Асанқайғы (Ілияс Ысқақов нұсқасы) (19-бөлім)
Аңыздық жырлар · Ілияс Ысқақов нұсқасы · 4 мин оқу
Қимаймын өлді деуге аузым барып,
Тән бойым өртенгендей қайғы шалып.
Көзіммен өлгеніңді көрмеген соң,
Ойлайды тірі ме деп көңіл ғаріп.
Жар үшін күндіз-түні тынбай зарлап,
Далада жалғыз өзі жүрді сарнап.
Асан да сырын айтпай бірге іздесіп,
Аралап талай жерді жүрді шарлап.
Елдер көп жерлерді кезсе керек,
Ұйқыдан күндіз-түні безсе керек.
Білетін жердің жайын айта жүріп,
Сырын да табиғаттың сезсе керек.
Ішкі сыр, сыртқы мұңы елден бөлек,
Мұңлы, қайғы өмірмен кетсе керек.
Қараңғы хан мен бидің заманында
Сондай зарлы талай жан өтсе керек.
Жер аралап, шөл кезіп, Арқа барған,
Болмапты бармаған жер ойына алған.
Асанқайғы деген сөз халық аузында,
Рәсім боп кейінгіге сонан қалған.
Заманның ертеде бір өткен ері,
Орта Азия, Сарыарқа жүрген жері.
Шешен тіл шебер сөзге өрнек салған
Қазақтың аты шыққан кемеңгері.
Дулаған араласып жүрді көппен,
Елеусіз түйе мініп, киген шекпен.
Үлкендерден жер жайын сұрастырып,
Ел арасын білдіртпей байқайды еппен.
Үйсіндер елге әйгілеп хабар салып,
Күдікті деген жердің бәрін шалып.
Таба алмай жалыққан соң қайтып кетті,
Қалыңға берген малын жиып алып.
Қалай кетіп қалғанын жан білмеді,
Шығын болды, шаршады, ат терледі.
Бос далақтап шабудың жөні де жоқ,
Сонан кейін торығып іздемеді.
Іздегенмен табылар емес және,
Білмегендер «көрдім» деп айта ала ма.
Күдер үзді де, өзгеден ұмыт болды,
Жалғыз-ақ ұмытпайтын Асан ғана.
Жүреді көрінгеннен Асан сұрап,
Байыздап еш араға қылмай тұрақ.
Сейіптен құтылғанға қуанса да,
Кемпір-шал баласы үшін жатыр жылап.
Келгенде қозысына қой маңырап,
Тыныстаса дымы құрып біразырақ.
Қозы барып енесін аймаласа,
Кемпір көріп, кетеді қайта аңырап.
Сиыр келіп ауылға мөңіресе,
Бұзауын жалап тұрып еміренсе,
Тағат қылып еш адам тұра алмайды,
Шал төгіп тарам жасын еңіресе.
Кісінеп жас құлын-тай шұрқыраса,
Енесі айналсоқтап қырындаса,
Сүйегі еріп, жүрегі елжірейді,
Болғаннан соң баласы көзден таса.
Тұрғанда ертеңді-кеш түйе боздап,
От салар іштеріне дертін қозғап.
Сорлының жылауменен әлі бітті,
Бейшара өлмесе де, өле жаздап.
Кемпір-шал жылауменен жата берді,
Қайғысы күн-түн сайын арта берді.
Күз болып, салқын түсіп, қар жауған соң,
Жайлаудағы ел күзекке қайта келді.
Орнығып мекеніне қонды қайта,
Жаманқұл кетті жүдеп қайғы тарта.
Алдына келді ағайын жиналысып,
Өкпелі болса дағы көңіл айта.
Боп қалған айырылғалы жылға таяп,
Жаманқұл жалғыз елден қалған саяқ.
Жалғызынан айырылып, жаны күйіп,
Жан ашыған адам жоқ байғұсты аяп.
