Еділ мен Жайық батыр (6-бөлім)
Аңыздық жырлар · 3 мин оқу
Ет пысты бір уақытта буы шығып,
Ішіне сүйек-саяқ қойған тығып.
Күйер деп ыстық еттен қауіп қылмас,
Асады оңды-солды қолын сұғып.
Ет пен сүйек бөлініп арсаланып,
Тәтті боп пысқан екен әбден бығып.
Сол мезгілде бір әйел келіп жетті,
Аяқ басқан жүрісі тіпті епті.
«Япырым-ау, сіз не деген жан едің?!»—деп,
Өтірік таңданғансып сық-сық етті.
Отырды пышақпенен мүжіп сүйек,
Сыбанып шынтағынан екі білек.
«Бір асылды асылға салуын»,—деп,
Әйел тұр монтансып күлімсіреп.
Етті жеп, жапыраққа қолын сүртті,
Таңырқап әлгі әйел тағы да үрікті.
«Япыр-ай, майды майға сүртуін,»—деп,
Аяңдап келе жатыр жақын тіпті.
Сезініп сонда батыр ашуланды:
—Көрмедім өзім туып сендей жанды.—
Өлесің жақындасаң, кет, жөнел!—деп,
Қылышын шаппақ болып қолына алды.
—Иә, батыр, ашуланба, кетейін мен,
Бұл жерде сеніменен болмаспын тең.
Байымның мінген атын сойып жедің,
Мықты болсаң, мен сені кейін көрем.
Жайық батыр сен болсаң, білдім енді,
Тірі болсақ, жазаңды бір күн берем.
Жаман ғой, Жайық батыр, құлқыныңыз,
Байымның атын сойып жұтуыңыз.
Өлтірсең бірімізді өлтірерсің,
Құрытар тұқымыңды тұқымымыз.
Мұны айтып, әлгі әйел кетті тайып,
Көзді ашып-жұмғанынша болды ғайып.
—Пері ме, сайтан ба?—деп ойлап қалды,—
Жан жүрмейтін бұл жерде, бұл жүр неғып?—
Деді да, Жайық ойлайды,
Ойланып қатты толғайды:
«Анық дұшман осы екен,
Қашуға бұдан болмайды.
Белгісіз жерде кез болса,
Жазым қылмай қоймайды.
Бір қайла ойлап табайын,
Бүгінше мұны бағайын.
Егер келсе бұл жерге,
Тарттырайын сазайын.
Қиындық, қатер істердің
Көрдім ғой мен де талайын.
Елсіз, күнсіз, құла жүз,
Жан жүрмеген маңайым.
Сәтін салса бір Құдай,
Жаудан кекті алайын»,—
Деп ойланды Жайық та,
Көз жетпейді ғайыпқа.
Қысылшаң істен қысылып,
Батырлар, сірә, тайып па?
Қолына садақ алады,
От басына әкеліп,
Қарағайды сұлатып,
Үстіне киім жабады.
Бір таса жерде отырып,
Ұйықтамай қарап бағады.
Түніменен отырып,
Жезтырнақты күтеді.
Түн ортасы болғанда,
Жай түсіп, күн күркіреп,
Жаңбыр жауып сіркіреп,
Бұршақ ұрып дүркіреп,
Қараңғы тұман түтеді.
Сол мезгілде шыдамай,
Батыр да мызғып кетеді.
Ұйықтауына батырдың
Біраз мезгіл өтеді.
Көзін ашып қараса,
Таң сөгіліп келеді.
Елеңдеген алыстан
Бір қараны көреді.
Келе жатқан сол қара
Алды-артына қарамай,
От басында жабулы
Қарағайға төнеді.
Жайық та аңдып дұшманын,
Садағын оңдап кезеді,
Жебелі отты безеді.
Сол мезгілде әлгі жау
Құлашын кең кереді.
«Осы жатқан Жайық» деп,
Өзіне өзі сенеді.
Тарбайтып саусақ жаяды,
Қаршылдатып тістерін,
Біріне бірін егеді.
Жарты құлаш боп кетті
Ұзын саусақ жебелі.
Болат па, жез бе, темір ме?
Сыптығыр үшкір саусағын
Жайық батыр көреді.
Арандай аузын ашады,
Қайраты қатты тасады.
«Ызаң өтті, Жайық!» деп,
Қарш еткізіп саусақпен
Қарағайды басады.
Қарағай сонда қарс етті,
Он арқан бойы жерлерге
Жаңқасы ұшып ол кетті.
Жайық батыр сол жерде
Сұрады Хақтан мәдатты.
Іздеп келген жезтырнақ
Сонда ыржиып күледі.
Үстіндегі киімді
Қолмен сығып, бүреді.
«Еті қалды қолымда,
Уатылып сүйегі».
Жинастырып жаңқаны,
Бір жерге әкеп үйеді.
Жайықта шыдап бағады,
Үйіп қойып жезтырнақ,
Алды-артына қарады.
«Күл қылам!» деп сүйегін,
Астынан от жағады.
Қарағай лаулап жанғанда,
Қатты күлді қарқылдап,
От өртенді жарқылдап.
Күлкісіне залымның
Жаңғырды тау шартылдап.
Сонда тұрып ер Жайық,
Аллаға шүкір қылады,
Садақтың бауын бұрады.
Көремін деп қызығын,
Көп уақыт шыдады.
«Өртедім,—деп,—сүйегін»,
Жезтырнақ дұшман сықылдап,
Мақтан күлкі қылады.
Табандап садақ тартады,
Қайраты ердің артады.
Бейғам күліп тұрғанда,
Садақпен Жайық атады.