Асанқайғы (Ілияс Ысқақов нұсқасы) (10-бөлім)
Аңыздық жырлар · Ілияс Ысқақов нұсқасы · 3 мин оқу
Жоқ екен ол арада ешбір адам,
Қалмаған жан-жануар қыбырлаған.
«Егерде көшсе, қайда барады?» деп,
Асан да Гүлбанудан сұрамаған.
Шықты да бір биікке тұрды қарап,
Суретін жаралыстың тамашалап.
Жүйрік ой дүние жүзін аралады,
Көңілге неше қиял келді анталап.
Қыстығып, қапаланып тұрды аңырып,
Дыбыстаса тас сөйлеп тұр жаңғырып.
Өткен іс көрген түстей күңгірт тартып,
Денесі тұр табжылмай ой қаңғырып.
«Ұмытпасам осы ара емес пе еді,
Өзі болса Гүлбану келмес пе еді».
Сондағы бірге жүріп сөйлескені
Ойына, көз алдына елестеді.
Сөйлесіп жалғыз өзі тау, жартасқа,
Тілдесер ешнәрсе жоқ сенен басқа.
«Жүрегің қатып қалған кәрі жартас,
Бекінгенсің уайым ойламасқа.
Тұрасың бедірейіп, тіл қатпайсың,
Мен сөйлесем, сөйлейсің тыңдатпайсың.
Мен тек тұрсам сен де тек аңырайып,
Банудың кеткен жағын неге айтпайсың?
Таң атса, жарық күнмен нұрланасың,
Күн батса, көлеңкеңмен сұрланасың.
Тұрғанмен ешбір жанға жауап қатпай,
Түн бойы қабақ түсіп мұңланасың.
Бұраңдап сылдырайсың аққан бұлақ,
Өтірік күлімдейсің мені сынап.
Көңілді қайырмайтын жайдары-ақсың,
Сүйтсе де тұра алмайсың ақпай шыдап.
Ағасың күні-түні қылмай тұрақ,
Дымыңнан нәр алып тұр гүл мен құрақ.
Айтпайсың, күлімдейсің сықақ қылып,
Мен тұрсам Гүлбануды сенен сұрап».
Көрінді көз ұшында бір шалқар көл,
Желменен толқындаған суы да мол.
Кешегі Гүлбанудың кеткен жағын
Сұрасам, біле ме екен, жаным-ау, сол.
«Шалқар көл тілегімді беремісің,
Мазақтап сен де мені күлемісің.
Хабар бер, мен жолаушы жоқ жоғалтқан,
Банудың кеткен жағын білемісің?!
Саяңда талай жәндік сағалаған,
Қаз, тырна хабаршың бар жағалаған.
«Тез келмей, уағдаңнан кеш қалдың» деп,
Ұқсайсың сен де мені табалаған».
Торықты тау мен тас та тіл қата алмай,
Шалқар көл, аққан бұлақ жұбата алмай.
Затына жаралыстың назын айтты,
Жүйрік ой, өткір тілін тоқтата алмай.
Тауларға
—Мақтанасың биік тау,
Сұлумын деп өзгеше.
Құр зорлықтан не пайда,
Панаңа ешкім келмесе.
Гүл-шешек шашқан саяңнан
Миуаңды ешкім термесе.
Сайраған бұлбұл ғашық боп,
Гүліңді жарған көрмесе.
Еңбегі күшті ерлерге,
Астынан кенін бермесе,
Уағдаласқан ғашық жар
Белгі қып саған келмесе,
Ондай таудан не пайда?!
Өзендерге
—Сарқырап аққан өзен су,
Өзіңді тым-ақ мақтайсың,
Ол мақтаннан не пайда?
Жағалай құрақ болмаса.
Айнала біткен көк орай
Жағалап ел қонбаса.
Пайдалы жанға тәтті су
Арнасына толмаса.
Ерлер мінген тұлпарлар
Тұнығына қанбаса.
Жағалай жүріп сайрандап,
Жарынан хабар алмаса.
Кездеспек жарға белгі боп,
Айтысқан сөзден танбаса,
Өзен-су сенен не пайда?!
Көлдерге
—Айдының үлкен шалқар көл,
Күні-түні шалқисың.
Көрмекпіз одан не пайда,
Қаз, тырна жайлап қонбаса.
Соққан желмен жайқалған
Балдырған қамыс болмаса.
Көк дауылпаз қолға алып,
Зырқыратып тұлпарын,
Саятшылар салмаса.
Дабылдатып сұңқарын,
Қаз, үйрек, қуын алмаса,
Ондай көлден не пайда?!
Шөл дала
—Сағымданған құба бел,
Көз жетпес дүние дала жер.
Ай жүрсем жетпес шетіне,
Құлашын жайған мидай шөл,
Қайысқан елің болмаса.
Көсілген кең салаңда
Жайылған малың болмаса.
Сахаралы сары жайлау
Құлан киік болмаса.
Жүйрік мініп, қыранмен
Төтелеп мерген қумаса,
Ондай жерден не пайда?!
Өзіне арнап айтқаны
—Сайрандап сені жайлаған,
Кермеге жүйрік байлаған,
Ел еркесі ерке өскен,
Жайраңдап жастар жайнаған,
Ел үшін еңбек сіңіріп,
Халқынан ер ұл тумаса,
Жанын қиып жұрт үшін,
Егескен жауын қумаса,
Сары қарын жас бала
Қамы үшін жанын қимаса,
Үлкен аға, кіші іні
Береке қылып тұрмаса,
Кәріп, кәсер, момынға
Жаны ашып мойнын бұрмаса,
Ондай ұлдан не пайда?!