Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Асанқайғы (Ілияс Ысқақов нұсқасы) (26-бөлім)

Аңыздық жырлар · Ілияс Ысқақов нұсқасы · 3 мин оқу

Бұлдырап көзге күңгірт өткен заман,
Қайғысы ауырланды онан жаман.
Сейіл ме, сергердең бе жан білмейді,
Елсізде жүрді қаңғып жалғыз адам.

Бетімен келе жатып, бос сенделіп,
Жолықты түйе жайған шал кез келіп.
Шалдың берген ақылын, жақсылығын,
Айтқанда кетті әңгіме бір өзгеріп.

Онан кейін әйелге кез болғанын,
Кешікпей сондай хабар тез болғанын.
Саяхат жөн таба алмай жүрген кезде,
Қыз басында көп әңгіме сөз болғанын.

Сол қыздың сонан кейін жоғалғанын,
Білген жоқ таппағанын, табылғанын.
Өлі болса, бір жерде қалған шығар,
Тірі болса, білмеймін кім алғанын.

Жақсы болса сөзімді жұрт бағалар,
Жаман болса сынаушы мін таба алар.
Бар білгенім болған соң айтып бердім,
Ертегім осыменен бітті, ағалар...

Құмар боп ертегісін жұрт тыңдайды,
Байыпты жігіт екен сөзге ыңғайлы.
Біреуі «атың кім?» деп сұрап еді,
Жасырам ба, айтайын, атым—Қайғы.

Ұқпағандар мазақтап күліп жатты,
Байқағанды сөзіне таңырқатты.
«Қайғы үстінде туған соң, әкем өліп,
Қайғы» деп шешем мені қоя сапты.

Басында бір қайыршы қонақ көрді,
Қызыл тіл ішкі нәрден хабар берді.
Қатарына қонақтың отырғызып,
Оны да көппен бірге құрметтеді.

Түйелі қала тұрсын өз жайына,
Көшейік басқа сөздің ыңғайына.
Не шығады аузынан, не айтады,
Ел Түменнің қарайды райына.

Қайтпаққа айналған соң ел жағына,
Ұл едің туған қалап жұрт бағына.
«Қайтесің біз сорлыны»,—деді кемпір,
Көзінің жасын төгіп жылады да.

Ақыл айтып апа менен жездесіне,
Қош айтысып ауылының өзгесіне.
Түмен батыр аузынан уәде берді,
Жаз шыққан соң ел жиып іздесуге.
Керікпен кер заман келген шақта,
Мастанған біреу малға, біреу баққа.
Ол ару өлі ме екен, тірі ме екен,
Кеткенін енді айталық қай тарапқа.

Әйел де толып жатыр талай дана,
Тар жерде табылғандай іске шара.
Өзінен күш кеткенін білгеннен соң,
Бір ақыл ерте ойлапты Бану бала.

Шақырып бір жігітті алып келіп,
Тамақ, киім көп нәрсе ақы беріп.
«Көрінбей еш адамға, сырыңды айтпай,
Барып келсең қайтеді ерлік қылып».

—Нағашым қара көсе—Күлік, Түмен,
Сұраймын көп жалынып аға сенен.
Бір ауыз жауап сонан алып келсең,
Астыңда мінген атты тағы берем.

Сәлем айт Күлік, Түмен нағашыға,
Мен қалдым дос-дұшпанның табасына.
Ішінде алтын шелтік тоты құс ем,
Тауықтың жетпей қалдым бағасына.

Көз жасымды ескеріп бірің келмей,
Тірідей мына отқа саласың ба?
Арқа сүйеу тірегім, ер нағашым,
Құтқарып мені тордан аласың ба?
Зорлыққа басты байлап, лайық десең,
Сейіптің қолыңнан бер баласына.

Көрінбей, сырын айтпай жүріп кетті,
Күндіз жатып, жүрісті түнделетті.
Жайлауда жақынырақ болады екен,
Бес түн қатып ауылына келіп жетті.

—Ауылы осы,—деді Түмен батыр,
Көгалда тігулі тұр бір ақ шатыр.
«Рұқсат болса, қонамын» дегеннен соң,
Біреуі бастап шатырға келе жатыр.
—Күн ерте, мезгіл емес қонақ қонар,
Сөйтсе де ретім бар қонақ болар.
Оңашалап өзіне айтатұғын
Батырға бір құпия жұмысым бар.

Батырға айтқан сөзін айтып келді,
Барған жігіт жүгіріп қайтып келді.
Асығып жұмысың не дегеннен соң,
Сәлемін Гүлбанудың айтып берді.

Түмен естіп бұл істі ашуланды,
Күлікті де шақырып қасына алды.
«Қол жиямын, шабамын Сейіпті» деп,
Елінің адамына хабар салды.

Ел үрпиді, кенеттен жау келді ме,
Немесе Ерсін бұзылып, ер өлді ме.
Бәрі келді жиылып шақырған соң,
Бір нәрсе асатынан кез келді ме.

Хабарға мына жігіт бұрын келген,
Кісі жоқ бұрынырақ хабар берген.
«Шабамын Сейіп бидің ауылын барып,
Қалмасын еркек кіндік атқа мінген».

Аңыздық жырлар

Барлығы: 81 аңыз

Тағы оқыңыз