Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Еділ мен Жайық батыр (5-бөлім)

Аңыздық жырлар · 3 мин оқу

Ақтұйғындай балдырды,
Сол сұлудың қайғысы
Ер жүрегін талдырды.
Ақтұйғындай сұлудың
Сүйіспендік қайғысы
Ер жүрегін жандырды.

Ұйқысы қанып, нұрлы бет
Ақтұйғын сұлу оянды.
Дайындалып Еділ ер,
Жүретін мезгіл таянды.
Ақтұйғындай сұлуға
Жол жүруі батырдың
Жүрегіне аян-ды.

Сұлу тұрып орнынан,
Жібек шашын тарады,
Алды-артына қарады.
Жүргелі тұрған батырдың
Иығына артыла,
Мойнына құшақ салады.
Ақша жүзі албырап,
Көзіне жас алады.
Жүректе қайғы, құса боп,
Көзінің жасы домалап,
Көгал жерге тамады.
Еділ батыр жүрмекке,
Көк арғымақ мойнына
Жібек арқан тағады.

Бәйшешектей мөлдіреп,
Қызғалдақтың гүліндей
Екі беті албырап,
Иығы түсіп салбырап,
Буыны құрып салдырап,
Еділ ердің күйігі
Сұлудың сымбат денесін
Күйдірет те, жандырад,
Сұлуды естен тандырад.

Жүрейін десе Еділ ер,
Сұлуды көзі қимайды.
Жүрмейін десе сапарға,
Жайықсыз көңілі тынбайды.
Сонда тұрып Еділ ер
Жүректі біраз ашпаққа,
Мауқын сөйтіп баспаққа,
Құшақтап тұрып сұлуды,
Сонда батыр жырлайды:

—Қанатын жайса арғымақ,
Құстай болып ұшамын.
Бір сен үшін, Ақтұйғын
Жазылмайтын құсамын.

Көк арғымақ баурынан
Талай жерде қан ақты.
Дүниеде таппадым
Мұнан артық қанатты.
Жылама, көздің жасын ти,
Мені Құдай әуелде
Бір сен үшін жаратты.
Ажал жетсе далада,
Қаза тауып өлермін.
Қарсы келген дәу болса,
Талайын қанмен бөгермін,
Қанын судай төгермін.
Ажал жетпей Құдайдан,
Мезгілсіз қайтып сөнермін.
Тірі болсам дүниеде,
Жайықты көріп келермін.
Ажал жетіп өлмесем,
Ақтұйғын, сені бір күнде
Қайта айналып көрермін.

Әй, Ақтұйғын, Ақтұйғын!
Сүйіп алған жар едің.
Қарсыласқан жау келсе,
Қарсы шапсам бір өзім,
Мың сан қолға пар едім.
Өзіңдей жармен тұруға,
Мен жасымнан зар едім.

Өсіп тұрған гүлімсің,
Жанып тұрған нұрымсың.
Жанға қысым келгенде,
Аузымдағы жырымсың.

Сені өмірде қия алман,
Көздің жасын тия алман.
Батыр болдым жасымнан,
Талай іс өтті басымнан.
Қош-аман бол, Ақтұйғын!
Кетемін енді қасыңнан,—

Деп атына мінеді,
Жолдассыз жалғыз жүреді.
Бұрылмады артына,
Қамшы басты атына.
Ұзақ жолға бет алып,
Қайратқа сүйеп қайғысын,
Түсті батыр қалпына.
Сол кеткенен кетеді,
Талай қия құздардан
Қырқалай кесіп өтеді.
Аз ғана жер жүрген соң,
Көңілді батыр көтерді.

Еділ ер соныменен бара берді,
Сүйген жары артында қала берді.
Еділді іздеп елінен Жайық шықты,
Жаратып мықынынан Танагерді.

Танагер шапса тізгін тартады екен,
Жүрісі шапқан сайын артады екен.
Жол жүріп неше күндей Жайық батыр,
Демалып бір өзенде жатады екен.

Жатқан жері қарағай, қалың ағаш,
Мына жағы Үңгір тау, биік жартас.
Жезтырнақ, дию-пері мекендейтін,
Жәндіктер неше түрлі адамға қас.
Жайбарақат дем алып батыр жатты,
Сезініп, ешнәрседен қауіп қылмас.
«Бір аң атып» жесем деп батыр жатты,
Ет жемеген неше күн қарны аш.
Түшіркеніп дем алып жаңа ғана,
Тиіп еді ұйықтауға шалғынға бас.

Сол арада ер Жайық ызғап кетті,
Жақын жерден бір хайуан дүбірлетті.
Дүбірлеген дыбысқа қараймын деп,
Жайық батыр оянып тұрып кетті.

Ер-тоқымды, тұсаулы жалғыз құлан,
Үркіп келед елеңдеп онан-сонан.
Ұстамақ боп байқады алды-артынан,
Ұстатпады бұлтақтап бұлан-талан.

Ашулы батыр садақ қолына алды,
Қос оқпен сығалап қырына алды.
Ойқастап бет алдына келгенінде,
Құланды құлшындырып басып қалды.

Бүкшиіп дір-дір етіп құлан тұрды,
Оқ өтті қос өкпеден сегіз қырлы.
Азық үшін құланды атып алып,
Жаратқанға Ер Жайық шүкір қылды.
Құланның етін турап, қарынға сап,
Көмді да қоламтаға, көңілі тынды.
Үстіне қарағайды қойды жағып,
Қазансыз ет пысырды қайла тауып.
Отты өртеп үсті-үстіне жағып жатыр,
Иенде ешнәрседен қылмай қауіп.

Аңыздық жырлар

Барлығы: 81 аңыз

Тағы оқыңыз