Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Еділ мен Жайық батыр (1-бөлім)

Аңыздық жырлар · 3 мин оқу

Еділ атқа мінеді,
Құла жүзде құландай
Жолсызбен жүріп келеді.
Кейінгі туған Еділден
Алабында Оралдың
Жайық батыр дер еді.
Елдің айтқан хабарын
Жайық естіп біледі.
Еділ батыр Жайықты
Түсінде анық көреді.
«Қайтсең де іздеп бір көр»,—деп,
Түсіне аян береді.
Жасы кіші болса да,
Айтуына халықтың
Батырлығы тең еді.
Қайтсе де жеңіп алмаққа,
Табанына салмаққа,
Бұларға дұшман көп еді.
Еділ батыр Жайықпен
Бас қосуға құмартып,
Сұрау салып жүреді.

Еділ шықты елінен,
Жайықты іздеп табуға.
Тірі күнде жайықпен
Бір кездесіп қалуға.
Бел байлады Еділ ер
Жайықты іздеп баруға.
Дайын еді ер Жайық
Еділ үшін өмірден
Өртеніп, күйіп, жануға.

Жайық та жүрді Еділдің
Сыртынан естіп атағын.
О да ойлайды өзінше:
«Жайықтай батыр ағаны
Іздемей қайтып жатамын».
«Тірі болсам, дүниеде
Іздеп барып Еділдің
Қолынан дәм татамын.
Ертеде туған ер екен,
Іздемей қайтып жатамын!»

Деген оймен Жайық та
Атына ер салады,
Қолына қару алады.
Даланы кезіп іздеумен
Аз жер жүріп барады.
«Медет бер!» деп далада,
Алланы еске алады.
Бірнеше күн жол жүріп,
Азап тартып, шөл жүріп,
Біраз тыныс алуға,
Бір өзенді табады.

Арыстан айбат ер Еділ
Дем алып сонда қонады.
Қатты шаршап қалады,
Біраз жатып тынығып,
Қатты ұйқыға барады.
Қауіп қылмай еш жаннан,
Жаны рахат табады.

Еділді іздеп табуға,
Басына ойран салуға,
Қапылыста кездессе,
Қанын ішіп қануға.
Қолына түссе оңаша,
Сүйегін күл қып жағуға,
Аттанды іздеп Қара дәу,
Айтып келмес қастас жау.

Адам жеңбей арыстан,
Көп адаммен алысқан.
Қылышынан қан тамған,
Бірнеше күн жол жүріп,
Кездесуге Еділмен
Іздеп келді алыстан.
Өзі перен пері еді,
Алыстан көрсең қарасын,
Қозғалған таумен тең еді.
Танауынан шыққан дем
Соққан бір дауыл, жел еді.
Аузынан шыққан ақ көбік
Тасыған шалқар көл еді.
Естіген адам сыртынан
«Қар дәу алып» дер еді.
Жекпе-жек келген дұшманын
Шақ келтірмей жеңеді.
Атын естіп бұл дәудің
Қауіптенген көп еді.
Кездескенде мың сан қол,
Қара дәудің алдында
Шабылған шөппен тең еді.

Бір үлкен төбе секілді
Қара дәудің бүрігі.
Бұл жүрген малға ұқшамайд
Астындағы керігі.
Еділ батыр далада,
Қасында жоқ серігі.

Бөктерлей шапқан тұлпардың
Ізіне дәу түседі.
Қанағат, ауқат алмаққа,
Бес өгіз еті, жүз қой жеп,
Бір көлдің суын ішеді.

Астындағы керігі
Еділдің кеткен ізіне
Тура бастап салады.
Құрал-сайман, жарағын
Қолына мықтап алады.

Түн ортасы ауғанда,
Батыстан дауыл, жел соқты.
Анау-мынау жел емес,
Ұйқы-тұйқы мол соқты.
Еділ тұрып орнынан,
Боз тұлпарға ер салды.
Тұрмады тұлпар осқырып,
Батыр туған ер Жайық
Жан-жаққа қарап зер салды.

Сонда Еділдің көзіне
Түп орнымен қозғалып,
Көшкен бір тау көрінді.
Ұсақ-түйек таулардың
Бәрі астына көмілді.

Қиын-қия құз тастар
Басқанынан атының
Уатылып төгілді.
Маңдайында екі көз
Қараңғы түнде жарқырап,
Табақтай болып көрінді.
Қара дауыл керігі
Қия жерден қырқалап,
Жүрген сайын семірді.
Бұлақтай аттап теңізден,
Бес мың құлаш керілді.

Дәуді көріп Еділ ер
Сауыттарын киінді,
Бір Аллаға сыйынды.
Қайратын жинап бойына,
Алатын құстай түйілді.

Қара дәудің Еділ ер,
Алдынан қарсы шығуға,
Кездескен жерде сол дәуді
Жерге ұрып тығуға.
Іздеп келген сол дәудің
Сүйегін күл қылуға.
Ұмтылады ер Еділ
Тамаша әлек салуға.
Жауды өлтіріп ер Еділ,
Мақтанып елге баруға.
Ақырады Қара дәу
Күркіреген күндей боп.
Аузынан шыққан ақ көбік
Бұрқырады жүндей боп,
Өзендегі сеңдей боп.

Аңыздық жырлар

Барлығы: 81 аңыз

Тағы оқыңыз