Асанқайғы (Ілияс Ысқақов нұсқасы) (2-бөлім)
Аңыздық жырлар · Ілияс Ысқақов нұсқасы · 3 мин оқу
Тауып алды біреуден шалды сұрап,
Шал да қылған сол тауды көптен тұрақ.
Мұнан бұрын көрмеген жас балаға:
—Қайдан жүрген баласың,—деді,—шырақ?
Жөн айта алмай бөгеліп тұрды тоқтап,
Кісі емес бұрын мұндай көрген соқпақ.
Танымайтын кісіден именді ме,
Иә болмаса, тұрды ма әдеп сақтап.
Күтіп тұрды шал дағы біраз шыдап,
Тұрған кісі секілді ішпен сынап.
Өңі жүдеу болғанмен, қияпатын
Шал да тұрды абайлап тым-ақ ұнап.
Шал да қыстап қайта сөз қайырмады,
Сөйтсе де баладан көз айырмады.
Отырғызып бір жерге:—Деміңді ал,—деп,
Алдына бір аяқ ас дайындады.
Тынықты шалдың берген тамағын жеп,
Асанның ойында бар бірталай кеп.
Шал айтты:—Күтемісің, жатамысың?
Рұқсат енді, балам, өзің біл,—деп.
Демін алып азырақ бала жатты,
Шалға жауап қайырып инабатты.
—Ұғынарсыз,—деді да,—осы хаттан,
Алып берді қалтадан аманатты.
Шал алып таң қалды хатты көріп,
Көрген сайын балаға іші еріп.
Екі қабат хатты оқып болғаннан соң,
Бір күрсінді көзіне жасы келіп.
Шал айтты:—Шырағым-ау, Асанбысың?
Сұрады барлық жайын қашанғысын.
Өңі жүдеу болғанмен мінез-құлқын
Ұқсатты әкесіне бала түсін.
Көрген соң хат бетінен Сәбит атын,
Шал дағы тым-ақ салды махаббатын.
—Сәбиттің жалғыз ұлы сен бе едің?—деп,
Сұрай келе баланың білді затын.
Шал түрегеп балаға келді жақын,
Қолын ұстап, мейірі түсіп, қылды рақым.
Сен түгіл басқаның да хақын жемен,
Беремін әкең айтқан аманатын.
Соны айтты да Асанды ертіп алды,
Үй артында бір сайға алып барды.
Сырына бұрын шалдың таныс емес,
Не екенін біле алмай аң-таң қалды.
Берік қып құлып салған темір қақпа,
Тас қорған бәрі берік басқа жақта.
Көрінді тастың іші бір өзгеше,
Ішіне қақпаны ашып кірген шақта.
Ұқсайды тастың іші бау шарбаққа,
Жіберді Асан көзін әрбір жаққа.
Байлаулы бір орында қара тазы,
Ителгі тұғырда отыр бір бұшпақта.
Қарады шал бұрылып Асан жасқа,
«Ие жоқ мыналарға сенен басқа».
Қара мылтық ілулі бар қарақта,
Бір ат тұр елеңдеген қара қасқа.
—Шырағым, мына сөзге құлағың сал,
Балалықпен ұмытпай ұғынып ал.
Мұнан кейін сен мені көре алмассың,
Әкең қойған аманат, міне, өзің ал.
Сәбиттің маған қойған аманаты,
Бірнеше жыл күткенім достық хақы.
Кешікпей енді ал дағы, үйіңе қайт,
Мен сенен сұрамаймын еңбекақы.
Мына үшеуі жандының асылзаты,
Түзу мылтық мергеннің салтанаты.
Өле-өлгенше шығарма өз қолыңнан,
Балалықпен айырылып қалма қапы.
Әкеңнің көп тапсырып айтқан дәті,
Мінеки, бүгін болды мұның сәті.
Шал байғұс ынтасымен бата берді:
«Құтты болсын өзіңе мұның арты!»
Қара атқа Асан ерттеп мініп алды,
Тазы мен ителгіні қолына алды.
Мылтықты мойнына асып жөнелгенде,
Шал да тұрып артынан қатты ұнады.
Асан да жігіт еді ер сымбатты,
Әдепті, әрі ойлы, инабатты.
Қарасы үзілгенше көзі қимай,
Шал дағы қозғалмастан тұрып қапты.
Шалменен қош айтысып ол жөнелді,
Кейде аяң, кейде шауып, кейде желді.
Бір апталық жол жүріп жеткен жерден
Күн батпай-ақ аулына жетіп келді.
Алдынан анасы да шықты жылап,
Жалғызын көргенінше азар шыдап.
«Қорыққан мен қуанған бірдей» деген,
Отырды көңілі тынып, жайын сұрап.
Бұл жұмыс жұртқа әшкере болып қалды,
Көрмекке естігендер жетіп барды.
Данышпан, тапқырлықпен ерте ойлаған
Сәбиттің бұл ісіне қайран қалды.
Көрінді іс болғандай дос сүйіну,
Ежелден көре алмайтын қас күйіну.
Жақсы-жаман болса да мұндай іске
Әуелден бір әдет қой жұрт жиылу.
Асан да мылтық атып болды мерген,
Құсбегілік, аң жайын жақсы білген.
Әкесінен артық деп шамалайды,
Сәбиттің замандасы көзі көрген.