Қобыланды батыр (5-бөлім)
Қобыланды · Құлзақ нұсқасы · 2 мин оқу
Сонда Қобыландының алдынан Қызыл ердің Қаратай, Қаранас дейтін екі баласы шығады.
Қызыл ердің баласы
Қаратай мен Қаранас
Қобыландыға қарсы барады,
Күжілдеп айқай салады.
Бір-бір түртті Қобыланды,
Осы жерде екеуі
Кірпідей домалап қалады.
Қаратай мен Қаранас
Соғысуға жарамас.
Көксиген түгі тұтам боп,
Қаһарлы жас Қобыланды
Оларға тіпті қарамас.
Сонда Қызыл ер сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
—Атыңды айтшы, жас бала,
Бар қыпшаққа бас бала.
Қобыландының өзі болмасаң,
Қыламын тілсіз масқара.
Сонда Қобыланды сөйлейді:
—Атаңа нәлет малғұн нас,
Неден болдың маған қас?
Жылқымды неге айдайсың,
Айт жөніңді, өзің қайдансың?
Ел иесіз дедің бе,
Жер иесіз дедің бе?
Мал иесіз дедің бе,
Тегін жатқан дүниеде
Дүние-мал бар дедің бе?
Менің атым—Қобыланды,
Әкем аты—Тоқтарбай.
Жеті кәміл пірлерім,
Қобыланды тағы сөйледі:
—Малшымды қырып нақақтан,
Жылқымды топтап айдасаң,
Жөн сұраған адамға
Жөн бермейтін қандайсың!
Батыр болсаң тайлықпай,
Қарсылас енді, кел маған.
Жігіт болмай кетейін,
Танытпасам өзімді
Мықтап қазір мен саған!
Сонда Қызыл ер сөйлейді:
—Мен, мен, мен дүрмін,
Өрісті жайлау кең дүрмін.
Мені ойламай, жас бала,
Ақылсыз туған сен бала,
Ел бағып тұрған Құртқаны
Қуып келіп мен тұрмын.
Ел бағып тұрған Құртқаны
Желдетіп алып кетіпсің.
Алдыма келмей «аға» деп,
Басып-жаншып өтіпсің.
Менсінбеген дұшпанның
Түбіне талай жеткенмін.
Қайратым басым көрініп,
Қарсыласқан дұшпанды
Қорғасындай ерткенмін.
Әуелгі кезек менікі,
Соңғы кезек сенікі,
Кезегім бер тайлықпай!
Кезегін беріп Қобыланды,
Қасқайып қарап тұрады.
Ұятсыз, арсыз Қызыл ер
Қобыландыдай баланы
Ауырлығы мың батпан
Күрзімен келіп ұрады.
Қатты ұрылған күрзіге
Тайсалмай бұ да тұрады.
Кәміл пірлер жар болып,
Қалқанмен қағып күрзісін,
Қобылан да қайрат қылады.
Ерлер қылды намысты,
Екі көкжал алысты.
Найзалар қалды қайысып,
Қылыштар қалды майысып.
Кезегі тиіп Қобыланды,
Садағын алды қолына.
Тілеуін тілеп көп халық,
Бозқасқа айтып жолына.
Қорамсаққа қол салды,
Бір салғанда мол салды.
Таңдап алған сұр жебе
Қызыл ерге жол салды.
«Ақ кептер аттың басы,—деп,
Алтынды ердің қасы,—деп,
Қақ жүректің тұсы деп,
Өлетін жерің осы»,—деп,
Кезеніп садақ, толғанды,
Шіреніп тартты Қобыланды.
Кірістен оғы кетеді,
Дұшпанға таман жетеді,
Қақ жүректен өтеді.
Жиіркенді қара жер.
Асқақтаған Қызыл ер
Айрылды ерлік салтынан.
Елі-жұртын көре алмай,
Аулақта қалды халқынан.
Ашуға мінген Қызыл ер
Арыстандай ақырды.
Жазасын алған дұшпанның
Қанын судай сапырды.
Пайда іздеген дұшпанның
Жазасын беріп қолына,
Оқ ұшында қатырды.
Менменсінген дұшпанның
Көрінгенге зәр шашқан
Қарасын суға батырды.
Малшыларға береді
Алтынменен қапталған,
Күміспенен кептелген,
Қызыл ер тіккен шатырды.
Жыршысы келді қызылбас,
Сауға сұрап батырдан.
Қызыл ерді жамандап,
Халықты қанға батырды.
—Ей, жас батыр, жас батыр,
Қыпшақтарға бас батыр,
Мойныңызды бұрып құлақ сал,
Менің айтқан сөзіме?!
Мен—қызылбас, сіз—қазақ,
Сөйлейтін келдім кезіме.
Қобыланды жаным, жас батыр,
Жыртқыштыққа қас батыр.