Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Асанқайғы (Ілияс Ысқақов нұсқасы) (12-бөлім)

Аңыздық жырлар · Ілияс Ысқақов нұсқасы · 3 мин оқу

Жоқшы ғып ишаратпен шалға өзін,
Қария отыр құлақ сап тыңдап сөзін.
Еті арық болса да түрін байқап,
Аттан шал айырмайды екі көзін.

Байқады шал да аңғарып бала сырын,
Танып білмесе де мұнан бұрын.
«Не қылса бір қиялмен жүрген жан ғой»,—
Деп ойлайды көрген соң жігіт түрін.

—Шырағым, атың арық, жүзің сары,
Үйде жүрсең секілді жанның бары.
Шеккендей бір қайғының ауырлығын,
Байқаймын көпті көрген мен бір кәрі.

Жаһангез жалғыз жүрген дарамысың,
Не елінен адасқан баламысың.
Келдің бе қашық жерден мұнша жүдеп,
Бет алып сонша алысқа барамысың?

Қуалап жөнін сұрап шал қоймады,
Баланың жал сөзіне шал тоймады.
Адам ғой көпті көрген ақыл айтар,
«Сырымды айтайын» деп ой ойлады.

—Соншалықты қызықты емес айтатыным,
Айтсам, көп толып жатыр іште мұңым.
Айтысқан бір серт үшін елден бездім,
Сол үшін жүрмін қаңғып көрмей тыным.

Жасымнан мен сорлымын қайғы жеген,
Жаным ауру, көзге сау сыртқы денем.
Бір дауа сол дертіме бола ма деп,
Үмітпен құр далбаса іздеп келем.

Бұл жерді емес едім бұрын көрген,
Шыққалы бір ай болды өз елімнен.
Сіз секілді адамнан сұраймын жөн,
Барма екен деп іздеймін көрген-білген.

Кешірген жас басымнан уақиғам көп,
Айта берсем, шығады бір талай кеп.
Іздегенім Жаманқұл байдың ауылы,
Айтты дағы күрсінді «Гүлбану» деп.

Мен жүрмін бірталайдан қайғы тартып,
Қысқаша шалға ұқтырды сырын айтып.
Басынан кешкен жайын айтып берді,
Жібермей сөз аяғын сонша ұзатып.

Әкесі жас шағында өлгендерін,
Кемшілік жетім қалып көргендерін.
Жанашырсыз, жақынсыз, ағайынсыз,
Зарығып сол бір кезде жүргендерін.

Біле алмай ешбір нарсе қалғандарын,
Әбусадық шалды іздеп барғандарын.
Тапсырған әкесінің аманатын,
Садықтан аман-есен алғандарын.

Үйіне қайта оралып келгендерін,
Жол көріп аңшылықты білгендерін.
Сол күнде құрбысынан озық шығып,
Сайрандап Сыр бойында жүргендерін.

Қайыптың қызын алып тұрғандарын,
Аз дәурен онда тұрып сүргендерін.
Жарының қайғысымен кезіп жүріп,
Қу аяқ алтын киік қуғандарын.

Киіктің адастырып кеткендерін,
Ауылына Жаманқұлдың жеткендерін.
Шығандап ел-жұртынан адасқанда,
Зорығып өлер халға жеткендерін.

Ғашық қыз сондай айла еткендерін,
Қонақ қып тағы сыйлап күткендерін.
Жарым деп Гүлбанумен сөз байласып,
Қайта оралып келмек боп кеткендерін.

Қайта кеп ата-анасын көргендерін,
Олардың қайғыменен өлгендерін.
Қоштасып еліменен, жеріменен,
Жұртына Гүлбанудың келгендерін.

Бітіріп Асан болды сөз аяғын,
Қолға алды жерде жатқан шал таяғын.
Ұшымен таяғының жер шұқылап,
—Жүрісің ауыр екен, ей, қарағым!

Шығады сөйлей берсе көп әңгіме,
Айтпасын жақсы сөзді білсе неге.
—Шырағым, білгенімді мен айтайын,
Ұнамаса, мына шал мылжың деме.

Сексеннен асты жасым осы күнде,
Өмірім малшылықпен өтті мүлде.
Жас күнде мен де сендей саятшы едім,
Бұл күнде күнім үшін жайдым түйе.

Көп жүріп білуші едім жердің жайын,
Көңіліме жүрмесем де бәрі дайын.
Бұл жерің келе жатқан Үйсін жері,
Естігем жоқ Жаманқұл деген байын.

Мынау түйе Байторы байдың малы,
Тұсында байлықпенен асқан сәні.
Осы өзенді жағалай түгел Үйсін,
Қоңырат деген ел болар онан ары.

Ойлаймын Жаманқұл бай қоңырат елі,
Көбірек шөл болады қоңырат жері.
Малы көп бай шөл жерде отыра алмай,
Кетеді Арқа жаққа елдің дені.

Бұл жерден алыс тұрар Арқа бөлек,
Екі орта шөл болады дөп-дөңгелек.
Шөл жерде құрғақшылық отыра алмай,
Мал жайы үшін сол жаққа кетсе керек.

Естуші ем қоңыратта Жаманқұлды,
Айтуға аямаймын қызыл тілді.
Жол жүрсең күн-түн қатып дамылдамай,
Арада өткізерсің неше күнді.

Тағы оқыңыз