Асанқайғы (Ілияс Ысқақов нұсқасы) (6-бөлім)
Аңыздық жырлар · Ілияс Ысқақов нұсқасы · 3 мин оқу
Байқамай шығып кеткен елден жырақ,
Ауылдан ішейін деп сусын сұрап.
Ит үрген, дүбірлеген дыбысты естіп,
Боз үйден бір шал шықты оқшауырақ.
Ел жөнін сұрамаққа шалдан келіп,
Алдына жақын келді сәлем беріп.
Қиналған аты терлеп өңі жүдеу,
Асаннан жөн сұрайды шал да көріп:
—Ат-тоның жат, өзің жат кім баласың?
Атың неге қиналған мұнша жаман?
Елің кім, ауылың қайда, жерің қай жер?
Шырағым, кім болады ата-анаң?
—Аң қуған мен саятшы аңдамасаң,
Қуып ем бір киікті әлдеқашан.
Ауылым Сырдарияның жағасында,
Әкем—Сәбит саятшы, атым—Асан.
Сол кезде шыға келді үйден бір қыз,
Сымбатты, орта бойлы, раушан жүз.
Асаннан көз айырмай тұра қалды,
Әдеппен деді дағы «есенбісіз?!»
Шал тұрды ойға түсіп сөзін байқап,
Тамсанды біраздан соң басын шайқап.
—Сонша алыстан күнбе-күн қайтып келдің,
Ей, балам, мына сөзің кімді алдамақ?
—Ата, мен ешкімді де алдамаймын,
Еш сөзге өтірік қосып жалғамаймын.
Аң қызығы байқатпай кетсем керек,
Қанша алыс кеткенімді аңдамаймын.
Қыз тұрып сол уақытта аз ойланды,
Асанның алды-артынан бір айланды.
«Жандының төртеуі де асылы екен,
Есіл ер өледі-ау»,—деп назаланды.
Қолында қара ителгі, қара сұңқар,
Астында қара қасқа аты нағыз тұлпар.
Қара тазы құмайдан туған екен,
Өз басы анық бекзат адамға ұқсар.
Шапса озар қара тұлпар мың мен саннан,
Көрген жоқ мұндай жігіт осы маңнан.
Суытуын таппаса төртеуі де,
Бірі қалмай өледі осы таңнан.
«Жігіттің айтқан сыры бекер емес,
Әке, сіз, таласпаңыз қылып егес.
Анық жүрсе тұлпарға алыс жер жоқ,
Қонақ болсын осында бүгінгі кеш».
Тіктірді бір ақ отауды көгал жерге,
Кез болған мұндай сапар Асан ерге.
Сол түні істегенін мен айтайын,
Қараңыз, мына қызды-ай кемеңгерге.
Мамықтап мамық көрпе төсек салып,
Шақырып үш жас қызды қасына алып,
Көтеріп ат үстіне кілемменен,
Жатқызып төсегіне өзі апарып.
Бірі бас, бірі аяқта екі жас қыз,
Сипатып қол-аяғын бір дамылсыз.
Бір қызға қол орамал берді дағы:
«Қатты ұйықтатпай, желпінтіп отырыңыз».
Тұлпарды бір балаға жетелетіп,
Бір көгал, бір тастаққа жүрді ілбітіп.
«Қатты жүрме, тоқтама таң атқанша.
Және тұрып қалмасын ұйықтап кетіп».
Қолына бір солқылдақ алды құрық,
Бір айла тапты және ойлап тұрып.
Өзеннің арнасына шаншып қойып,
Тұйғындай әкеп қойды тік қондырып.
Бар еді үй жанында аққан бұлақ,
Жағалай жағасында балдыр-құрақ.
Құмайды әкеп байлады шалғын жерге,
Бұлақтың ағысына жақынырақ.
Төрт жерден төртеуіне орын сайлап,
Әрбірін өз еркімен қойды жайлап.
Таң атқанша өзі да дамылдамай,
Кезек-кезек аралап жүрді абайлап.
Сарғайып мезгіл болып таң да атты,
Тынығып ұйқылы-ояу бұлар жатты.
Жатқызып әрбіреуін жайлы жерге,
Ұлы сәске болғанша дамылдатты.
Соншалық құрмет қылды Асан ерді,
Тамағы мен сусынын баптап берді.
Тамақтанып, тынығып болғаннан соң,
Асанды өз үйіне алып келді.
Сергіп бұлар келді кемеліне,
Кемеңгер қыздың кез боп демеуіне.
Ырза боп шал мен қызға рұқсат сұрап,
Асан да қайтпақ болды өз еліне.
Қыз сонда жайын айтып Асан ерге,
Оңаша алып барып аулақ жерге.
Жамағат, құлағыңды салып отыр,
Сөйлескен мынау екі кемеңгерге.
Сөзі өлмес білімдінің өлсе де өзі,
Артқыға болар үлгі келсе кезі.
Толқынын жас жүректің жасыра алмай,
Асанға қыздың мынау айтқан сөзі:
—Айтуға ұялсам да жүрек сырын,
Көруге ынтық едім мұнан бұрын.
Үңіліп махаббаттың тереңіне,
Тауыстым көп қадалып көздің нұрын.
Малға бай, менің әкем баладан кем,
Әрі ұлы, әрі қызы жалғыз-ақ мен.
Не байлар, не мырзалар келсе дағы,
Ешбірін өз бойыма көрмедім тең.