Асанқайғы (Ілияс Ысқақов нұсқасы) (3-бөлім)
Аңыздық жырлар · Ілияс Ысқақов нұсқасы · 3 мин оқу
Жер танып аңшылармен көрді жолды,
Аты мен аспабына көңілі толды.
Мылтық түзу, құс-қыран өзіне сай,
Тазысы мен аты да жүйрік болды.
Ешбір аң құтылмады көзі көрген,
Аңшылық Асанға да бақыт берген.
Тұсында құрбысының алды болды,
Атағы асып кетті дүйім елден.
Сонымен үш-төрт жыл тағы да өтті,
Асан бала жиырма жасқа жетті.
Күн сайын абыройы жоғарылап,
Дабысы жас та болса көпке кетті.
Нұрлы жүз, көзі өткір, жаны отты,
Ары бар мейірімді, әділетті.
Алады тез түсінік айтқан сөзден,
Аузы сөйлер сөзге және де епті.
Көрмеге сырты сұлу, орта бойлы,
Саналы және тапқыр терең ойлы.
Сөзіне, ақылына, мінезіне
Сол кезде көрген жанның көңілі тойды.
Бір күні шешесі айтты баласына,
Көзінің ағы менен қарасына.
Аналық мейірі түсіп, емшегі иіп,
Ой салды жалғызының санасына.
Асан да қарай қалды анасына,
Қараңыз шешесінің данасына.
—Әкеңнің және де айтқан бір ісі бар,
Ерінбей тілімді алып барасың ба?
Атадан жалғыз қалды сенің басың,
Алпыстан асып кетті менің жасым.
Алда ағаң, қарағым, артта інің жоқ,
Иә болмаса, жанашыр қарындасың!
Атаның сен көрмедің тарбиясын,
Тәуекелмен бір жүрген жалғыз жансың.
Бас ауырып, балтырың сыздаса да,
Сүйікті болғаны жөн бір жолдасың.
Асан білді естіген сөздің жайын,
Аңғарып мағынасын қылды пайым.
Жүзіне ұялғандай әсер кіріп,
Бір қызарып, бір тершіп айтқан сайын.
Шешесі де байқады ұялғанын,
Әйтеуір сөз мәнісін ұға алғанын.
Айтайын ойымдағы бар сырымды,
Сен білмейсің, қарағым, маған мәлім.
Айтпаймын жалған сөзді тіпті неген,
Әкең сенің туғаннан қамың жеген.
«Асанжан ержеткенде есіне сал,
Онан бері адамға айтпа» деген.
Қарағым, сөзім мынау саған айтар,
Әрненің ақылды адам сырын байқар.
Шырағым, атыңа мін, аспабыңды ал,
Бұл дағы бір керекті іс барып қайтар.
Ей, балам, сөзді асықпай ұғынып ал,
Бар еді бәлен жерде тағы бір шал.
Дос еді әкеңменен шын ниетті,
Деп еді және айтысқан уағдасы бар.
Бір кезде о да болған ердің ері,
Әрі аңшы, әрі есті, әрі сері.
Жағасы Сырдарияның бір түбегі,
Деуші еді сол кісінің тұрған жері.
Деуші еді сол кіснің аты—Қайып,
Сөзімнен жалған шықса, маған айып.
Сол шалмен өзің барып танысқанша,
Сырыңды айтпағайсың жұртқа жайып.
Бар еді сол адамның жалғыз қызы,
Оған да өтіп еді бала сызы.
Қоспақ боп екеуіңді ержеткенде,
Байласқан қатты уағда айтқан сөзі.
Кісі ақыл-ойға ол да зерек,
Жасында құрбысынан шыққан ерек.
Әкеңнің айтуына қарағанда,
Танбайтын уағдасынан болса керек.
Жастықта ол да жүрген сендей заулап,
Бұл күнде жалғыз өзі жұрттан аулақ.
Жас жетіп, ат үстінен қалғаннан соң,
Естимін күн көред деп балық аулап.
Асан жас сөзді ұғып, ойда қалды,
Көңілге әрбір түрлі толғау салды.
Жеңдіріп аяғында санасына,
Бармаққа шалды іздеп даярланды.
Аспабын қолына алды, аты дайын,
Қара ат та желдей есті жүрген сайын.
Бет алып шалға таман жүріп кетті,
Ұғынып анасынан барлық жайын.
Зар желіп тоқтамастан Асан кетті,
Арада біраз ғана уақыт өтті.
Әркімнен жөнін сұрап Қайып шалдың,
Қоналқалық мезгілде келіп жетті.
Көрінді сол түбекте бір балаған,
Жиекте бір адам жүр жағалаған.
Ешбір жан онан басқа көрінбейді,
Іздеген шал осы-ау деп шамалаған.
Бұрылмай тура жүріп Асан келді,
Бір шал жүр ау ұстаған, көзі көрді.
Қармақ сап, ауға қарап отырғанда,
Дауыстап арт жағынан сәлем берді.
Қайып шал отыр еді суға қарап,
Балықтар жүр жем аңдып жанасалап.
Тұтқиылдан бір дыбыс естіген соң,
Басын шал жұлып алды тамашалап.
Шал дағы танушы еді аттың сынын,
Байқаушы ед көрген жерден ердің сырын.
Бұл күнде ат мінуден қалса дағы,
Ұстаған нелер тұлпар бұдан бұрын.