Еділ мен Жайық батыр (7-бөлім)
Аңыздық жырлар · 2 мин оқу
Жезтырнақ барып құлады,
Орнынан қайтып тұрады.
Жасырып бойын көрсетпей,
Өрлеп қашып жыраны.
Қашқан бетін байқап ап,
Артынан Жайық қуады.
Қан ағып жатыр жосылып,
Жүрген сайын шашылып.
Арасымен тасаның
Жезтырнақ қашты асығып.
Кетіп барад жезтырнақ,
Сүйретіп қолын асығып.
Жолға түсіп зарлады,
Жығылып, сірә, қалмады.
Көріп алып мекенін,
Құртуға тұқымын,
Артынан Жайық қалмады.
Жезтырнақ жолда тұрмады,
Атуға тағат қылмады.
Қуғанынан жеткізбей,
Сай-саланы қырқалап,
Көз ілеспей зырлады.
Батыр туған ер Жайық
Қосқа қайтып келеді.
Танагерге ер салып,
Қумақ болып артынан,
Атына қарғып мінеді.
Ойға бір іс келеді,
Кешегі атқан құланның
Қалған етін көреді.
Қайта түсті атынан,
Қалған етті пысырып,
Бірін баптап жегелі.
«Ас—адамның арқауы»
Деген сөз бар мақалда,
«Қандай күн басқа келеді?»
Деген оймен пысырып,
Етке әбден тояды.
Қалған етін терекке
Қақтап іліп қояды.
Біраз мезгіл өткенде,
Күн түс ауып кеткенде,
Атқа қайта мінеді.
Жолға түсіп «Алла!» деп,
Қан аққан ізбен жөнелді,
Жолда біраз бөгелді.
Сол кеткеннен кетеді,
Бірнеше қырдан өтеді.
Астындағы Танагер
Соққан бір желге теңелді.
Жүрісіне атының
Батырдың өзі сүйсініп,
Шапқан сайын кенелді.
Еті қызып Танагер,
Арандай аузын ашады.
Ұстаған қолды шыдатпай,
Ауыздықты басады.
Жауға аттанған Жайықтың
Қайраты судай тасады.
Жайықтың бет алдынан
Талай жыртқыш аңдар да
Сасқалақтап қашады.
Қаша алмаған аңдарды
Танагер баптап басады.
Жаудан кекті алмаққа,
Табанына салмаққа,
Жайық сынды батырдың
Көңілі судай тасады.
Бір мезгілдер болғанда,
Жайықтың тура алдынан
Бір үлкен жартас көрінді.
Екпінімен Танагер
Жүз арқан бойы керілді.
Жетіп келсе жартасқа,
Тастан қақпа жонылған,
Ішінен құлып салынған.
Көзін салып қараса,
Жанып жатыр ішінде от,
Будақтап түтін ағылған.
Жетіп келіп қақпаға,
Айғайлады ер Жайық:
—Бұл қақпада кім бар?—деп,
Шыға келді бір жігіт:
—Күзетіп тұрған мен бар,—деп.—
Асықпысың өлімге,
Әйтпесе, мұнда нең бар?—деп.
Жалғыз көзді жезтырнақ
Осы болар қақпасы.
—Сондай бір алып ер бар,—деп,
Жайық айтты сол жерде—
Ашып жібер қақпаны.
Өзіңе мәлім, жігітім,
Жайық сынды батырдың
Әзер іздеп тапқаны.
Мен келемін сол дәудің
Басына қылыш шапқалы,
Мойнына арқан таққалы.
Айтқаныма көнбесе,
Жетелеп елге қайтқалы.
Қақпаны ашты сол жігіт,
Басқа жауап қатпады.
—Жайық батыр сен болсаң,
Кел, қақпаға ен,—деді.—
Зорлықпен жұмсап отырған
Тұтқын едім мен,—деді.
Мен де өзіңе тілектес,
Жайық батыр, сол дәуді,
Не қылсаң да жең!—деді.
Осы дәудің қолында
Бірнеше тайпа ел,—деді.
Осыларды босатсаң,
Сауабына қаласың,
Бұл сөзіме сен!—деді.
Қақпаға Жайық кіреді,
Құдайдан дәрмен тіледі.
Бір оқиға боларын
Сонда байқап біледі.
Белгісіз нәрсе бұларға,
Кімді кімнің жеңері.
Заманында ер Жайық
Талай жауды талқандап,
Топыраққа теңеді.
Қақпаның түрін көреді,
Ой жүректі бөгеді.
Жезтырнақтың ұрқында
Жайық үшін жоғалмас,
Сүйегінен кетпейтін
Арылмас үлкен кек еді.
Бір есік тұр жартаста
Тас қып жабулы,
Тастан құрсау салулы.
Екі адам тұр қасында
Қол-аяғы таңулы.
Сол адамның мойнында
Темір арқан шалулы.
Жайықты көріп екі адам,
Қамығып қатты жылады.
Қабағында қайғы бар,
Қатты уәйім қылады.
—Батыр туған ер Жайық,
Бітімің ерге лайық.
Бізді босат кәпірден,
Жолыңа құрбан қылайық.
Тілегің тілеп, ер Жайық,
Хаққа дұға қылайық.