүруге жараса тірі болып,
Тұрармын оларды да ала келіп.
Гүлбану мына сөзге ойға түсті,
Жүректе махаббаты сондай күшті.
Тоқтамасын білген соң, рұқсат берді,
Басына алды тілеп ауыр істі.
Қыз дағы тоқтамасын білді абайлап,
Аспабын, жол азығын берді сайлап.
«Жарым,—деп,—қияметтік» қол ұстасып,
Босатты уағдасын қатты байлап.
Сүйісіп қайта-қайта амандасты,
Байласып құрбандыққа ғазиз басты.
Жүрегің, махаббатың, мейірімің
Айрылуға қимайды екі жасты.
Шын беріп уағдасын атқа мінді,
Уағда алып Банудың көңілі тынды.
«Өзімдік» деп бір-бірін иемденіп,
Күтпек болды алдағы біраз күнді.
Қош айтып өз жеріне кетті қайтып,
Тұрмады бұдан былай сөзді ұзатып.
Көтеріп қолтығынан аттандырып,
Қалды артында бір-екі зарын айтып.
—Ел жайлаған сары бел
Басынан самал еседі.
Құбақай дала қоңыр шөл
Күзегі елдің деседі.
Көп отырмас бұл жерде,
Күзекке таман көшеді.
Жайнаған ұқсап гүлдерге,
Сенімен өмір өседі.
Келмей қалсаң әгарда,
Қайғымен гүлім өшеді.
Жеткенше көзім хабарға,
Махаббат уын ішеді.