Асанқайғы (Ілияс Ысқақов нұсқасы) (29-бөлім)
Аңыздық жырлар · Ілияс Ысқақов нұсқасы · 3 мин оқу
Өңі жүдеу, сырты да көзге қораш,
Сиықсызда сын бар ма деген рас.
Жүрісінен, сөзінен, мінезінен,
Байқағанға жайнап тұр бір асыл тас.
—Өнерің қолдан келер бар ма білген,
Жас адамға ұнамас текке жүрген.
Баға алсаң түйемізді жайғызайық,
Түйе жайын біледі түйе мінген.
Қайғы да «құп» деп қалды «бағайын» деп,
Мал бағып, табыс, пайда табайын деп.
Өзі дағы бармаққа құмар еді,
«Сәтінен кез болған соң, барайын»,—деп.
Мақсаты пайда үшін бармақ емес,
Ойлағаны: «Сол жақты шалайын,—деп.
Бірге бағып, көзінен таса қылмай,
Желмаясын семіртіп алайын,—деп.
Күйленіп, азық-түлік жинап алып,
Бір кезіп дүниені қарайын,—деп.
Жарыма жалғыз ауыз сертім үшін
Жанымды жанған отқа салайын,—деп.
Табылмаса жалғаннан күдер үзіп,
Өртеніп біржолата жанайын»,—деп.
Ойда жоқ жалғыз жүріп пайда таппақ,
Малын бағып, болмаса байға жақпақ.
Жаз шыққан соң іздейді дегенді естіп,
Бірге іздесіп Банудан хабар таппақ.
Бақпақ болып уәдесін берді қатты,
Түйесімен келеді, мінбейді атты.
Мал бақтырам дегенін сылтауратып,
Қайғыны Күлік батыр алып қайтты.
Барған соң кешікпей-ақ тауып келді,
Нәр барын аржағында танып келді.
Күлік батыр жүрістің жөнін тауып,
Керегін ағасының тауып берді.
Ішінде көп қонақтың бір түйелі,
Мәлім емес ешкімге оның жөні.
Қонақ кәде дейтұғын әдетімен,
Айт дейді қонақтарға бір ертегі.
Ертекқұмар сол үйге болды жиын,
Үй иесі берген соң қонақ сыйын.
Көсіліп ешбіреуі айта алмады,
Жүрексізге сөз бастау қандай қиын.
Адамға түк білмеудің өзі намыс,
Жақсы әңгіме болады көпке таныс.
«Қайғы ертегін білетін кісі бар ма?»—
Деп қойды біреу тұрып құлақ-қағыс.
Саяхаттың ертегісі болған аңыз,
Оны жақсы білетін Қайғы нағыз.
Осы сөзге келгенде ыршып тұрды,
Ішінде шымылдықтың жатқан бір қыз.
Бір түрге сонда дүние өзгергендей,
Алыс үміт алдына тез келгендей.
Үміт пе, қуаныш па, қорқыныш па,
Әйтеуір бір мақсатқа кез келгендей.
Аспанның жымыңдаған жұлдызындай,
Ғашықтың бір сәулесі көрінгендей.
Қозғалды тебіреніп жатқан дене,
Қайғының топырағына көмілгендей.
Қол-аяғы икемге азар келді,
Дарына махаббаттың керілгендей.
Секілді айналасы жайнаған нұр,
Інжу-маржан шашуға төгілгендей.
Сүйегіне сіңісті ауыр сырқат,
Дәру тауып бойынан сергілгендей.
Тән ауру ма, ойы ма, жан ауру ма,
Денеге болды тынысы жеңілгендей.
Қайғы деген жігіттен көз алмайды,
Тереңге, шыңға шығып телміргендей.
Сондағы көрген өңі, сырт бейнесі
Бүгінгіге толықты сенім бермей.
Көзіне көзі түссе, тым өзгеше,
Жайнап тұр жүрек сыры сезілгендей.
Алыс ой, ұзақ үміт оралғанша,
Махаббат сыр беріп тұр сенілгендей.
Сол үйге талай қонақ қонып отыр,
Әңгіме үшін жиналған толып отыр.
«Саяхаттың ертегін айтып бер» деп,
Қайғыға жалынышты болып отыр.
Қайғы шалған секілді өңі сарғылт,
Қыз бейнесі көңілді болып отыр.
Көзінің құйрығымен көп қарайды,
Әлденеге ойында жорып отыр.
Бір минутте қозғалып неше қиял,
Ойдан орап қияны шолып отыр.
Қарақаттай қадалған қара көзі
Ақылын ұрлайын деп торып отыр.
«Ой бөлініп жаңылып кетем бе»,—деп,
Сақтықпен өзін-өзі қорып отыр.
Мүдіртпей не өзгертпей әңгімесін,
Әсерлетіп, екпіндеп соғып отыр.
Еріксіз көптің бойын билеп алды,
Тіпті ұғымсыз болмаса көңілі соқыр.
Қуанышы қысқа, мұңы көп әңгіменің,
Аяғында бірталай жорық отыр.
Сөйлеуге де ауызы келмей қалды,
Қызды іздеп кез келгенде жүрген топыр.
Жан ала ма, әңгіме жар бере ме,
Оқушы осы арасын ұғып отыр.
Ышқынып біразырақ демін алып,
Кеткендей бір нәрсеге қатты налып.
«Тапқанын, таппағанын білмеймін»,—деп,
Есеңгіреп кетіпті естен танып.