Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Асанқайғы (Ілияс Ысқақов нұсқасы) (30-бөлім)

Аңыздық жырлар · Ілияс Ысқақов нұсқасы · 3 мин оқу

Сертіне жете алмады қалайынан,
Сорлының болды ма екен талайынан.
«Түйем қайда, Бануды іздеймін»,—деп,
Бұйдасын сипалайды маңайынан.

Көзінен жаспен бірге қан сорғалап,
Құйылды аққан тері самайынан.
Бұл іске отырғандар таңға қалды,
Қалтадан бір орамал жұлып алды.
Сүрткенде орамалмен аққан терін,
Төсекте жатқан қыздың көзі шалды.
Төсектен көрген жерде ұшып түсті,
Болар ма ғашықтығы мұндай күшті.
Ұяттан махаббаты басым болып,
Ешкімнен ұялмай-ақ барып құшты.

Сағынышты салқын бет бетке тиді,
Отына махаббаттың жанды, күйді.
Арт жағын айтпаса да түсінікті,
Аузынан шөпілдесіп бірер сүйді.

Баса алмай өксіктерін, көп жыласты,
Кім сөксін шыны ғашық ондай жасты.
Сондағы Бану берген қол орамал
Пердесін барлық сырдың бір-ақ ашты.

Екі жас жүре тұрсын күліп-ойнап,
Бұғаудан босанғандай көңілі тынып.
Мынау іс асатынан болғаннан соң,
Оңаша ақылдасты Түмен, Күлік.

Амал, ой ойламайды батыр аңғал,
Көрсетер жауға қайрат болса жанжал.
Ат жаратып «Асанды іздеймін»,—деп,
Еліне мезгіл еді хабар салған.

Шақырған соң елінің бәрі келді,
Істің мұндай болғанын және білді.
Той қылып Түмен батыр қолдан беріп,
Құрметіне жастар да ойнап-күлді.

Күйеу деп құрметтейді Асан ерді,
Банудай алғаннан соң кемеңгерді.
«Қыз қылып өз қолымнан ұзатам»,—деп,
Басына үй, алдына мал салып берді.

Күліктің басқасынан ақылы асып,
Тапқанға бейнет қылмай көңілі тасып,
«Балаңды әкеледі,—деп,—қуантуға»,
Жіберді кемпір-шалға жатқан жасып.

Берген соң Түмен батыр рұқсатты,
Жалпылдап екі кісі тұра шапты.
Шал мен кемпір аясын одан несін,
Тоғыз түйе, тоғыз ат сүйінші апты.

Көшіріп салтанатпен Түмен батыр,
Тіктірді далаға әкеп неше шатыр—
«Өз қолымнан апарып саламын»,—деп,
Көлік бастап ауылға келе жатыр.

Шал-кемпір сорғалатып жасын көзден,
Қарасы көрінген соң жапан түзден,
Шал келді жиырма бестегі мүшесіне,
Өлгені тірілгендей күдер үзген.

Өксігі басылған соң көңілі тынып,
Ел жиып, малын шашты, тойын қылып.
Еліне Күлік батыр қайтып кетті,
Неше күн тарқаған соң ойын қылып.

Жеткен соң мұратына Асан жатты,
Кемпір-шал шаруа түзеп малын бақты.
Қыз табылып, Асанның алғандығын
Сейіпке біреу барып хабарлапты.

Сейіптің естіген соң іші күйді,
Дереу тұра шаптырып елін жиды.
«Қылмаса айтқанымды қуарған шал,
Берермін сыбағалы оған сыйды».

Тарылып, ызаланып, ашуланды,
«Қайтер екем?» дегендей қубас шалды.
«Қайырсын жесірімді айыбымен»,—
Деді де Жаманқұлға кісі салды.

Именіп бұрынғыдай жауап бермей,
Елшісін кісі екен деп көзіне ілмей,
«Естімеймін сөзін»,—деп қатты ақырып,
Кісісін қайырыпты сөзіне көнбей.

Сөзін естіп Сейіпке елші барды,
Қолына қоймайын деп жалғыз малды.
«Сорлы шалдың қылығын қарашы?!»—деп,
Жылқысын бір-ақ түнде айдап алды.
Бұл істі қоңыраттың бәрі білді,
Жиылып еркек кіндік атқа мінді.
Бір байының жылқысын бұлар да алып,
Ұлғайысып араға бүлік кірді.

Түменге және кетті бір шапқыншы,
Болды деп бүліншілік елдің іші,
Ағынды, ашуы тез Түмен батыр,
Қол бастап жинап келді бес жүз кісі.

Жасаққа сол бетімен жетіп барды,
Ауылын Сейіп бидің қамап алды.
«Айтқанымды қыла ма, тұрыса ма,
Жауабын тез берсін»,—деп хабар салды.

Түменнің ел қорқады айбарынан,
Келгенін білмей қалды қай жағынан.
«Бізге айтатын батырдың жұмысы не?»—
Деп сұрады қорыққанның салдарынан.

«Алдыма Сейіп биің қазір келсін,
Келмесе қайратымды менің көрсін.
Бұрынғы-соңғы барымта бәрі қайтып,
Тағы да елу түйе айып берсін».

Аңыздық жырлар

Барлығы: 81 аңыз

Тағы оқыңыз