Асанқайғы (Ілияс Ысқақов нұсқасы) (25-бөлім)
Аңыздық жырлар · Ілияс Ысқақов нұсқасы · 3 мин оқу
—Менде жоқ, ей, ағалар, ондай өнер,
Жөн сөзге үлкен түгіл бала көнер.
Ойын-күлкі басымнан ерте қашқан,—
Дегенде, мазақ қылды үйдегілер.
Түменнің біреу тұрып жолдасынан,
«Қартайған адамбысың жас басыңнан?»
Түйелінің сырына жете алмады,
Тегінде ойы бөлек басқасынан.
Түк білмеймін дегенің жарамас-ты,
«Айт-айт» деп жан-жағынан қамаласты.
Сөзге келсе ешкімнен жеңілмейді,
Қалжыңдасып, қағысып, шамаласты.
Кісі жоқ мұның жайын аңғарғандай,
Сөзіне естігендер таң қалғандай.
—Түк білмесең, қотыр торғай ертегін айт,
Не болмаса білгенің бар ма сондай?
—Онша әуес емес едім ертегімен,
Қинадың білмегенге мені неген?
Бір-ақ ертек болушы еді бар білгенім,
Ұмытпасам айтайын, тыңдаңыз, мен.
Сөзімді жібермеске сонша ұзатып,
Шегініп басқа сөзге кеттім қайтіп.
Ертекші—өзіміздің саятшы Асан,
Байқарсыз ертегіні де берсем айтып.
Кірісіп әңгімеге кетті сөйлеп,
Бұрыннан жүрмесе де сауық күйлеп.
Түсінікті сөзбенен, әсерлі үнмен,
Еріксіз тыңдаушыны алды билеп.
—...Есепсіз өткен бұрын бір көп заман,
Өтіпті сол заманмен бірталай жан.
Мергендік, аңшылыққа аты шыққан
Болыпты Асхат деген саятшы адам.
Басынан болған екен баладан кем,
Мергендікте болмапты бір адам тең.
Елу жасқа келгенде бір баланы
Кейінгі әйелінен көрген екен.
Бала зары кетпеуші еді бұрын ойдан,
Көргең соң қуанышқа көңілі тойған.
Шамасынша той қылып, елді жиып,
Баланың «Саяхат» деп атын қойған.
Мен оны кісі емеспін көрген көзбен,
Естіп ем ертек болып қалған сөзден.
Саяхат мағынасында араб тілі,
Айтады жолаушыны жаһан кезген.
Келгенде алпыс жасқа әкесі өлген,
Кезі еді Саяхаттың онға келген.
Аты өзге әңгіменің заты өзге емес,
Айтады кемшілікті өзі көрген.
Әбу Садық шалды айтты одан кейін,
Қайыптың қызын алған кезге шейін.
Тілінен бал тамғандай сорғалатып,
Тыңдаушыны өзіне тартты бейім.
Кезікті жерге келсе қайғы шалған,
Мұңды сөзбен тарқайды іштегі арман.
Екі шалдан бітіріп әңгімені,
Сөйледі өмір жолын басқа салған.
Басқа сөзден бұл сөздің жөні бөлек,
Байқамай ма тыңдаған болса зерек.
Онан кейін не көрді, қайда жүрді,
Сіздерге қысқашалап айтсам керек.
Жар үшін қайғы тартып жанып-күйіп,
Кез болды айдалада жалғыз киік.
Аңқұмарлық әдетпен қуып кетті,
Оның арты байғұсқа болды күйік.
Атын атап адамға сездірмейді,
Талдырып тыңдаушыға бездірмейді.
Аты басқа болғанмен әңгіменің
Ішкі сөз, сырт бейнесі өзгермейді.
Әңгіме мына жерден басталғанда,
Адасып ол киіктен бос қалғанда,
Көрінген бір ауылға кезі келіп,
Құрметтеп бір сұлу қыз қарсы алғанда.
Ол қыздың баяндайды күткен жайын,
Ағылтып ағызады тілдің майын.
Еңсесі кемпір-шалдың есі кетті,
Түйелі әңгімесін айтқан сайын.
Сөйлейді талдап-талдап ентелетіп,
Болар ма қызыл тілге мұндай жетік.
Тартқандай аппараты құдежніктің,
Келтірді көз алдына елестетіп.
Тартынсын ба айтар жер кез келгенде,
Қызыл тіл, өткір алмас безелгенде.
Болады әрі сусын, әрі дауа,
Еріні махаббаттың кезергенде.
Қызбенен қайтып кетті уәде етіп,
Жігіт болса келмей ме сертке жетіп.
Көрген түстей бір бұлдыр ойын керіп,
Кемпір-шал жылап жатыр есі кетіп.
Бұл әңгіме кейінге қайта оралды,
Не болғанын біле алмай кемпір-шалды.
Екі қайғы қат-қабат бойын жеңіп,
Кәрілер көтере алмай өліп қалды.
Мезгіл өтті, күз болды, қыс тақалды,
Сорлыға өмір жүгін ауыр салды.
Үш мола, ел мен жерге амандасып,
Қаңғырып көшкен жұртқа қайта барды.
Көрген жоқ бетін бұрын, таба алмады,
Қайғылы ой, мұңлы көңіл алаңдады.
Зарын айтып, жалынып сұрағанмен,
Бір жауап табиғаттан ала алмады.
Өзен-көл, тау мен дала, орман-жартас,
Бетін түзеп бір жолға сала алмады.
Сипатын, мінез-сырын айтса дағы,
Дүлей құз, меңіреу түнек қозғалмады.
Торығып ой жұмбағын шештіре алмай,
Жүре берді, жолынан қала алмады.