Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Асанқайғы (Ілияс Ысқақов нұсқасы) (20-бөлім)

Аңыздық жырлар · Ілияс Ысқақов нұсқасы · 3 мин оқу

Еліне мұңын айтып зарланады,
Кемпір-шал енді кімге алданады.
Ыза көрген, қайғымен жүрек күйік,
Айтпауға оған несін арланады.

Кемпір-шал зарын айтып жылап отыр,
Мұңлы адамдар көз жасын бұлап отыр.
Көзінен жас шықпаған қатты жандар
Қалайша жаны күймей шыдап отыр.

Кемпір-шал көп жылаудан талығады,
Еліне «іздеңдер» деп жалынады.
Үлкендер жиналысып ақылдасты,
Іздегенмен қай жөннен табылады.

Даладан таба алмаспыз жоқты қарап,
Мал емес сұрау салар жұртты аралап.
Ізделік жиналысып ақыл қосып,
Кетпесін әшкере боп жұртқа тарап.
Хабар айтып қоңыраттың баласына,
Рудың басы есепті ағасына.
«Құпия ақылдасып сөз қосалық,
Дұшпанның қалмағаймыз табасына».

Жақында жиналмаққа атқа мінді,
Белгілеп дүйсенбі деп сәтті күнді.
Көрмесе де баласы табылғандай,
Азырақ шал-кемпірдің көңілі тынды.

Рудың жиналысты ағалары,
Сол күндегі бастаушы даналары.
Әрбіреуі әртүрлі жору айтты,
Білімнің келгенінше шамалары.

Біреу айтты:—Ізделген бұдан бұрын,
Арқаның арылтып ед талай жерін.
Қаратаудан Сарысу, Сырға шейін,
Кезгенде еш таппаған оның сырын.

Біреу айтты:—Өлмесе жүрген шығар,
Қорлық көріп ызамен күйген шығар.
Ақыл-айла, білімге зерек еді,
Жөнін тауып бір жерде тұрған шығар.

Біреу айтты:—Ызамен өлген шығар,
Ажалдың құрығына көнген шығар.
Жоқ па екен сыр айтатын бір адамы,
Бір сезім сондай біреу білген шығар.

Ұйлығып бір-біріне жұрт қарасып,
Кәрі-жас, әйел-еркек араласып.
Қарайды шал мен кемпір ел аузына,
Ақылдан бұрын қалған мүлде адасып.

Бір жігіт түрегелді көпке қарап,
Аузына қарай қалды жұрт анталап.
—Сөзімнің қата болса, айып етпе,
Берейін көргенімді сізге санап.
Сіздерге мәлім емес менің жайым,
Аузыма бір ауыз сөз келді дайын.
Банудың біраз сырын білуші едім,
Қабыл көрсең мәнісін мен айтайын.

«Айт-айт» деп отырған көп мақұлдасты,
Ентелеп бәрі соған жақындасты.
Жігіт ед сөйлер сөзге тілі шебер,
Бір-бірлеп әңгіменің бетін ашты.

Жайлауға елдің көшіп барған кезі,
Шырайлы көрінді елге жігіт жүзі.
Үйіне шақырды да Бану мені,
Сондағы мынау еді айтқан сөзі:

«Ағатай, сізге азырақ мұң айтамын,
Онымды қалжың емес, шын айтамын.
Жүректе шешілмеген бір сырым бар,
Ойлай берсем, дертімді ұлғайтамын.

Кемпір-шал, әкем менің дәулетке бай,
Жалғыз-ақ ұл бала жоқ оған орай.
Ұлдан кем әке-шешем көрмесе де,
Талай байлар жіберді мені сұрай.

Өсірді еркелетіп бір басымды,
Өткіздім қызық көріп жас жасымды.
Бір қиял ой жеңді, есімді алды,
Білген соң бір орында тұрмасымды.

Демеймін мал мен сәнді қызықтаймын,
Керек болса, өзімде бәрі дайын.
Келісті, қанша сәнді болса дағы,
Сырын көрмей сыртына қызықпаймын.

Махаббат жүрегіме бір сыр салды,
Оныменен қоймады, бойымды алды.
Сыртынан даңқын естіп бір жігіттің,
Көруге ынтам соған құмарланды.

Сыртынан естісем де, жері алыс,
Болмаса айтқан сөзім сізге шалыс.
Ағатайлап, құшақтап көп жалынды,
Бір хабар алып берсең, болса таныс.

Бар дейді бір саятшы Асан деген,
Естігенім болмаса көрген емен.
Бір көруге құмармын сол жігітті,
Білсеңіз, хабар әкеп берсең екен.
Туралап мұнда кел деп шақырмаймын,
Сыр-сипатын байқамай бас ұрмаймын.
Мал, дәулет, сән-салтанат керек емес,
Кедейсің деп бойымды қашырмаймын.
Көңілім сүйсе, қайтпаймын уағдамнан,
Онымды тағы сізден жасырмаймын.

Көңіліңе болса сөзім ұнағандай,
Іс емес адам дәті шыдағандай.
Неше жылдай үйреткен киігім бар,
Жүректі ер, жүйрік тұлпар сынағандай.

Өлкеде осы отырған бірталай ел,
Талапты толып жатыр жас жігіттер.
Жүрегім лайықтап сізді тапты,
Алдынан сол киікті қашырып бер».

Тағы оқыңыз