Қобыланды батыр (18-бөлім)
Қобыланды · Құлзақ нұсқасы · 2 мин оқу
Қобыланды сөзін айтып болған соң, Қарлыға:—Мен екеуіңізді де босатайын, өзім де мұсылман болып, сіздермен бірге болайын,—деп, екеуін де босатады. Бірақ Қобыланды тұрмайды, көтеріп тұрғызғысы келіп еді, Қарлыға Қобыландының бір аяғын да көтере алмады. Кеше бір қолмен көтеріп әкеп, бүгін бір аяғын қозғалта алмағанына Қарлыға таңданды. Ақырында Қараманды жіберіп, жылқыдан алдыртып, санына қылбұрау салып, Тайбурылды шыңғыртады, сонда Қобыланды шыдай алмай, ашуланып, жүгіріп шығады. Сонда Қарлыға:—Кел, батыр, атқа мін, үйде жатып жаудан кек алмас болар, майданға шық,—деп, Қобыландыны атқа мінгізіп, өзі жаяу еріп, әкесінің жылқысын айдасып жүре береді.
Артық туған Қобыланды
Тайбурылға мінеді.
Бадана көзді ақ сауыт
Денесіне киеді.
Беліне байлап болатты,
Қарына найза іледі.
Қараманмен екеуі,
Арманда қалған қос батыр
Көбікті ханның жылқысын
Айдап ала жөнелді.
Артық туған Қарлыға
Бозжорға аттай ырғалып,
Асқар-асқар бел қалып,
Ата-ана, қарындас,
Қалың шәһар ел қалып,
Туып-өскен жер қалып,
Қобыланды еске түскенде,
Қыздың шері қозғалып.
«Бір жасаған Құдайым
Қай сын салса, көнем,—деп,
Арманым жоқ дүниеден
Қобыландымен бас қосып,
Бірге жүріп өлсем»,—деп,
Өзі жаяу Қарлыға
Қос батырмен қосылып,
Әкесінің жылқысын
Бірге айдасып келеді.
Құба дөңнен өткенде,
Сарыөзенге жеткенде,
Көбіктінің Тарлан ат
Әуеге қарап есінеп,
«Ием бе» деп кісінеп,
Жау екенін білген соң,
Жылқы ішінде ала-ды,
Қайта айналып шәһарға
Тарлан ат қашып барады.
Жалғаса қуған екеуі
Қарасын көрмей қалады.
Өзі жаяу Қарлыға
Тарлан аттың артынан
Бұ да салды қалаға.
Ат та келді қалаға,
Қыз да барды қалаға,
Өтірік емес, жан аға.
Қыздың ойы ғашықтық
Қобыландыдай балаға.
Тарлан ат қашып келіпті,
Естіпті дүбір Көбікті.
Ат барған соң Көбікті,
«Ат ертте»,—деп желікті.
Сол дыбыспен Қарлыға
Әкесіне келіпті.
Қарлыға келіп сөйлейді:
—Көзге түсер биік там,
Таң болар мені көрген жан,
Ұйқыңды бұзба, атажан.
Сорлы атам неге желіктің,
Өзім жаңа байладым
Өзіңе серік тұлпарың
Жем жейін деп келіпті.
Осы сөзбен Қарлыға
Көбіктіні жатқызды,
Әбілетке батқызды.
Тарлан атқа Қарлыға
Алтын тұрман ер салды,
Аз ғана азық жем салды.
Қобыланды еске түскенде,
Қыздың шері қозғалды.
Ақмоншақ атқа мінеді,
Ноғай бөркін киеді.
Төбе шашын түйеді,
Ақ сүңгісін қолға алып,
Оқ жыландай толғанып,
Қобыландыға қосылып,
Әкесінің жылқысын
Бірге айдасып жөнелді.
Сарыөзенге келгенде,
Күн сәскеге жеткенде
Тарлан аттың інісі
Оттамайды, жусайды,
Бүкжеңдеп жүрмей келеді
Жамандатқыр көк бесті—
Қашаған көктің інісі.
Жылқы ішінде ала-ды,
Қылшық жүнді қара-ды.
Әуеге қарап есінеп,
«Ием бе» деп кісінеп,
Жау екенін білген соң,
Құс құйрығын тарады.
Желкесіне қарады,
Бауырынан жарады.
Қайта айналып көк бесті,
Шәһарға қашып барады.
Жалғаса қуған үшеуі
Қарасын көрмей қалады.
Қашып барып көк бесті,
Қаласына еніпті.
Есітіп дүбір Көбікті,
Ат барған соң желікті.
Кеткенін біліп қызының,
Қаһарланып Көбікті,
Көк бесті атқа ер салды,
Аз ғана азық жем салды.
Ат басындай тас шоқпар
Көбікті батыр қолға алды.
Көбікті мініп аттанды,
Бұрынғы тартып салтына.
Жылқысын алған жаулардың
Көбікті түсті артына.