Асанқайғы (Ілияс Ысқақов нұсқасы) (28-бөлім)
Аңыздық жырлар · Ілияс Ысқақов нұсқасы · 3 мин оқу
Күндіз жүрсе, көп ойды ойланады,
Түнде жатса, мың түрлі толғанады.
Сырты сау болғанменен, іші дертті,
Бір суынып, бір қызып, бір жанады.
Кім екен сол ертекті айтқан кісі,
Көрер ме еді қандай екен оның түсі.
Кей уақытта қуанышты үмітпенен,
«Асанның өзі ме?» деп ойлайды іші.
Күн сайын жүдей берді, қайғы жеңіп,
Қуаты да азайды, нұры кеміп.
Күндіз-түні төсекте жата берді,
Ішпейді тамақты да мейірленіп.
Сыртқы адам біле алмайды оның сырын,
Бір әжім шалды жүзін, алды нұрын.
Нағашы жеңгесі де қолындағы
Сезуші еді сөзінен күні бұрын.
Нағашысы байқады жүдегенін,
Күн сайын ауруының үдегенін.
«Ауру ма, ата-анасын сағынды ма,
Табамын не болса да тілегенін».
Түмен батыр айтқан соң бәйбішеге,
—Қарағым, жүдеп кеттің мұнша неге?
Ауру болсаң дәрігерге қаратайық,
Болмаса мұқтажбысың бірдеңеге?
Көңілге алған нәрсеңді тартынбай айт,
Тілегіңді бермейді екем деме.
Бір сен үшін нағашың жанын қияр,
Олар тірі тұрғанда, еш қам жеме.
Сездірген бұрын сырын жеңгесіне,
Ниетін ерте түскен кеудесіне.
Неше рет түйдірген ойдағысын,
Сыр ашып айтпаса да өзгесіне.
—Сырым жоқ бұрын менің ашылмаған,
Жайым ғой қалай жүрген айтқам саған.
Қайғының ертегісін естіген соң,
Қосылды қайғы үстіне қайғы жаман.
Тайсалтуға болады тап келген соң,
Махаббат басым екен ұялғаннан.
Асанды тірі күнде бір көрмесем,
Күтпеймін басқа үміт бұл жалғаннан.
Өзі айтты ма, өзгеден үйренді ме,
Естісем ауызба-ауыз сол адамнан.
Мен секілді зарлы ма, иә мен бе?
Ұқсайды осы ертектің сыры маған...
Банудың осы болды жауап сөзі,
Мөлдіреп жасқа толды екі көзі.
Бір қызарып, қуарып, сұрғылт тартып,
Неше алуан құбылды нұрлы жүзі.
Бәйбіше айтты батырға бастан-аяқ,
Бірін де қалдырмады некен-саяқ.
Өлімнен де қаупі бар дегеннен соң,
Елжіреп ер жүрегі кетті аяп.
Тиген соң құлағына мына бір сөз,
Күлікті өз қасына алдырды тез.
Не қылсаң да Қайғыны тауып әкел,
Жер үстінде бар болса болар бір кез.
Қасына сегіз жігіт жолдас қосып,
Жабдығын дайындады жиып ілез.
Ағынды, аңғал батыр тоқтасын ба,
Ақкөңіл, саудыраған бала мінез.
Күліктің ер Түменнен ақылы артық,
Жіберді бір жұмысты мойнына артып.
«Қолға түссе кешікпей жетермін» деп,
Жөнелді сауық салып, шеру тартып,
Қарумен сайлап алған баптап атты,
Тоқтамай, дамылдамай күн-түн қатты.
Көрген жандар түрінен қаймығады,
Айбатты батыр еді салтанатты.
Бұрында неше келген ат терлетіп,
Қамы үшін жиенінің ерлік етіп.
Апа менен жездесін көрейін деп,
Ауылына Жаманқұлдың келді жетіп.
Шал-кемпір қуанады келгеніне,
Бірталай болып еді көргеніне.
Кәріліктің үстіне қайғы басып,
Өлім-әсер кіргендей өңдеріне.
Жүрісінен оларға сыр айтпайды,
Әжім салып көңілін мұңайтпайды.
«Жаз шыққан соң іздесек, табамыз» деп,
Уатып шал-кемпірді жылатпайды.
—Осы елде жігіт бар ма Қайғы деген,
Қайғы деп оның атын қойды неден?
Маңайда болса маған шақырып бер,
Тұрағын оның ешкім біле ме екен?
—Осында жүруші еді келіп-кетіп,
Ел ішінде қыдырып күнелтіп.
Сырты көзге жабайы болғанымен,
Сөйлер сөзге тым шебер аузы жетік.
Сыр бермей еш адамға жүреді екен,
Істің бетін жансыздап біледі екен.
Мергенге теке атқан жер ыстық деген,
Орнына Гүлбанудың келеді екен.
Астына арық түйе мінеді екен,
Үстіне жыртық шекпен киеді екен.
Біреу барып, шақырып алып келді,
Өзгелер мазақ қылып күледі екен.
Батырға сәлем берді үйге кіріп,
«Осы ма—деді,—Қайғы Күлік көріп?»
«Осы жігіт» деген соң үйдегілер,
Қатарға отырғызды орын беріп.