Асанқайғы (Ілияс Ысқақов нұсқасы) (31-бөлім)
Аңыздық жырлар · Ілияс Ысқақов нұсқасы · 3 мин оқу
Батырдан қорыққан соң бітім тапты,
Тиіспекке уәдесін берді қатты.
Жаулап алған малының бәрі қайтып,
Және де жеті тоғыз айып тартты.
Малына Жаманқұлдың жер жетпейді,
Үйсін қуып жеріне беттетпейді.
Қоймады не қылса да дұшпандығын,
Көңілінен Сейіп бидің кек кетпеді.
Жыл сайын малы жұтап өле берді,
Жаз жайлауға үйсіндер өрлетпеді.
Қыстауға тар, жазға шөл тиышы кетіп,
Іші жау ел үйсінге сөз өтпеді.
Екі ғашық жеткеннен соң мұратына,
Сол жердің орнықпайды тұрағына.
Ақылы екі жастың үйлеседі,
Ішпенен бірін-бірі сынады да.
Бір күні Асан айтты Гүлбануға,
Ойланып біразырақ тұрады да.
Өзінің көңіліндегі ойын айтты,
Әйтеуір бір ақылды ұнады ма?
—Қыстауға кең, жаз жайлы жайлау тапсақ,
Шалдың салсақ ұнай ма құлағына.
Айтады шалға келіп ақыл-ойын,
Гүлбану да бұл сөзді ұнатты да.
Шал естіп мына сөзді, көп ойланды,
Көңілі тоқсан толқып, жүз толғанды.
«Не болса да елімен көрейін»,—деп,
Адамын Құлшығаштың жиып алды.
Кеткенін жаудан тиыш, жерден күйіс,
Алдына ағайынның әкеп салды.
«Қысы жоқ, жазы шөл боп бітетұғын,
Қай жерге сыйғыза алам мынау малды?»
—Жақсы қоныс, кең жайлау жерге кетем,
Демеңдер бізден қашып кетіп қалды.
Менімен бірге кетем дегендерің,
Қамдай бер осы бастан шаруаңды.
Жері тарлар қосылып ермек болды,
Кейбіреулер артынан көрмек болды.
Жабдықпенен неше жігіт жолдас алып,
Асан бастап жер іздеп жүрмек болды.
Көп жүріп Асан білген жердің жайын,
Көргені, естігені бәрі дайын.
«Тоғай көрген болды үйші» деген,
«Ел кезгенде сыншы» деп айтқандайын.
Жасынан жігіт еді дүние кезген,
Жалғыз жүріп сезім алған жапан түзден.
Қайда барды, қай жерді мекен қылды,
Айтайық ендігісін, тыңда, бізден.
Қасына он бір жігіт алды ертіп,
Азық-түлік жабдығын түгендетіп.
Туралап Қаратауды жүріп кетті,
Желмаяның шудасын желпілдетіп.
Басына Қаратаудың шығып өзі,
—Жайлау, қыстау, өрісті шалды көзі.
Жер емес қыс пен жазға бірдей орын,—
Деп сынап бірер ауыз айтқан сөзі.
Қаратауға келгенде:
—Қаратау еншіңе алған құсың көкек,
Бауырың қара от, ойпаң, шөбі көкпек.
Бір түйеге болмаса төрт түлік мал
Қыстауға тар, жазғы шөлде не күнелтпек.
Аты ерте қартаяр жер азғыны,
Адам ерте қартаяр ел азғыны,
Бетеге, көде, шалғын жусаны жоқ,
Ебелек, көкпек, қаңбақ шөп азғыны.
Жайласа Қаратауды бір-екі ай,
Отырса Сыр бойында ала қыстай,
Сонда ғана болар еді малға жайлы,—
Деді де жүре берді көп тұрыспай.
Шымкент, Сайрамға келгенде:
—Ел байытпас жақын болса базарлы жер,
Көбейтпес ел өсімін мазарлы жер.
Қазақта да мақал бар бұл туралы,
Байқасақ Асан сөзі соған келер.
Сыр бойына келгенде:
—Секілді мынау Сырдың басы байпақ,
Аяғы жайылыңқы болар тайпақ.
Боларлық екі ауылға қонысы бар,
Жер еді бұрында өзі жүрген байқап.
Ұзын аққан өзеннің өне бойы,
Керек екен деп тұрды басын шайқап.
Шуға келгенде:
—Өзен екен айнала жері борбас,
Жағасы қара қамыс, аң, жолбарыс,
Пышағын қынабынан алып ет жемейтін,
Көжесі көп баланың іші қуырылмас.
Еркегі ат, әйелі жат болатұғын
Жер екен бұл араға тұрып болмас.
Асанның айтқан сөзін ұғып алып,
Жалықпай ере берді өмір жолдас.
Жетіқоңырға келгенде:
Деген жерге келгенде Жетіқоңыр,
—Мәуіті екен арқаға болар өңір.
Онан басқа сөз айтпай жүріп кетті,
Артық сөз болмаған соң оған теңер.
Торғай өзеніне келгенде:
—Өзен екен аққан суы бал татыған,
Еті бар-ақ шабағы май татыған.
Қыстауға тар, жайлауға өрісі жоқ,—
Деді де өте шықты суатынан.