Еділ мен Жайық батыр (3-бөлім)
Аңыздық жырлар · 3 мин оқу
Осы сөзге жығылып,
Қара дәу кезек береді.
Батыр туған Еділ ер
Қара дәуге төнеді.
Қайраты мен ақылы
Еділ ердің кең еді.
Сол кездегі батырдың
Қайсысынан кем еді.
Садағын оқтап безеді,
Көздеудей-ақ көздеді.
Бұл мөлшерде Еділдің
Толып тұрған кезі еді.
Батырсынған Қара дәу,
Бір пәленің боларын
Сонда ғана сезеді.
Табандап қатты тартады,
Қайраты тасып артады.
Астындағы керігі
Тастақ жерде сіресіп,
Тізесінен батады.
«Дәл жүректің басы, деп,
Сыбағаң сенің осы, деп,
Мен халықтың досы деп,
Сен адамның қасы»,—деп,
Табандатып атады.
Садағының оғы сарт етті,
Қара дәудің көзінен
Жасыл оты жарқ етті.
Ауытқи аттан ол кетті.
Қақ жүректің қасынан,
Оң иықтың басынан,
Ауыз омыртқа астынан
Арнадай болып оқ өтті.
Тасыған судай сарылдап,
Оқ тиген жерден қан кетті.
Ат үстінде ауытқып,
Қара дәу тұр арылдап:
—Кезегімді бересің,—
Көресіңді көресің!
Сол қолымда қайрат бар,
Алысуға көнесің!
«А» дегенше болмай-ақ,
Батыр туған Еділдің
Қасына жетіп келеді.
Еш нәрсені тыңдамай,
Сол қолмен келіп іледі.
Еділ батыр, Қара дәу
Бірін-бірі іледі.
Бұларды көріп сұлу да,
Құдайдан тілек тіледі.
«Жарығым қайтып сөнеді,
Зорлығына Қара дәу
Қандай адам көнеді.
Еділ сынды батырды
Қара дәу кәпір сол қолы
Қайтып қана жеңеді?»
Тісіне тісін егеді,
Көзінің жасын төгеді.
Қара дәудің бір қолы,
Еділ сынды батырды
Састырып қатты бөгеді.
Қара дәудің бір қолы
Еділді қатты үйірді.
Аспандаған бетімен
Аяғы жерге түйілді.
Еділ батыр, ал, сонда,
Қайратына сыйынды,
Жалғыздық жанға қиын-ды.
«Қара дәудің бір қолы,
Берер ме екен сыйымды»,—
Деп қайратқа мінеді,
Ойға бір қайла келеді.
Ашадан қолды салады,
Қара дәудің шатына
Қолы жетпей барады.
Еділ сынды батырды
Қара дәудің бір қолы
Көтеріп алып барады.
Барлық күшін салады,
Қара дәу естен танады.
«Бере тұр мәдет, Құдай!»—деп,
Қара тауды таудай ғып,
Көтеріп жерден алады.
Күндей болып күркіреп,
Арыстандай арылдап,
Қара дәу барып құлады.
Тұрмақ болып Қара дәу,
Басын жерге ұрады.
Тілек тілеп сұлу да,
Шүкір ғып Хаққа тұрады.
Ер Еділдің қайраты
Жүрегіне ұнады.
Асыл туған бұл ердің
Қайратын қатты сынады.
Еділ айтты:—Қара дәу,—
Неше шаптың елімді,
Кездесе алмай жүруші ем,
Бүгін алдым кегімді.
Салмағыңды салып ең,
Сындыра жаздап белімді.
Кесіп алып басыңды,
Жем қыламын құзғынға,
Қазбай тастап көріңді.
Көлденең көрген сұлуға
Қара дәудің үстінде
Еділ батыр қарасы
Тау басында отырған
Лашындай көрінді.
Қара дәудің сол жерде
Басын кесіп алады.
Кескілеп, шауып қылышпен,
Борша-борша қылады.
Сөйтіп барып Еділдің
Жүрегі әбден тынады.
Атына қайта мінеді,
Еділ батыр сұлудың
Қасына жетіп келеді.
Ақтұйғындай сұлуды
Анықтап келіп көреді.
Қызға көңілін береді.
Сұлулығы бұл қыздың
Еділ сынды батырдың
Жүрегіне қайтсе де,
Ғашықтық сезім береді.
Қызды байқап қалмаққа,
Көңіліне жақса Ақтұйғын,
Өмірлік етіп алмаққа,
Өлеңдетіп төнеді:
—Қалайсың, аманбысың, қарындасым!
Қалайша сүйген жардан айырылғансың?
Дүние де ғашықтықтың ісі қиын,
Ажалға сала алмайды ешкім тыйым.
Өткен іске несіне қайғырасың,
Басың жас, қайыры болар, шын тілесең,
Несіне өле жаздап қаймығасың?
—Бұл батыр неге сонша кекеді екен,
Кекеген сөз көкейден кете ме екен.
Ақылды, данышпан,—деп ойлап едім,
Ағаттық сіздей жаннан кете ме екен?
Жөн сұраспай, келе сап кекетесің,
Батырдан күткен үмітім бекер екен.