Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Асанқайғы (Ілияс Ысқақов нұсқасы) (5-бөлім)

Аңыздық жырлар · Ілияс Ысқақов нұсқасы · 3 мин оқу

Кешікпей өз үйіне келді қайтып,
Көрген-білген шал жайын бәрін де айтып.
Шешесі де қала алмай жалғызынан,
Қосылды шалға келіп дәмі тартып.

Шал дағы тойын қылды тарбаң қағып,
Асанның шешесі де жүр қуанып.
Сырты қандай келіссе, іші де сол,
Екі жас махаббатқа жүр қуанып.

Кемпір-шал сүйінбесін бұған нағып,
Тіршіліктің қуаты жүрген бағып.
Мінез-құлық сипаты екі жастың
Сүйкімді болды өзгеше жұртқа жағып.

Сонымен бір-екі жыл бұлар тұрды,
Қызықпен аңын аулап Асан жүрді.
Тұңғиық алдағы өмір не қылғанын,
Тыңлаңыз, айтайын мен басқа сырды.

Бір күні Асан тұрып аңға кетті,
Келгенінше бірталай мезгіл өтті.
Кешке жақын болған соң түрегеліп,
Әйелі ас дайындау қамын етті.

Қолына шелек алып суға кетті,
Арнадан су алуға еңкейіпті.
Толтырып бір шелегін іліп алып,
Шығарып қояйын деп кейін кетті.

Екі шелек толтырып айланғанша,
Қайтайын деп үйіне ойланғанша.
Аяусыз ажал кімге сыр айтады,
Келтіріп кемеліне жайланғанша.

Арнаның айналасы қалың қамыс,
Су алған жер қопаға емес алыс.
Бір өзінен басқа мейрімі жоқ,
Қапыда іліп әкетті бір жолбарыс.
Шал да келді кешігіп келмеген соң,
Қалды шошып баласын көрмеген соң.
Жүгіріп олай-бұлай ойбай салды,
Жаны бар, амалы не өлмеген соң.

Жүгірді ойбайды естіп кемпір дағы,
Оның да құры жаны қалды дағы.
Қайта қолға келе ме өткен нәрсе,
Асанның да сол еді қайтқан шағы.

Сорлы болған кемпір мен шалды көрді,
Болғанын бір сұмдықтың және білді.
Айрылып сүйгенінен оттай жанып,
Іш күйген соң бауырлап жата берді.

Жылайды кемпір мен шал кезек-кезек,
Айрылып көз нұрынан жанып өзек.
Асан да бас көтермей жатып алды,
Кісідей алты ай жатқан бейне сүзек.

Бір күні келді Асанға құрбылары,
Замандас, әрі жолдас тұрғылары.
Жұбатып тұрғызуға жалынады,
Аяйды үлкен-кіші, жас пен кәрі.

—Қайғырма, Асан бала, көтер басты,
Өткізбе қайғыменен бекер жасты.
Шырағым, түрегеліп көңілің көтер,
Жігітке сонша уайым жарамас-ты.

Өтеді бәрімізден дүние шолақ,
Жалғанда адамзаттың бәрі қонақ.
Көтеріп көңіліңді, атыңа мін,
Қайтесің, болған шығар тағдыр сол-ақ.

Асанды ақыл айтып уатады,
Әрбірі әрбір сөзбен жұбатады.
Аспабын қолына алып тауға шығып,
Жүргенді ат үстінде ұнатады.

Бір күні үйде отырып дем қыстығып,
Азырақ келейін деп тауға шығып.
Жақындап бір биікке келгенінде,
Бір киік тұра қашты жатқан бұғып.

Көрген соң ол киікті кетті қуып,
Жақындап «а» дегенше келді жуық.
Мойнында алтындаған қарғысы бар,
Көрген жоқ мұндай аңды өзі туып.

Көрмеген бұрын мұнан аң құтылып,
Тәуір-ақ жетемін деп салды ұмтылып.
Есі-дерті қарғылы киік болып,
Қайғысы ойдан кетті ұмытылып.

Қара атты жетемін деп қамшылады,
Аққан тер сауырынан тамшылады.
Қу аяқ, бір ішек, бір киік екен,
Дарытып маңайына шалдырмады.

Осынша ұмтылса да қағып тақым,
Шағулы жерге келмес біраз жақын.
Атуға мылтығымен көрді қимай,
Өліп қалар оқ тиіп болып зақым.

Орғиды салған сайын белден белге,
Қуа-қуа бір сусыз шықты шөлге.
Не құтылтып кетпейді, не жетпейді,
Ызасы өтті мұның Асан ерге.

Қара ат та жеткізбейтін шапса желге,
Киік те келтірмейді айла етерге.
Қуады күні бойы бір дамыл жоқ,
Сонымен шығып кетті елсіз жерге.

Жалықпай Асан қуып, киік қашып,
Алдағы бір белестен кеткен асып.
«Шыныменен жеткізбей кете ме?» деп,
Асан да шықты атына қамшы басып.

Лезде көз жаздырып қалды адасып,
Таяу-ақ шығып еді араласып.
Ұшқан құс та құтылып көрген жоқ ед,
Не болды бүгін саған қара басып.
Сол жерде тұрып қалды таңға қалып,
Ыза боп, әрі шөлдеп, ашуланып.
Қараса ар жағында бір ауыл тұр,
Ойлады: «Жөн сұрайын сонан барып».

Тағы оқыңыз