Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Асанқайғы (Ілияс Ысқақов нұсқасы) (15-бөлім)

Аңыздық жырлар · Ілияс Ысқақов нұсқасы · 3 мин оқу

Есіркеп қатын дағы тұрды налып,
Өлімнен де көңілге келді қауіп.
Қолымен бетін сипап, есін жиды,
Бұршақтап ыстық жасы көзін жауып.

Көзінен қатынның да жасы ағып,
Шыдасын нәзік көңіл әйел нағып.
Асанды ақыл сөзбен жұбатады:
—Іздеп барсаң, қайтарсың жарыңды алып.

Алыс жол ер жігітке өзі сауық,
Іздей берсең, аларсың бір күн тауып.
Әрі шөл, әрі алыс, өзің жалғыз,
Жүрмегейсің, қарағым, қапы болып.

Жүрерсің аз дегенде бір-екі ай,
Шөлі көп екі арада құм бірталай.
Ел өтеді жайлауға қар суымен,
Жүрмейді ұшқан құс та мұнан былай.

Қылар ем дәм татқызып үйге қонақ,
Болса да дәулетім жоқ, қолым шолақ.
Аяймын біреу қастық қыла ма деп,
Болған соң еліміздің жайы сол-ақ.

Кете алмай тұрып қалдым сені қимай,
Жүрегі елжірейді жасын тыймай.
Тым кешігіп қалдым деп асығыстап,
Қош!—деді де жөнелді ұзақ тұрмай.

Асан дел-сал сол жерде қала берді,
Әйелден біраз ғана хабар білді.
Дамылдамай түн қатып күні-түні,
Баяғы түйе жайған шалға келді.

Бұрыннан мұның жайы шалға аян,
Таныды да Асанға келді таяң.
Естіген, көрген-білген әңгімесін
Асықпай атасына қылды баян.

Болған соң Асан айтып сөзін тамам,
—Ұзаққа кеткен екен ісің, балам.
Толғауменен кәрия ақыл айтты,
Асан жақын отырды шалға таман.

Сонда кәрия толғайды,
Толғамасқа болмайды.
Өз сөзінен басқа сөз
Көпті көрген кәрінің
Көкейіне қонбайды.
—Мен кәрімін, кәрімін,
Тілімді алған жастарға
Ақыл берер кәрімін.
Өзінде сана бар болса,
Жасаған Ие жар болса,
Айтқан жермен жүре алса,
Ар қылмай бойға тіл алса,
Ақылға дауа дәрімін.
Жақсылы-жаман аралап,
Елді көрген кәрімін.
Жүйрік мініп саралап,
Жерді көрген кәрімін.
Қаршыға ұстап жағалап,
Көлді көрген кәрімін.
Желмая мініп желдіріп,
Шөлді көрген кәрімін.
Суыққа жүрсе қажымас,
Нарды көрген кәрімін.
Сен секілді жылаған
Жарды көрген кәрімін.
Жас қартайып, мінеки,
Бүгінгі елдің қорымын.

Сен бұл кеткеннен кетерсің,
Күдірден талай өтерсің.
Құс ұшса күйер қанаты,
Ат жүрсе күйер тұяғы,
Бір үлкен шөлге жетерсің.
Ебелек қаңбақ болмаса,
Үзіп жер атқа шөбі жоқ,
Ұрттам ішер суы жоқ,
Онан қайтып өтерсің.
Тұлпар жүйрік шапқанға,
Ұзақ шөлге шыдамас,
Тұнықтан жүріп қанбаса.
Аштыққа жылқы шыдамас,
Бетегелі көк майса,
Шалғын аунап тоймаса,
Қайтіп оны күтерсің,
Жылқы жүрер жер емес,
Анау тұрған бел емес,
Ұзақ шөлден өте алмай,
Мақсұтыңа жете алмай,
Жылауменен өтерсің.
Тілімді алсаң, шырағым,
Ақылымды айтайын.
Ыстыққа жүрсе шөлдемес,
Қатты жүрсең қажымас,
Ақырын жүрсең арымас,
Күндіз жатсаң ұзамас,
Түнде жатсаң қозғалмас,
Тамағы бар шөкімдей,
Аз болса да қанағат,
Тілімді алсаң, қарағым,
Тұлпарды сат та, желмая ал,
Мақұл көрсең сөзімді.
Білгенімді айтайын,
Айтқан тілді алмасаң,
Сені зорлап қайтейін.

Асанға қиын тиді шалдың сөзі,
Жылаудан босамайды екі көзі.
Жасынан жанға өлшеген жалғыз аты,
Іс болды оңай емес мұның өзі.

Жарын ойлап көңіліне қайғы сыймай,
Атын және тұрады іші қимай.
Білмейді дел-сал болып не қыларын,
Көзінің ағызады жасын тыймай.

Иланды шал сөзіне Асан сонда,
Қанаты әрі серік алыс жолда.
Ат түгіл жар үшін жанын қимақ,
Тоқтады соны ойлап әрең зорға.

Кәрінің көпті көрген тілін алды,
Көп берсе де алмайды басқа малды.
«Тұлпарды желмаяға сатамын» деп,
Отырған бір тайпа елге хабар салды.
Тұлпардың жүйріктігі елге мәлім,
Шалдан басқа білмейді мұның мәнін.
Деген соң жалғыз түйе тұлпарбасы,
Әкелді бәрі де айдап түйе малын.

Жарын көрмей көңілі тына алмайды,
Түйенің Асан жайын біле алмайды.
Не жақсы атан, інген әкелсе де,
Шал жаратып ешбірін құп алмайды.

Тағы оқыңыз