Еділ мен Жайық батыр (2-бөлім)
Аңыздық жырлар · 3 мин оқу
Сол арада Еділ ер
Есіне алды Жайықты,
Кім болжайды ғайыпты?
Ажал тура келсе де,
Ерлер қашан қаймықты.
Дәуге қарап ақырып,
Темір сауыт оранды,
Қолына алды құралды.
Дәуге қарсы шабуға
Салды айғай ұранды.
Сонда тұрып Қара дәу,
—Бетіңнен, Еділ, қайт!—деді,—
Атыңның басын тарт!—деді.—
Өлер жерің кез болды,
Далада шіріп жат!—деді.
Ажалың келді, өлерсің,
Қайратымды көрерсің.
Жаныңнан қорықсаң, Еділ ер,
Айтқаныма көнерсің.
Қара дәудің қолынан
Өлуіңе сенерсың.
Еділ тұрып сол жерде:
—Өлер болсам, өлермін,—
Мықты болсаң, Қара дәу,
Қайратыңды көрермін.
Күл-талқан қылып, жерге ұрып,
Қара жермен теңермін!
Ашуланып Қара дәу,
Атына қамшы басады,
Қайраты қатты тасады.
Еділ дағы сол жерде
Қайратқа қайрат қосады.
Боз тұлпар сонда ышқынды,
Ышқынып, қатты пысқырды.
Атаңа нәлет, Қара дәу
Ер сасарлық іс қылды.
Еділден бұрын Қара дәу
Талай жанға күш қылды.
Қара дәудің қолында
Талай жандар қиналып,
Талай жандар күңіреніп,
Бәрін дағы Қара дәу
Тіршіліктен тыс қылды.
Еділ батыр сол жерде
Мұны ойына алмайды.
Сонша жүрек қорқумен
Сірә, күйсе, жанбайды.
Қолма-қол барып белдеспей,
Елдің айтқан сөзіне
Еділ батыр нанбайды.
Салмақтап күшін толғайды.
Ашуменен Қара дәу
Жақын келді Еділге.
Кішігірім таудай жан
Белдесуге жеңіл ме?
Қара дәудің қараса,
Қолтығында қысулы
Таң қалғандай бір сұлу.
Анықтап байқап қарасаң,
Жалғыз-ақ онан күн сұлу.
Қасы-көзі қиылған,
Мұнан бұрын ел көрген
Сұлулардың бәрінен
Мына сұлу—шын сұлу!
Шынымен байқап қарасаң,
Тал бойында міні жоқ.
«Ай» деп аузын көресің,
«Күн» деп көзін көресің.
Қуат болса денеңде,
Жолында соның өлесің.
Жібек талдай созылған
Иығында алтын шаш.
Қасы қара сызылған,
Көзі—інжу, гауһар тас.
Ақыл менен келбеті
Мұнан ешкім артылмас.
Сымға тартқан күмістей,
Мінсіз бойын көресің.
Ол қыз тұрса алдыңда,
Жүрегіңді басқаға
Қайтып қана бөлесің.
Еділді көріп зарлады:
—Неге келдің, ағатай?—
Бұл кәпірдің қолынан
Мезгілсізден өлесің.
Менің де қырды елімді,
Ойран қылды жерімді.
Қолтығына қысып ап,
Сындыра жаздап белімді.
Тілді алсаң, ағатай,
Қарсыласпа мұнымен.
Қопарып тауды лақтырад,
Ашуланса шынымен.
Мұнан артық сөйлеуге
Қара дәу ерік бермеді.
—Ер болсаң, кел,—деп Еділге,
Құлашын қатты сермеді.
Тіл қатқанға сұлуға
Қара дәудей жауыздың
Бойын ашу кернеді.
—Қала?—деді Еділге,—
Батырсынған жігітке:
—Атыспақ керек бола ма?
Алыспақ керек бола ма?
Ат үстінде найзамен
Салыспақ керек бола ма?
Бұл өнерім жақпаса,
Қылыш алып қынаптан,
Шабыспақ керек бола ма?
Еш болмаса, белдесіп,
Шалыспақ керек бола ма?
Еділ тұрып сол жерде:
—Ей, Қара дәу, Қара дәу,
Неге келдің бұл жерге,
Қорқарың бар өлімнен?
Естуші едім сыртыңнан,
Өлімтік жеп семірген.
Ат үстінде алысып,
Найзаменен салысып,
Қылышпенен шабысып,
Жағаласып белдесіп,
Мазақ па саған көрінген!
Маған бері қарағын,
Садағымды аламын.
Қанша батыр болсаң да,
Басыңа қайғы саламын.
Атып сені жықпасам,
Қара жерге тықпасам,
Артымдағы халқыма
Не деп қана барамын!
Атқан оққа жығылсаң,
Басыңды кесіп аламын.
Қара дәу тұрып, ал сонда,
—Батырсынған Еділ ер,
Әуелгі кезек менікі,
Соңғы кезек сенікі.
Садағымды алайын,
Басыңа қайғы салайын.
Кезегімді беріп тұр,
Атып байқап қарайын.
Еділ айтад:—Қара дәу,—
Іздеп келген кім еді?
Мен, сірә, іздеп барғам жоқ,
Соғыспақ болып сенімен
Іздеп келген сен!—деді.—
Өзің келіп тиістің,
Осы айыпты мойныңа ал,
Кезегімді бер,—деді.