Асанқайғы (Ілияс Ысқақов нұсқасы) (18-бөлім)
Аңыздық жырлар · Ілияс Ысқақов нұсқасы · 3 мин оқу
Гүлбану баласына қойды тимей,
Отқа жақын тұра ма қолы күймей.
Малмен сатып ала ма махаббатты?
Не қылсын тұрғаннан соң көңілі сүймей.
Жинады Сейіп елдің би мен байын,
Қолы жеткен өзі би бәрі дайын.
Елінің маңайдағы бәрін жау қып,
Сорлының тишын алды күн-күн сайын.
Бір жағынан малына салып ұрлық,
Қол күшпенен және де қылып зорлық.
Жалғыз шал көмегі жоқ есі шықты,
Дегендей өтпес пышақ бойға қорлық.
Жалғыз боп ағайыннан қалғаннан соң,
Тал түсте малын талап алғаннан соң,
Бейшара Гүлбануды бермек болды,
Шама жоқ, жалғыз өзі талғаннан соң.
Жүз-жүздеп қалың малын айдап барды,
Құда тамыр елінен жиып алды.
«Қызын бермек болды,—деп,—қорыққанынан»,
«Той қылам» деп еліне хабар салды.
Іс болды есер байға мақтанғандай,
Адам бар ма мақтаннан сақтанғандай.
Дүние-мал қанша әкеп төксе дағы,
Жаманқұл зар жылайды көңілі жанбай.
Лажысыз бермек болды, тойын қылды,
Күйеу кеп, ел жиылды, ойын қылды.
Сыр бермей еш адамға жүруші еді,
Істің мұндай болғанын Бану білді.
Күні бойы қозғалмай үйде жатып,
Сөйлеспейді ешкімге жауап қатып.
«Бануды кешіктірмей аламын» деп,
Үйсіндер сауық сап жүр дуылдатып.
Той қылмақ елдің бәрін таңырқатып,
Алмақшы махаббаты малмен сатып.
Сүймегенін Банудың бір сезбеген,
Бұқадай күл тарпыған бұрқыратып.
Той болды Қынаменденеше күнге,
Күдер үзді Гүлбану елден мүлде.
Қайда кетіп қалғанын жан білмейді,
Көрінбей кетті жоқ боп жалғыз түнде.
Өлгені, тірі екені мәлім емес,
Сырына оның ешкім қанық емес.
Кетіпті «тимеймін,—деп,—бір наданға,
Жүрек сүйген ол менің жарым емес».
Мынау топ қызды іздеп жүрген дулап,
Әкетсе біреу алып жаулап қумақ.
Адамға да кеткенін сездірмеген,
Мыналар жүр сандалып босқа шулап.
Асанға батып кетті қойшы сөзі,
Қып-қызыл жасқа толды екі көзі.
Есалаң адамша жалтақтайды,
Не болғанын біле алмай өзін-өзі.
Кей уақта есінен танғызады,
Көзінен қанды жасын ағызады.
Қойшы да шошып қалып сасқанынан,
Аузына сусын әкеп тамызады.
Сол жерден бас көтермей жатып алды,
Ел қайтарды ауылына кешкі малды.
«Кейбіреудің пәлесіне қаламын» деп,
Ешкімге айтпай қойшы да кетіп қалды.
Қозғалмай талып жатты ұзақ түнде,
Өлі-тірі екенін білмей мүлде.
Таң сәулесі кіргенде, есін жиып,
Шыққан күнмен көтерді басын бірге.
Тағат қып тұра алмайды биттей тоқтап,
Желмая жүр айналып қасында оттап.
Кетерін қай тарапқа біле алмайды,
Сол жерде зарланады жарын жоқтап:
—Он жасыма жете алмай,
Әкемнен жетім қалып ем.
Он бесіме келгенде,
Шешемнің айтқан сөзімен
Тапсырған әкем аманат
Тұлпарын тауып алып ем.
Жиырмаға келгенше,
Астыма жүйрік мініп ем.
Қолыма қыран құс ұстап,
Не қызықты көріп ем.
Жиырмаға келген соң,
Ел-жерді танып білген соң,
Өзіме теңлес жар іздеп,
Қайып шалға барып ем.
Жиырмадан асқанда,
Көңілді қайғы басқанда,
Киік қуып кездесіп,
Уағда байлап, сөз қосып,
Ата-анамнан кете алмай,
Айтысқан күнге жете алмай,
Адасып сенен қалып ем!
Артыңнан іздеп барам деп,
Іздесем қайдан табам деп,
Тұлпарды беріп астымнан,
Желмая сатып алып ем.
Дамыл алмай күн-түні,
Рахаттан безіп ем.
Қиындық бастан кешіріп,
Дүниені шарлап кезіп ем.
Бір-ақ рет кездесіп,
Жүзіңді ғана көріп ем.
Қайта айналып келмекке,
Уағдамды беріп ем.
Мұндай іске кез болдым,
Сағынып, жарым, келіп ем!
Қарағым, мәлім емес қайда кеттің?
Көп тартып бейнетіңді зорға жеттім.
Көзіме сағынғанда бір көрініп,
Тым болмаса сонан соң кетсең еттің.
Сен өлсең, мен де артыңнан өлер едім,
Жолыңа жалғыз жанды берер едім.
Жүзіңді бір көруге көзім жетсе,
Болса да не қиындық көнер едім.