Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды батыр (8-бөлім)

Қобыланды · Құлзақ нұсқасы · 2 мин оқу

Әлқисса, сонда құрдасы Қараманның аузынан мынадай сөз естігеннен кейін, Қобыланды батыр қатыны Құртқаға ашуланып, басын кеспекші болып, атына мініп тұра жөнелді.

Сонда Қобыланды батырдың
Тері тамып иектен,
Оқ тигендей жүректен.
Үш ай тоқсан болғанда,
Құтылар қошқар күйектен.
Ордалы киік орғиды
Жиелі қия үйектен.
Неше батыр болса да,
Құрдасының бұл сөзі
Өтіп кетті сүйектен.
Тобыршақ атқа ер салды,
Қамшы басты сауырға,
Екпіні ұқсап дауылға.
Тобығы меңді торы атпен
Қобыланды шапты ауылға.
Қатуланып, қаттанып,
Буырқанып, бұрсанып,
Мұздай темір құрсанып,
Қабағынан қар жауып,
Кірпігіне мұз қатып,
Аса бір қатты келеді.
Өз-өзінен долданып,
Жалаңдата қылышын,
Ар жақ пенен бер жаққа,
Етсе жолын бір Құдай,
Аттанбаққа қалмаққа.
Жоқ болса да кінәсі
Сөзге сынық қылды деп,
Егер шықса алдынан,
Батыр ойлап келеді
Бұлаңдаған Құртқаның
Басын кесіп алмаққа.
Дарбазалы есікті,
Пайғамбардан несіпті.
Үйде отырып қыз Құртқа
Дүбірін аттың есітті.
Ағыны қатты кім болсын,
Сұлтаным дағы десіпті.
Түрегелді майысып,
Қарады ашып есікті,
Қарады да қамықты.
Құстың жүні мамық-ты,
Арпа, бидай қабықты.
Көтере алмас кедейлер
Жылына бір қой салықты.
Тастай беріп қыз Құртқа
Және ашады жабықты.
Жабықтан көзін салыпты,
Қараса ерді таныпты.
Түсі суық көрінді,
Ерге болған секілді
Бір сөзбенен жазықты.
Өксіп бір енді жылады,
Енді Құртқа сасады.
Көзінен жасы сорғалап,
Бетінен қаны қашады.
Сасқаны емей немене,
Аш күзендей бүгілді.
Шыдай алмай қорыққаннан
Есік пенен төріне
Неше қайтара жүгірді.
Сасып жүріп жөн тауып,
Ақылменен ой тауып,
Түтікпенен су ішкен,
Түндікпенен күн көрген,
Төрде тұрған Бурылдың
Басын шешіп алады.
Тайбурыл атты жетектеп,
Қобыланды батырдың
Бұлаңдаған қыз Құртқа
Алдынан кетіп барады.
Бурыл емес, көк дөнен
Туғаннан жеміс, жеді өлең.
Туғаннан күнді көрмеген,
Түнектен шыққан Тайбурыл
Түлкідей көзі жайнады,
Қазандай болып қайнады,
Көлдененең жатқан көк тасты
Сулығым деп шайнады.
Он екі құлаш арқанмен
Ерігіп тұрған Бурыл ат
Аспанға қарғып ойнады.
Қыз Құртқаны көтеріп,
Бурыл көкке екі ұшты.
Салмағымен қыз Құртқа
Көтерілсе де көкке ол,
Аяғымен жерге тік түсті.
Ие болған Бурылға
Заты әйел демесең,
Сол Құртқа [да тым] күшті.
Қамығып Құртқа сөйлейді:
—Асқар таудың белдігі,
Асықтырған батырды
Құрдастың жоқ-дүр елдігі.
Жалғызыма жар болсын
Алдыңда Қадір кеңдігі.
Үш ұшар ең аспанға,
Бір ұшуың кем болды.
Мен қайтейін, Тайбурыл,
Қырық үш күннің кемдігі.
Кентті жерді жайласа,
Үзілмейді базары.
Қайда қалмас жігіттер,
Өлсе жанның мазары.
Қобыландыдай бөрінің
Тайбурылды көрген соң,
Құртқаға қайтты қаһары,
Бурылға түсті назары.
Қобыланды сонда сөйлейді:
—Көлденең ұшқан қаздаймын,
Наурыздан соңғы жаздаймын.
Ақылы жоқ мен байғұс
Бүйтіп жүрген Құртқаны
Шауып тастай жаздаймын.
Сарайда, сарай, сарай бар,
Сарайға қолды жеткізген
Қос өркешті қара нар.
Әр пендеге лайық
Өзіне Тәңірім қосқан жар.
Малы кемнің зары бар,
Әр адамның өзінің
Өзіне лайық жары бар.
Текшедейін жебеме
Қарағай сап болар ма?
Данышпан туған Құртқадан
Айрылған адам оңар ма?
Құртқа бірақ қамықты,
Төсегі жұмсақ мамық-ты.
Қобыланды батыр келгенде,
Істің қорқып алдынан,
Құртқа дайын сұлуың
Өксіп жылап тарықты.

Қобыланды

Барлығы: 307 жыр

Тағы оқыңыз