Асанқайғы (Ілияс Ысқақов нұсқасы) (21-бөлім)
Аңыздық жырлар · Ілияс Ысқақов нұсқасы · 3 мин оқу
Соны айтып назар салып көп жалынды,
Жолыңа беремін деп бір малымды.
Бармауға жал сөз айтып байқап едім,
Кейіс қылып ренжіп, шын налыды.
Асанды бұрын бірер көріп едім,
Біраз күн аң қуысып жүріп едім.
Қия алмай Гүлбанудың айтқан сөзін,
Қуғызып сол киікті келіп едім.
Кісіге сыр айтпасқа бекіп едім,
Өз айтқан уәдеме жетіп едім.
Асанмен білмеймін де не болғанын,
Онан соң жолыға алмай кетіп едім.
Мен, міне, көпке айттым білгенімді,
Біраз күн арасында жүргенімді.
Асан алып кетпегей деп ойлаймын,
Сіздерге айтып тұрмын көргенімді.
Тигенде жігіт сөзі құлағына,
Жасын сүртті кеңкілдеп жылады да.
Басын алды көтеріп төсегінен,
Тегінде мына бір сыр ұнады ма.
Шал айтты:—Айтқан сөзің сенің рас,
Жайлауда келіп еді бір жігіт жас.
Жатып ед бірнеше күн қонақ болып,
Берген соң қонақасы ата-мұрас.
Тұлпар сынды сүйекті, қара атты,
Аңшылық аспабы да салтанатты.
Гүлбану қатты күтіп, сыйлап еді,
Осы үйге қонақ болып он күн жатты.
Тоқталды осыменен шалдың сөзі,
Ендігі кемпірде тұр жұрттың көзі.
Өз білгенін айтайын деді дағы,
Кемпір де өз көргенін айтты өзі:
—Байқаушы ем Гүлбанумен сөйлескенін,
Білмеймін бірақ онда не дескенін.
Жігіт ед сұңқар сүйек, бекзат мінез,
Көргем жоқ үйде жатып бел шешкенін.
Еліне амандасып қайтып кеткен,
Онан кейін бірталай мезгіл өткен.
Сонан бері ол жігіт келген емес,
Күз болып, ел күзекке көшіп кеткен.
Гүлбану кеткен күнін санаушы еді,
Өзінің жақынына балаушы еді.
Ел көшетін мезгілге таянғанда,
Сол жаққа дамыл алмай қараушы еді.
Көз көрмей, денем сезбей мен не дейін,
Тірі болса кетті деп қам жемейін.
Анау-мынау нәрсені сылтау қылып,
Бір жұма көшіріп ед елден кейін...
Тоқталды осы сөзбен жұрт аңырып,
Оныменен тұрған жоқ, жоқ табылып.
Асанның да тұрағын жан білмейді,
Қайда барсын қаңғырып бос сабылып.
Жиналған үйдің арты бала-шаға,
Қыз-қатын бәрі де жүр тамашаға.
Бір қатын жасы кіші бір қайнысын
Көп ішінен шақырды оңашаға.
Отыр деп үй ішінде қайнағалар,
Ұялмаса келінге өсек тағар.
—Осы биыл жайлауда көріп едім,
Айтайын көргенімнен мен де хабар.
Ел барып жайлауына қонған кезде,
Шығып ем тезек тере жапан түзге.
Далада бір жігітке кездесіп ем,
Порымы біздің елден көрінді өзге.
Азырақ амандасып келдім сөзге,
Сыпайы жігіт еді көрер көзге.
Аз ғана жөн-жосығын сұрасқан соң,
«Сөзім бар айтатұғын,—деді,—сізге».
—Жан едім кезіп жүрген құла түзде,
Әңгіме толып жатыр айтсақ бізде.
Ел жөнін білмеген соң жөн сұраймын,
Ауылын Жаманқұлдың білесіз бе?
Сөзінің ыңғасынан жайын білдім,
Әңгіменің басындағы барын білдім.
Қимадым жас жүрегін жандыруға,
Білгенімді жасырмай айтып бердім.
Сөзімді бастан-аяқ ұғып алды,
Бір ауыр сұрғылт қайғы бетін шалды.
Өзім шошып, өкіндім айтқаныма,
Өңі ағарып делбе ауруы сияқтанды.
Менің сөзім өкпесіне оқтай тиді,
Сұрланды, бір қызарды, жанып-күйді.
Аяқ-қолы керіліп, жүзі тершіп,
Өксігін тартып, азар есін жиды.
Басын сүйеп жұбатқы сөзімді айтып,
Тұрмадым одан кейін көп ұзарып.
Кешігіп қалған екем, кеш боп қапты,
Арқалап тезегімді кеттім қайтып.
Онан кейін білгем жоқ еш хабарын,
Аударған сияқты еді тым назарын.
Қосылмаса тірлігі екіталай,
Соншалық салған екен ынтызарын.
Көргенін мынау әйел көпке салды,
Бір емес, тағы дәлел болып қалды.
Онан басқа ешбір жан көрген емес,
Ел ұйлығып дел-сал боп таңға қалды.
Әр адам білгенінен сөз сөйлемек,
Біреуі олай, біреуі былай демек.
Ең тапқаны бәрінің осы болды,
Асанды өз елінен болды іздемек.