Еділ мен Жайық батыр (4-бөлім)
Аңыздық жырлар · 3 мин оқу
Қызы едім мен бір ханның еркелеткен,
Өз жасым он алтыға биыл жеткен.
Қара дәу үш күн, үш түн елім шауып,
Зорлықпен мені еріксіз алып кеткен.
Басқа түскен пәледен құтқарғанға,
Сүйіп ем мен де сізді шын жүрекпен.
Әкем хан мал мен басқа бірдей толған,
Он жеті ағам бар еді маған қорған.
Соғысып дәу қолында өліп кетті,
Мені айырып алам деп болып құрбан.
Жігіт болсаң, елімді бір көрсетші,
Артымда кім бар екен тірі қалған?
Қыз жылап сол арада кемсеңдеді,
«Ағажан, сонан кейін жоқ—деп,—арман».
Жаны ашып Еділ сонда қайырылады,
Қыз естен талаусырап айырылады.
Білген соң сыр жағдайды Еділ батыр,
Қызды аяп қайта жауап қайырмады.
Қолына тиді батырдың
Ақтұйғын аппақ білегі.
Ақтұйғын қалды ессіз боп,
Лүпілдеп соғып жүрегі.
Еділ батыр сұлудың
Шыққан тегін біледі.
Бес жастағы баладай,
Алал ниетпен сұлуды
Ат үстінен іледі.
«Сабырлық бер,—деп,—жүрекке»,
Еділ Хақтан тіледі.
Өзінің туған еліне
Қызды алып келеді.
Қыз әкесі бар екен,
Айтқанындай елге хан екен.
Ақтұйғындай сұлуға
Талай адам зар екен.
Сұлулығы Ақтұйғын
Талай елге таралып,
Атағы сұлу жетіпті.
Бірнеше ханның мырзасы
Алуға талап етіпті.
Құдалыққа сөйлесіп,
Ел жиналып жатқанда,
Қара дәу алып соғысып,
Тартып алып кетіпті.
Ақтұйғын сұлу жолында
Сан мөлшерсіз адамдар
Жандарын құрбан етіпті.
Ақтұйғын сұлу батырға
Айтқанына жетіпті.
Отыз күн ойын қылады,
Қырық күн тойын қылады.
Молдаларды шақыртып,
Некесін оқып қияды.
Бірін бірі сүйісіп,
Жандарын пида қылысып,
Еділ менен Ақтұйғын
Бірнеше айлар тұрады.
Көңілдері ұнады.
Сағынса да Жайықты
Еділ батыр шыдады.
«Ұмыттың ба мені, Еділ!»—деп,
Бір күн түнде түсіне
Түсті Жайық есіне.
Тамақ ішпей жатыпты,
Ертеңгі күн кешіне
Еділ айтты:—Ақтұйғын,—
Бар сырымды мен сенен
Жасырайын несіне.
Мен елімнен шыққанда,
Іздеп шықтым Жайықты.
Алла салса басыңа,
Кім болжайды ғайыпты.
Сыртынан естіп Жайықтың,
Талай дұшман қаймықты.
Ерлікпенен ер Жайық,
Атағын жұртқа жайыпты.
Бұл өлкеде мені де
Аңдыған дұшман көп еді.
Тірлігіме менің де
Талай дұшман күйініп,
Талай достар сүйініп,
Мен үшін қайғы жеп еді.
Айтқан сөзі ағаның
Маған ақыл, ем еді.
Аян беріп түсіме,
«Іздеп кел,—деді,—Еділім!—
Бір көрсең деп,—еді.»
Ақтұйғын сұлу сөйлейді,
Батырдың қарап бетіне.
Сұлудың көзі жетіп тұр
Тоқтамайтын ниетіне.
—Ай, батырым, батырым!
Дүниенің көрдім қапылын.
Біраз тоқтап, тым құрыса
Айтып кетші ақылың.
Қара басың бір күнде
Мың сан қолға татыдың.
Енді тірі көрем бе,
Алдыңда жан берем бе?
Өзіңнен басқа адамға
Өлсем дағы ерем бе.
Төбемнен алтын қойса да,
Алдауына сенем бе?
Тым болмаса, бытырым,
Бүгінше аял ете гөр!
Арыздасып, қоштасып,
Мен сияқты бейбақтың
Көңілін аулап кете гөр.
Бұл сөзге көңіл бұрады,
Ақтұйғын қолқа сұрады.
Көзі қимай сұлуға
Бір күнше қонып жатпаққа,
Аял етіп тұрады.
Сабырлық қылып Аллаға,
Сүйген жардың қасында
Бір күнде болса ер Еділ
Сабырлық қылып шыдады.
Еділ ердің көңіліне
Сұлудың сөзі ұнады.
Таң сарғайып атқанда,
«Оянып сұлу кетер»,—деп,
Киімін қымтап орады.
Ұйқысы сұлу қанғанша,
Оянып өзі тұрғанша,
Қару-жарақ, сайманын
Дайындатып қояды.
Ойдағы арман, қайғыны
Ерлікпенен жояды.
Жол азыққа алдырып,
Қысырдың тайын сояды.
Талай сапар жолдарда
Суды қанға бояды.
«Тәуекел!» деп Тәңірге,
Қызығына тірліктің
Еділ батыр тояды.
Арғымақты алдырды,
Үстіне ер салдырды.
«Өз еркімен тұрсын,—деп,—
Көңілін маған бұрсын»—деп,
Қарайлап тосып тұрады.