Асанқайғы (Ілияс Ысқақов нұсқасы) (4-бөлім)
Аңыздық жырлар · Ілияс Ысқақов нұсқасы · 3 мин оқу
Шал айтты:—Мен бір кәрі адам,—деді,
Ұмытпасам көргенім жоқ, балам,—деді.
Айып етпе, шырағым, білмек үшін,
Кім болады атаң мен анаң?—деді.
Аңшылыққа ұқсайды сенің түрің,
Бұл жерге келіп пе едің мұнан бұрын?
Балықшыдан басқалар мұнда келмес,
Атың кім, қайдан болар тұрған жерің?
Бала айтты:—Сұрасаңыз, атым—Асан,
Әкем өлген жетіммін әлдеқашан.
Әкемізді «Саятшы Сәбит» дейді,
Ақсақал:—Мен айтайын алдамасаң.
Әкең Сәбит, өз атың болса Асан,
Естіп едім қалды деп сені жасаң.
Айтқан сөзің шын болса, үйіме жүр,
Бір шалды келемеждеп алдамасаң.
—Ата, мен мазақ қылып алдамаймын,
Бір ауыз өтірік сөз жалғамаймын.
Мейманмын, барып қонар танысым жоқ,
Барыңа ырза боламын, таңдамаймын.
Шал жөнелді үйіне бетін бұрып,
Асан да келе жатыр қасына еріп.
Балағанның сыртына атын байлап,
Шалмен бірге отырды үйге кіріп.
Айнала қамыс-қорған опыр-топыр,
Төр алды ескі киіз қоқыр-соқыр.
Үсті жүдеу болғанмен, өңі нұрлы,
Бойжеткен от басында бір қыз отыр.
Асан да амандасты қызға қарап,
Көзінің қиырымен жанамалап.
Шүкірлік дейді дағы ибаменен,
Көрмеген жас жігітті тамашалап.
Асан жас ұнап отыр қыз келбетін,
Қалбақтап көрсетіп жүр шал да ниетін.
Дайындап қонақасы құрмет қылып,
Бір табақ әкеп қойды балық етін.
Тынығып тойып алды тамақ ішіп,
Қыздың да отыр Асанға көзі түсіп.
Ас артынан қол жайды бата сұрап,
«Қонақсың ғой, болсаң да жасың кіші».
Астан кейін жатуға даярланды,
Қонаққа ат қасынан төсек салды.
Күні бойы ат қағып шаршап қалған,
Тыныққан соң тырп етпей ұйықтап қалды.
Ерте тұрып шал кетті кәсібіне,
Қармағын, ауын салып жәшігіне.
Шай мезгілі болғанда үйге келді,
Ілінгенін алды да нәсібіне.
Жуынып қонақ бала қолы-басын,
Ішіп-жеп болғаннан соң берген асын.
—Бұйымтайың бар болса айт, шырағым?
Жүрем десең, әнеки, жолың болсын!
—Ата, мен жол көрмеген жас баламын,
Ұялсам сыбағамнан бос қаламын.
Ішімде анам айтқан бір сырым бар,
Туралап сізге айтуға жасқанамын.
Мұнымды жатқа айтуға жасқанамын,
Көңілімді айтпай қайтып тия аламын.
Сүйенер жан, сүйісер жарым да жоқ,
Сондықтан мен бір жүрген дуанамын.
Соны айтып бір қуарып, бір қызарып,
Мына сөз шал сүйегін кетті жарып.
Азырақ төмен қарап ойға түсіп,
Бала сөзін байқады шал да аңғарып.
Шал айтты:—Жасым келді жетпіс беске,
Жастықты айтсам, бар мұңым түседі еске.
Сөзің батты, шырағым, шымбайыма,
Болмады енді шыдап сөйлемеске.
Әкеңмен неше жылдай болдым жолдас,
Досына қалт ойлаған адам оңбас.
Емеспін бұрыннан да екі сөзді,
Сырымды айтпауыма енді болмас.
Шырағым, бұрын сені көргенім жоқ,
Естуші ем, хал-жайыңды білгенім жоқ.
Сәбит өзі өлгенмен, уағдасы өлмес,
Көңілімді бөтен жаққа бөлгенім жоқ.
Баламды сұраған көп, бергенім жоқ,
Сөзіне басқа жанның ергенім жоқ.
Дүние үшін ешкімге бас ұрмаймын,
Азғырған, алдағанға көнгенім жоқ.
Сөзіме құлақ салсаң, енді, балам,
Шартым бар айтатұғын, жаным, саған.
Бұзбаймын уағдамды, мен беремін,
«Алдайды» деп, шырағым, болма алаң.
Біз қартайған адамбыз кемпір мен шал,
Шырағым, бұл сөзімді ойыңа сал.
Шешеңменен ақылдас жылдам барып,
Ұнасаңдар осы айтқан ақылымды ал.
Арамыз алыс емес бірер-ақ бел,
Бұл жақта да тұрады бірталай ел.
Тауы жақын аңшыға аңы да көп,
Шырағым, тілімді алсаң, осында кел.
Мен ешқайда бұл жерден бара алмаймын,
Осыдан жайлы қоныс таба алмаймын.
Көз алдымда тұрмасаң екі балам,
Сендерді тағы көрмей тұра алмаймын.
Шал айтып бітірген соң барлық жайын,
Аңғарып сөз мәнісін қылды пайым.
Бала да шешесіне қайтпақ болды,
Бітіріп іздеп келген бұйымтайын.