Асанқайғы (Ілияс Ысқақов нұсқасы) (1-бөлім)
Аңыздық жырлар · Ілияс Ысқақов нұсқасы · 3 мин оқу
Айтпақшы ойдағысын бір қария,
Болама айтпаған соң сөз жария.
Болыпты бір саятшы Сәбит деген,
Бойында атағы зор Сырдария.
Кісі екен ақпейілді, жүзі ашық,
Жасынан аңшылықты қылған кәсіп.
Мергендік, ит жүгірту, құс салуға,
Еш адам оза алмаған одан асып.
Жүруші ед аңшылықты қылып кәсіп,
Талаппен әр нәрсеге араласып.
Басқа тапшы болса да, малға жарлы,
Жүрмеген төменшіктеп көңілі жасып.
Атағы мергендікпен кеткен асып,
Бай болмаса, мал үшін жүрмес сасып.
Елудің шамасына келген шақта,
Бақытына бір ұл бала болды нәсіп.
Қуанып тойын қылды барын шашып,
Көңілге қуаныш кірді тасып.
«Асан» деп баласының атын қойды,
Сәбит пен бәйбішенің ақылы асып.
Жеткендей мақсатына ер тілегі,
Езіліп елжірейді жан жүрегі.
Өмірінің барлығын жұмсамақшы,
Асан үшін ойы сол көңіліндегі.
Асан да бек келбетті көрер көзге,
Сәбиттің баласы жоқ онан өзге.
Ажал жетіп ер Сәбит дүние салды,
Алпыстың шамасына келген кезде.
Сол кезде он жасына келген Асан,
Аз да болса тәрбие көрген Асан.
Жетімдік пен жесірлік басқа түсіп,
Қата алмай бұғанасы қалған жасаң.
Ол кезде кім қорғайды ондай жанды,
Көрем деп ойлаған жоқ мұндай халды.
Малы да жоқ, тірлік етер халы да жоқ,
Жүдеді, шаруа, тұрмыс нашарланды.
Ағайын да, дос та көп кеңшілікте,
Басқа іс түссе, кім алар теңшілікке?
Туысқаны, дос-жараны бәрі қашты,
Түскен соң жетім-жесір кемшілікке.
Сол өмірмен бес-алты жылдар өтті,
Асан бала он алты жасқа жетті.
Мінерге ат, жарақ-сайман болмаса да,
Тағы да аң аулауға талап етті.
Елінде маңайында аңшы да көп,
Бос жүргісі келмейді Асан да тек.
Шешесінің айтқаны ойында бар,
Сәбитті айтушы еді «саятшы» деп.
Асаннан айықпайды жетімдік кек,
Отырды жабырқанып үйіне кеп.
Шешесі қасына кеп сөз сұрады:
—Қарағым, біреу саған тиді ме?—деп.
Асан отыр мұңайып жабырқап бек,
Анасы жүр бейшара уайым жеп.
—Мінерге ат, ұстауыма мылтығым жоқ,—
Деп күрсініп отырды,—қайтемін?—деп.
Анасы сол мезгілде ойға түсті,
Бір әсер білінгендей тым-ақ күшті.
—Шырағым, айтатұғын бір сырым бар,
Талап қып ойыңа алсаң мұндай істі.
Сандықтан орап салған алды бір хат,
Асанға бұл бір ғажап көрінді жат.
«Көрсетпей ешбір жанға, тығып қой» деп,
Тапсырған әкең маған бір аманат.
«Өзің де қағазды ашып көрме деген,
Ержетпей Асанға да берме деген.
Ой-санасы өскенше жалғызыңның,
Және де біреуге айтып жүрме деген.
Білерлік өзі өлмес халға жетсе,
Ұмтылып бір нәрсеге талап етсе,
Сонда бер осы хатты өз қолына,
Болады арты өкініш жатқа кетсе».
Бар деген бәлен жерде бір ақсақал,
Шырағым, мына хатты қалтаңа сал.
Әкеңмен әрі жолдас, әрі достас,
Ешкімге сырыңды айтпай сен соған бар.
Бұл хатты сол кісіге берсін деген,
Сөзіне сол адамның ерсін деген.
Жөнін айтса, көрсетер шын достығын,
Ақылымен сол адамның болсын деген.
Аты еді сол кісінің Әбусадық,
Әкеңнің осылай деп айтуы анық.
Таймайтын уағдасынан адам еді,
Шын дос еді, басқа сөз айтпас танып.
Тапсырғам сол кісіге төрт аманат,
Бір ителгі, бір тазы, бір жүйрік ат,
Бір мылтық және тағы қойдым арнап,
Берерсіз деп Асанға болса қажат.
Қағазды Асан сонда қолына алды,
Түспестей қып қалтаға мықтап салды.
Атын-жөнін, жобасын әбден сұрап,
Жас бала жалғыз жаяу кетіп қалды.
Анасы жалғыздығын уайым етті,
Арада бірнеше күн мезгіл өтті.
Тұспалдап жолыққаннан жөнін сұрап,
Ауылына Садық шалдың барып жетті.
Сол тауды мекен еткен бірталай ел,
Сайында аққан бұлақ, шалқыған көл.
Сайранда саятшының бәрі сонда,
Оған орай жерінің аңы да мол.
Жас бала тамашалы жерді көріп,
Білмейтін, танымайтын елді көріп,
Таңданып жат дүниеге кез болғандай,
Ойына алуан-алуан әсер беріп.