Қобыланды батыр (1-бөлім)
Қобыланды · Құлзақ нұсқасы · 2 мин оқу
Қиссасын Қобыландының айтсам терең,
Қазақтан ол батыр ғой шыққан ерен.
Ерлігін бүкіл әлем білсе дағы,
Жыршы боп хикаясын айтып берем.
Ер еді халық үшін еңіреп туған,
Сондықтан жауға қарсы белін буған.
Тұлпар мініп, ту ұстап, садақ тартып,
Халықтың ауыр күнде кегін қуған.
Тоқтарбай Қараспанды мекендеген,
Үлкен тау қалың қыпшақ өткен деген.
Малы көп, перзенті жоқ, қайғы жайлап,
Дүниеден жылауменен өтем деген.
Тоқсан құл малға ие, баласы жоқ,
Күндіз-түні зар жылайды баласыз боп.
Қалың ел есіркейді ессіз байды,
Жүреді көтере алмай қамқоршы боп.
Болады көңілі жай, ішкенде шай,
Толар көңіл болғанда барлығы сай.
«Мұрагерсіз, тұяқсыз өтем бе»—деп,
Жылайды күні-түні бұл Тоқтарбай.
Халқына қайырымшыл бұл Тоқтарбай,
Береді қайыршыға бір-бірден тай.
Кетеді әр тарапқа даңқы шығып,
Қатардан асып тұрған рақымшыл бай.
Тек арманы дүниеде—жалғыз бала,
Күші, ақылы сай болған дана.
Он бермей, он бес бермей, біреу берсе,
Мың құлға татитұғын жеке қара.
Осы арман көңіліне салған жара,
Өткізген Тоқтарбайдың күні қара.
Аналықта жылайды, тынбайды үні.
Осылай қос кәрінің өтті күні.
«Жастық өтті, кәрілік жетті» деп осылай баладан үмітсізденіп жүргенде, тас емшегін жібітіп, тар құрсағын кеңітіп, алпысқа келген Аналық бір ұл, бір қыз тапты. Тоқтарбай қатты қуанды. Аяқ жетер жерге шабармандарын жіберді, Қараспанды қаптап жатқан қалың қыпшақтың тайлы-таяғын қалдырмай жинады. Ат жарыс, балуан күрес, үлкен той болды. Қырық қазан асылды, жылқыдан айғыр, түйеден бура, қойдан қошқар сойылды. Табақты атпен тартты. Әр жерден даяшылар қойылды. Той қырық күнге созылды.
Той қылып қырық күндей етті жиын,
Ықыласпен келгендерге беріп сыйын.
Аналық өз көзінен таса қылмай,
Балаларға жеке қара тікті үйін.
Бесігі алтынменен жабдықталған,
Арналған неше түрлі қымбат бұйым.
«Қобыланды, Қобыланды» деп бала аты,
Ата-ананың сүйгенде мейірі қанды.
Қарлығаш деп қойды қыздың атын,
Қайтып шыдар, қуанбай дәті.
Берерде тілегіңді бір Құдайым
Түседі осылай боп істің сәті.
Ер жетіп келді алтыға екі бала,
Мергендікпен жүреді кезіп дала.
Төсегі жер, жастығы тас боп өскен,
Қобыландының мекені тау мен дала.
Ит жүгіртіп, құс салып кәсіп еткен,
Аңшылықтың қызығын нәсіп еткен.
Жүргенде салып сайран ел ішінде
Осылай күн артынан күндер өткен.
Кемеліне келісіп толықсыған,
Қобыланды кәмелеттік жасқа жеткен.
Түзетті қару-жарақ саймандарын,
Ер салды тобыршаққа сайлап бәрін.
Естеместі өзінен қалдырмайды,
Орындауға шықса егер ойға алғанын.
Бір мезгілде аңға жалғыз шыққан Қобыланды аңның қызығына түсіп, елден ұзап кетеді. Сол күні қалың тоғайлы бір биік таудың ішіне түнейді. Тау арасында ұйқылы-ояу жатқан Қобыланды алыстан сыңсып жылаған бір зарлы үнді естиді. Бұл үнді есітіп, Қобыланды шыдап тұра алмайды. Сол үн шыққан жаққа жүріп кетеді. Сол үнге келсе, үстіне қара жамылған, шашын жайған бір әйел екен дейді. Ол қасына келген Қобыландыны сезбеген кісідей өксіп-өксіп жылайды.