Асанқайғы (Ілияс Ысқақов нұсқасы) (11-бөлім)
Аңыздық жырлар · Ілияс Ысқақов нұсқасы · 3 мин оқу
Ақыл, білім ізденіп,
Дүние сырын сезбесе,
Көңілдің мініп тұлпарын,
Әлемді шарлап кезбесе,
Халқы үшін өмірін сарп қып,
Рахаттан аулақ безбесе,
Малды сатып ар үшін,
Жолына салып бермесе,
Жанды сатып жар үшін,
Уағдасында өлмесе,
Шын жүрекке билетіп,
Ынта қойып сенбесе,
Сол жүректі тайдырмай,
Айтысқан жерге келмесе,
Ондай жардан не пайда?!
Соны айтып біразырақ ойға қалып,
Байқастап көш сүрдеуін тауып алып,
Не болса да Бануды іздемек боп,
Тұлпармен зырқыратып кетті салып.
Тоқтамай, дамылдамай күні бойы,
Ынтасы Гүлбануге жетпек ойы.
«Айтысқан сертке жетпей қалам ба» деп,
Тоқтатпайды ақыл, ар-абыройы.
Тұлпарын орғытады ой мен қырдан,
Жар үшін жалғыз басын қылып құрбан.
Жағалап өлкені өрлеп келе жатып,
Байқады бір киікті оттап тұрған.
Ойлады: «Ұстауға айла қылайын»,—деп,
Сезініп қашса, артынан қуайын,—деп.
«Болса да өзі хайуан хал тілі бар,
Бануды біле ме екен сұрайын»,—деп.
Даланың тіл қатады киігіне,
Ғашықтық шыдай алмай күйігіне.
Үміт шіркін тағы да ойлатады,
«Банудың кеткен тастап киігі ме?»
Соны ойлап жақынырақ келді жетіп,
Басбағып таса жермен төтелетіп.
Бар сенгені баяғы момын хайуан,
Секірді дыбысты естіп секем етіп.
Киік ырғи жөнелді көре сала,
Асан да қуып кетті іле-шала.
Екі жүйрік құлаштап зымырағанда,
Бұлдырап қалып жатыр тау мен дала.
Киікке келе жатып тіл қатады,
Ойын айтып көңілін жұбатады.
Сондағы алтын мойын қызыл киік,
Кездесіп қуғанына ұқсатады.
«Ей, киік, сен келесің менен қашып,
Жақындасам, қаласың сонша сасып.
Саятшылық жол емес, залал етер,
Көңілімді жүрген жанмын қайғы басып.
Жан болсам мен зиянсыз, қашпаймысың,
Маңыңа жақындасам, саспаймысың.
Соңыңнан күндіз-түні ере берсем,
Ауылына Гүлбанудың бастаймысың?
Жапанда сайран үшін жүргенім жоқ,
Жарқырап жас күнімнен күлгенім жоқ.
Әгар білсең, жөнін айт Гүлбанудың,
Кеткенін қай тарапқа білгенім жоқ.
Әлде бастап сен мені келемісің,
Банудың кеткен жағын білемісің?
Ұстасам да азат қып қоя берсем,
Жарымнан хабар әкеп беремісің?»
Қуғалы бір недәуір уақыт өтті,
Киікке болдырарлық мезгіл жетті.
Тұлпардың тізесіне шыдай алмай,
Дымы құрып бүк түсіп жата кетті.
Тұлпардың екпінімен ағып өтіп,
Бұрылып, қайта оралып келді жетіп.
Талықсып шаршап жатқан хайуанды
Есіркеп тұрып қалды біраз күтіп.
Көңіліне түсіп тұрды бір мархабат,
Толғанды іші жанып неше қабат.
—Жануар, жіберейін азат етіп,
Тапсырам бірақ саған бір аманат.
Еркің бар, ей, хайуан, қайда барсаң!
Сөзімді ұмытпассың есіңе алсаң.
Айтарсың көргеніңді, жануарым,
Киігін Гүлбанудың көре қалсаң.
Көрінсе, осы араға кел дегейсің,
Хабарын Гүлбанудың бер дегейсің.
Жете алмай уағдасына күйіп-жанып,
Асан іздеп далада жүр дегейсің.
Ішпейді дәмін татып ас дегейсің,
Көзінен ағызып жүр жас дегейсің.
Адасқан бейшараға жөн тауып бер,
Тағы барып алдынан қаш дегейсің.
Тиместен ол киікті қоя берді,
Жалғыздық бір басына талай көрді.
Жападан жалғыз өзі ел таба алмай,
Далада бірнеше күн қаңғып жүрді.
Түспейді күндіз-түні Асан аттан,
Кез болды бір өзенге ұзын аққан.
Жағалап сол өзенді келе жатып,
Жолықты көп түйеге бір шал баққан.
Қуанды ел шетіне келгеніне,
Бір шалды түйе жайған көргеніне.
«Жасы кәрі адам ғой көпті көрген,
Сұрайын, білсе, салар жер жөніне».
Соны ойлап аттан түсті қасына кеп,
Ұйықтамай, аттан түспей, жүдеген бек.
Ат арыған, жүзі де сондай жүдеу,
Шал сұрады:—Не ғып жүрген адамсың?—деп.
Отырды аттан түсіп шал қасына,
Аз емес түскен қайғы бір басына.
—Адаммын мен жолушы жоқ іздеген,
Сөзімнің тоқтасаңыз расына.