Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Асанқайғы (Ілияс Ысқақов нұсқасы) (9-бөлім)

Аңыздық жырлар · Ілияс Ысқақов нұсқасы · 3 мин оқу

Тұлпарға қамшы басты Асан енді,
Кейде аяң, кейде шабыс, кейде желді.
Болғанмен қанша ғашық шыдатсын ба,
Ауылына бірер күнде жетіп келді.

Асықты ата-анасын көргенінше,
Хабарын бастан кешкен бергенінше.
Қайда кетіп қалғанын жан білмейді,
Ел-жұрты аң-таң болды келгенінше.

Далада амандасты тұрған жанға,
Білдірді біреу барып кемпір-шалға.
Өлгеннен де Асанның қайғысымен,
Түсіпті екі сорлы ауыр халға.

Көрген соң елжіреді ата-анасын,
Көзінен тоқтата алмай аққан жасын.
Асанға құры қарап кемсеңдейді,
Төсектен көтере алмай әзер басын.

Көзінен жыласа да жас шықпайды,
Бірде ұғып айтқан сөзін, бірде ұқпайды.
Сөйтсе де ымбалменен ұғындырып,
Жоғалып бірнеше күн кеткен жайды.

Тұра алмай төсегінен жатып алды,
Бірталай екі ауруды күтіп қалды.
Жетсе де қызға айтқан уағдасы,
Кете алмады тірі тастап кемпір-шалды.
Күн сайын халі бітіп нашарланды,
Асанды ескі қайғы қайта шалды.
Ала алмай бойын жиып шал мен кемпір,
Дегенде екі ай жарым дүние салды.

Асан да әлі бітті, қатты жылап,
Есі ауып төсегінде жатты сұлап.
Жұбатып, елі-жұрты көңіл айтып,
Қойыпты ата-анасын таза арулап.

Ауырлық жас басынан талай өтті,
Ойлады қызға берген қатты сертті.
Өтсе де уағдасынан бір жарым ай,
Бір барып қайтайын деп талап етті.

Белгілі Гүлбануға жолғасқаны,
Есте бар уағда беріп, достасқаны.
Басына анасынының келіп тұрып,
Мінеки, өз жерімен қоштасқаны.

Жеріне

—Саятшы Сәбит атанып,
Әкем сайран кешкен жер.
Артында жетім мен қалып,
Кіндігімді кескен жер.
Балдырған қамыс мезгілде,
Басқа ауырлық түскен жер.
Талапты мініп сол күнде,
Талпынып өрге өскен жер.
Жылқының мініп тұлпарын,
Алысқа құлаш ұрған жер.
Қыранның ұстап сұңқарын,
Не қалыңға салған жер.
Жүйріктің ертіп құмайын,
Қалаған аңды алған жер.
Айырып жастың жұбайын,
Қайғыны басқа салған жер.
Қайта айналып келгенше,
Сендер дағы аман бол!

Тауларға

—Биік таулар асқарым,
Сағымданған қоңыр бел.
Орғытып қырдан асқаным,
Мінгенім тұлпар жүйрік жел.
Жүйрік мініп орғытып,
Қырқадан қырға асқаным.
Тастан тасқа орғытып,
Қияңды қырқа басқан бел.
Шытырман гүлің жайқалып,
Салаңнан бұлақ аққан бел.
Жорғадай суы тайпалып,
Қақ жарып аққан өзен-сел.
Қара тұйғын жетелеп,
Қайырып түлкі қуған бел.
Кезеңін тауып төтелеп,
Тұрғыдан тосып тұрған бел.
Кешікпей қайтып келермін,
Оған шейін аман бол!

Көлдерге

—Толқының бұйра шалқар көл,
Бір кезде сенде тұрағым.
Айдының үлкен, суың мол,
Жағалай біткен құрағың
Жайқалады соқса жел.
Жылқының мініп пырағын,
Айнала сайран шапқан көл.
Тұйғынның ұстап қыранын,
Көңіліме суың жаққан көл.
Қаз бенен тырна қиқулап,
Не қыранды салған көл.
Қоңыр дабыл қолға ұстап,
Талайын шүйіп алған көл.
Оралып қайта келгенше,
Шалқар көл, сен де, аман бол!

Кетпекке зиярат қып ата-анасын,
Еске алып жан жүрегі жар-жолдасын.
Айналып үш моланы кете алмады,
Ағызып жүр, тыя алмай көздің жасын.

Кете алмай әрлі-берлі жүрді айналып,
Не қылса бір ниетті жүр ойланып.
Бекітіп көңілін қатты, «қош» деді де,
Кетуге бет түзеді ыңғайланып.

Жерімен, еліменен амандасып,
«Шу!» деді тұлпарына қамшы басып.
От шықты жануардың табанынан,
Лезде неше қырдан кетті асып.

Барам деп ғашығына көңілі лепіп,
Тұлпарын орғытады ентелетіп.
Алыс жер шын жүйріккке болмайды екен,
Бірер күнде кешікпей келді жетіп.
Жар үшін күн-түн қатты ат терлетіп,
Айтысқан уағдалы күн кеткен өтіп.
Ауыл жоқ, жұрты жатыр өзі көрген,
Күзекке мезгілінде көшіп кетіп.

Тағы оқыңыз