Асанқайғы (Ілияс Ысқақов нұсқасы) (23-бөлім)
Аңыздық жырлар · Ілияс Ысқақов нұсқасы · 3 мин оқу
Іздеп келген жұмысы сол болған соң,
Жасырсын ба, майдалап айтады ептеп.
Күйеу келді ілуге той мал айдап ұрын,
Ескі қазақ салтында ол бір ырым.
Махаббаты күйеуді сүймеген соң,
Жоқ болды ешкімге айтпай Бану сырын.
Бүйтеді деп ойламаған оны бұрын,
Болмады айтпауыма сөздің шынын.
Жас болса да ақылға артық еді,
Данышпан, ойы зерек ұрғашының.
Адам жоқ Гүлбанудың сырын сезген,
Өмірден махаббатсыз мүлде безген.
Өлді ме, не болмаса тірі жүр ме,
Ешкім жоқ ол арасын көрген көзбен.
Малын алып айырылды Сейіп бізден,
Сабылып іздеп жүрді жапан түзден.
Кетудің жолын тапқан ақылменен,
Табылсын ба, талығып күдер үзген.
Елік белі, есерге ар бола ма,
Су мүйіз бұқадай-ақ тамды сүзген.
Ал енді ел жайлаудан келгеннен соң,
Жоқтығын Гүлбанудың көргеннен соң,
Алдына шал-кемпірдің келді бәрі,
Қия ма туысы бірге болғаннан соң.
Жаманқұл еліне айтты өкпе, зарын:
—Бір шалды отқа тастап кеттің бәрің.
Дүниенің енді маған керегі жоқ,
Алыңдар бөліп-бөліп, міне, малың.
Айырылып жалғызымнан кетті сәнім,
Сағынып Бануымды күйді жаным.
Айтатын, елім, саған мұңым мынау,
Тауып бер тым болмаса өлсе тәнін.
Ел жиылды «Бануды іздейік» деп,
«Өлді—деп босқа күдер үзбейік деп.
Бір ауыз сырын білер жан бар ма екен,
Далаға құр қаңғып кезбейік» деп.
Бір жігіт Қален деген үйге кіріп,
Бір ауыз сырын айтты көпке келіп:
—Асан деген жігітке ғашық еді,
Жүруші еді ынтасын соған беріп.
Мұндай сөз сезілмеген бұған шейін,
Шал ойына кемпірмен келді бейім.
Бір әйел көргендігін тағы да айтты,
Қаленнің көргенінен бір жыл кейін.
Онан кейін еш адам көрген емес,
Гүлбанудың жанға сырын берген емес.
Ел жатыр енді Асанды іздемек боп,
Тигеннен соң осы сөз құлаққа елес.
Бұл хабар көптен болған жұртқа таныс,
Байқасақ Асан жері тым-ақ алыс!
Қыс боп қалды, екі ара қорқынышты,
Сол жері шаруаға келді шалыс.
Сырға шейін тағы да жалпақ үйсін,
Сақтандық қыла ма деп жанжал шабыс.
Жау таяғы өтейін дегеннен соң,
Қоңыраттар жіберді қылып намыс.
Жұмысым осы менің сізге келген,
Кісі едің қоңыратта сіз бір арыс.
Талдап айтып бітірдік қонақ сөзін,
Түменнің білуші еді ол мінезін.
Кеткенде ашу кернеп тұла бойын,
Қан басып кетуші еді екі көзін.
Азырақ сөз басылып болды жым-жырт,
Бір тыншу үй ішіне түсті күңгірт.
Шаншылып екі мұрты, қас түнеріп,
Шырайын ішке салып, тартты сұрғылт.
Садақ пенен найзаға қойды қарап,
Саусағын шытырлатып кезек тарап.
Өлгендей ұрыспай-ақ жүрексіздер,
Сол бейнемен ақырса көзін қадап.
Жараған қарт бурадай тісін қайрап,
От болып арыстандай көзі жайнап.
Жауы кеп көз алдында тұрмаған соң,
Ерлікпен өз ашуын алды койлап.
Қаранып жан-жағына, бір тамсанып,
Сыртқы ызғарын ішіне тартып алып.
Шын батыр артық сөз сөйлемейді,
Үндемей төсегіне жатты барып.
Көтермей қайта басын бір жатқан соң,
Ақыл жеңіп ашуды таратқан соң,
Кісіні не туралы жібергенін,
Күлікке барып айтты таң атқан соң.
Күлік, Түмен Банудың нағашысы,
Үйсіннің батпаған жоқ оған да ісі.
Барармыз айға шейін тірі болсақ,
Деген соң қайтып кетті келген кісі.
...Он бес кісі жолдас қып Түмен батыр,
Далаға салтанатты тікті шатыр.
Асынған қару-жарақ бір топ кісі,
Ауылына Жаманқұлдың келе жатыр.
Ешкімнен именбейді, өзі мықты,
Дұшпанын қарсыласқан жерге тықты.
Түмен батыр екенін білгеннен соң,
Алдынан кәрі апасы жылап шықты.
Бауыры апасымен құшақтасып,
Қарап тұр жиылғандар анталасып.
Әйелдің әдеті ғой бұрынғыдан,
Бар мұңын айтатұғын жырға қосып.