Асанқайғы (Ілияс Ысқақов нұсқасы) (24-бөлім)
Аңыздық жырлар · Ілияс Ысқақов нұсқасы · 3 мин оқу
Талайдан бауырларын көрмегенін,
Олардың да біреуі келмегенін.
Өлі-тірі екенін кемпір-шалдың,
Жақын тұтып хабарын білмегенін.
Барлық мұңын айтады онан кейін,
Басынан Түмен келген күнге шейін.
«Хал-жайы сорлы апаңның осы болды,
Қарағым, енді саған мен не дейін».
Қайғыменен көңілі қалған жасып,
Өксігенін тоқтатты азар басып.
Түмен батыр келген соң елдің бәрі,
Қошаметпен кеп жатыр амандасып.
Құрметпен сауық салып салтанатты,
Үйінде жездесінің бір ай жатты.
Сөз мәнісін білетін шешендері
Баяндап бастан-аяқ батырға айтты.
Беруге батыр жауап асықпайды,
Көңілін шал-кемпірдің жасытпайды.
«Табам,—деп,—жер үстінде тірі жүрсе»,
Үмітпенен жұбатып, шошытпайды.
Шыдамды, аузы берік, сабырлы ма,
Елден асқан қайраткер, қажырлы ма.
Тіс жарып еш адамға сөйлемейді,
Гүлбану әлде бұрын табылды ма?!
Іздеуге ат терлетіп ерінді ме,
Бір жерден бір белгісі көрінді ме.
Кемпірді «табамын» деп қуантады,
Өз бойына, өз күші сенімді ме?
Ешкімге батыр ашып сыр бермейді,
Ойлағаны не екенін жан білмейді.
Еліне Түмен батыр қайтам десе,
Зар тұтып кемпір жылап жібермейді.
Астына арық құба түйе мінген,
Жыртық жең, кірлі жаға киім киген.
Бақсы ма, дуана ма, қайыршы ма,
Не болмаса қонақ па кешке келген?
Сыртында ескі шекпен түйе жүні,
Кісі деп елеген жоқ түйеліні.
Түйесін байлап қойып қарап тұрды,
Айтпайды «үйге кір» деп ешкім мұны.
Жиылған байдың аулы бір көп кісі,
Жағалай толған қонақ үйдің іші,
Қонақ жоқта келсеші «қаңғырған» деп,
Білінді бәйбішенің реніші.
Бір қарап байдың дағы түсті көзі,
Жас жігіт жүдеу тартқан оның өзі.
Сүйек-саяқ, сорпа-су берерсің деп,
Есіркеп байдың айтқан сол-ақ сөзі.
Тоқтады бай сөзіне қабақ шытып,
Жатырмыз бірталайдан қонақ күтіп.
Бұрын көрген кісі емес танымайды,
Кетпесе шал мен кемпір мүлдем ұмытып.
Қонған жоқ бұл ауылға мұнан бұрын,
Ойлайды диуана деп сыртқы түрін.
Қайыршы ма, қайғылы сәркардан ба,
Әйтеуір ұға алмайды ешкім сырын.
Жиырмалап үй ішінде қонақ жатыр,
Құрметтісі ішінде Түмен батыр.
Бәрінің де өз саны лайықты,
Түйеліде киім жоқ іске татыр.
Ақылы үйлеспейді басқа жанға,
Ашылып сөйлеспейді еш адамға.
Түйіні шешілмеген ауыр жұмбақ,
Бір сыр бар-ау тегінде байқағанға.
Шам жаққан соң қонақтар сауық салды,
Біреуі қолдарына домбыра алды.
Екеу-екеу қосылысып бозбалалар,
Түрлентіп сорғалатты бұлбұл әнді.
Шырқаған әсерлі үн көкке шықты,
Аспан жарып, шың кезіп орағытты.
Кейде ащы, кейде қоңыр, кейде нәзік,
Құбылтып неше алуан құйқылжытты.
Мың толғаулы бұлбұлдың әуезіндей
Баяулатып аяғын тамылжытты.
Құлақ керіп, ой кеңіп, бой шымырлап,
Еріксіз естігенде жанды ертті.
Үйсіз, отсыз болмаса іш қараңғы,
Жанды адамның көңілі бір селт етті.
Күлмейді, сөйлемейді, орнын таппай,
Күткендей келешектен бір үмітті.
Өзінен басқа адам шеше алмайды,
Ойы не, үміті не, нені күтті.
Кейбіреу қоңыр салқын күйге шертіп,
Қозғады жүрек қанын ойды еліртіп.
Жалын сөніп қалмаса қан суалып,
Оятқандай ұйқыдан жан тербетіп.
Тоғыз перне, екі ішек, он саусақтан
Шыққан үн бойды алғандай елжіретіп.
Толқынын тамылжытып сорғалатса,
Алар ед тас болса да бойын ерітіп.
Оларға жалғыз қонақ елікпейді,
Секілді түпсіз ойды тұрған күтіп.
Әнге салды, күй тартты білгендері,
Тыңдасты ермек үшін үлкендері.
Қонаққа шеткі отырған домбырасын
Ұсынды басылған соң күлгендері.
—Ән салу, күйге шерту білемісің?
Білмесең, тамақ үшін жүремісің?
Қонақ кәде дейтұғын әдетіміз,
Айта алмасаң осыған көнемісің?