Әрі ыза, әрі қайғы бойын жеңді,
Кемшілік пен қорлықтың бәрін көрді.
Біреу пайда, біреу мал, біреу асқа
Аяғансып ағайын бәрі келді.
Жаманқұл жатып алды төсегіне,
Ел-жұрты алмаған соң есебіне.
Келем деп сорлы шалдың ауылына,
Ілініп кетпегейсің кеселіне.
Өкпесін бәйбіше отыр еліне айтып,
Шыдасын көрінген соң айтпай қайтып.
Кеткен соң жау қолына жалғыз тастап,
Торыққан біржолата көңілі тайқып.
Ұялып сөйлей алмай жанның бәрі,
Отырған жиылысып жас пен кәрі.
Әйел ғой не дегенмен көңілі жұмсақ,
Толғанып сонда еліне айтқан зары.
Айымбике кемпірдің толғауы
—Қоңырат деген ел едің
Екі атаның баласы.
Көк пенен көктенші
Алыс емес арасы.
Мал менен басқа өскен соң,
Асып еді шарасы.
Байлар—шаншар, Құлшығаш
Рудың басы—ағасы.
Тоқболат, Бошман, Жаманбай
Қаратау толған саласы.
Қара көсе, жетім, сансыздың
Оразгелді, Көбішпен
Тобына сыймас даласы.
Сендер де талай ел едің,
Үйсінге болдың қарашы.
Бастарыңды қорғаштап,
Дұшпанға қылдың табашы.
Жат қолында жалғыз қап,
Сөгілгендей жағасы.
Шығарып есін даң қылды
Сейіптің жапқан жаласы.
Ызамен ішін қан қылды
Үйсіннің салған пәлесі.
Көмек болар ешкім жоқ,
Кеткен соң шалдың шамасы.
Қаңқиып тұрған Қаратау
Болады кімге панасы?
Жер алмақ болды еріксіз,
Өшкен соң елдің қарасы.
Болмайтұғын болған соң,
Сонан басқа дауасы.
Аламын деп той қылды
Сейіптің жынды баласы.
Жаудай байлап алған соң,
Кімнің болар таласы.
Бануым жүрді сыр бермей,
Сүймесе де ықыласы.
Көрінбей кетті бір түнде,
Батқан соң жанға ызасы.
Жас та болса кеудеде
Артық еді санасы.
Мынау шалға серік ед
Ақылының данасы.
Сорлыға жатыр дерт болып,
Жазылмастай жарасы.
Кеудемді керген қайғымен
Кемпірдің кетті бағасы.
Жоғалған соң Гүлбану,
Қайғымен өліп кетпегей,
Мынау жатқан сорлы шал.
Ісің қапыда өтпегей,
Сөзіме, жұртым, құлақ сал.
Сорлы деп бізді аясаң,
Қу кемпірді еске ал.
Керек болса, мінеки,
Иесіз жатыр мына мал.
Бануымды сағынып,
Кетті күшім, есім дал.
Бануымды іздесек,
Жылқыда бар жібек жал.
Қаншасын ұстап мінсеңдер,
Нелер жүйрік тұлпар бар.
Керек қылсаң ұстауға,
Дүние бізден табылар.
Бар малымды берейін,
Күн болса болар бір хабар.
Жігерлі жігіт бар болса,
Осыған айла жол табар.
Өліп қалса, денесін
Тауып бер, жұртым, көрейін.
Тірілмесін білген соң,
Құшақтап жатып өлейін.
Алаң қылмай көңілімді,
Келмесіне сенейін.
Басыма түскен қайғыға
Ылажсыз шыдап, көнейін.
Тірі болып табылса,
Бар малымды берейін.
Қуанар күнім бар болса,
Өкпеледім демейін.
Ақсарбас айтып бабама,
Зорланып мен де тілейін.
Қабыл болса тілегім,
Қуанайын, күлейін.
Мұнан басқа сендерге,
Жұртым-ау, енді не дейін?!.