Қобыланды батыр (19-бөлім)
Қобыланды · Құлзақ нұсқасы · 2 мин оқу
Көк бесті қашып кеткен соң, Қарлыға Қобыландыға айтады:—Менің әкемді айламен алмасаң болмас, үстіндегі ақ сауытты өзім соқтырып едім. Кіндік түбінен үш көзі кем кеткен еді, сол жеріне болмаса, басқа жерінен оқ өтпейді,—деді. Қараманға жылқыны айдатып жіберіп, Қобыланды батыр жау жолында қасқиып тосып тұрып қалды.
Көбікті ханның келісі:
Белес-белес бел еді.
Өзінің кәпір халқына
Белгілі болған ер еді.
Бірде шауып желеді,
Бірде жортып келеді.
Ұлы сәске кезінде
Тау суындай сарқырап,
Ақ сауыты барқырап,
Қобыланды сынды батырдың
Үстіне келді жарқырап.
Қобыланды сонда сөйлейді:
—Басымнан дүние өттің бе,
Шыны тағдыр жеттің бе,
Өлшеулі күнім, біттің бе?
Сыңғыр қолым сынды ма,
Шыққыр көзім шықты ма?
Жалғыздық қайғы басымда,
Жолдасым жоқ қасымда.
Мұндай қайғы көрмедім
Өзімнің өмір жасымда.
Жалғыз шығып елімнен,
Артықша жедім уайым.
Шыбыным сізге аманат,
Жаратушы Құдайым.
Пірлеріне сиынып,
Артық туған Қобыланды
Қорамсаққа қол салды,
Бір салғанда мол салды,
Көп оғының ішінен
«Сұр жебе» деген оқты алды.
Суырып алған сұр жебе
Көп оғына жол салды.
Кезеуіндей кезеді,
Ойдағыдай созады.
«Қалмақы ердің қасы,—деп,
Көк бесті аттың басы,—деп,
Қақ жүректің тұсы,—деп,
Өлер жерің осы,—деп,
Толықсып келген кәпірді
Артық туған Қобыланды
Толғап тартып қалады.
Кірістен оғы кетеді,
Кәпірге таман жетеді.
Қобыландының оғымен
Көбіктінің кеудесі
Ұшып бірге кетеді.
Атта қалды бөксесі,
Оқпен кетті кеудесі.
Артық туған Қобыландының
Қабыл болды тәубесі,
Жәрдем болып бабасы.
Кәпірлерге Қобыланды
Жас күнінен-ақ өш еді.
Қылышын шауып, оқ атып,
Дұшпанын алды мұқатып.
Қобыландыны бұл сапар
Жасаған Құдай қалады,
Жеті кәміл бабаны.
Көбікті кәпір дінсіздің
Оқпен түскен кеудесі
Анадай жатқан шылбырға
Еңбектеп кетіп барады.
Шылбырын қолға алады,
Оқпен түскен кеудесі
Қару қылар қуат жоқ,
Қобыландыға қарады.
Қобыланды мініп атына,
Суырып алып қылышын,
Көбіктіні шабады.
Ерегіскен дұшпанын
Мұқатып әбден алады.
Қақ маңдайға Қобыланды
Қылышпенен салады.
Қозғалуға дәрмен жоқ,
«Қызың жетсе он беске
Атып өлтір бетпақты»,—
Деп Көбікті батырың
Сақалын жұлып жылады.
Қобыланды басқа шапқан соң,
Көбіктідей батырың
Сақалын жұлып жылады.
Екі қолдан әл кетіп,
Жаһаннамға жан кетіп,
Шоқпары түсіп қолынан,
Топырақ қаба құлады.
Көбіктіні өлтіріп,
Сәтіне ісін келтіріп,
Көк бесті атты жетелеп,
Жүрер жолын төтелеп,
Қарлығаға қосылып,
Жібектей болып есіліп,
Қарлыға мен Қобыланды
Аударыспақ ойнайды.
Артық туған Қобыланды
Ерегіскен дұшпанның
Басын жоймай қоймайды.
Белес-белес жер еді,
Белгілі болған ер еді.
«Қобыландыдан артық па,
Өліп кетсем жаным?» деп,
Алдында бір тоғайда
Қараман тосып тұр еді.
Қобыланды мен Қарлыға
Үстіне жетіп келеді.
Қараман шықты алдынан:
—Жылқы жайдым жапанға
Асқар үлкен тауға,—деп.
Артық туған Қобыланды,
Қайрат қылдың жауға,—деп.
Жетіп келді Қараман:
—Құрдасжан, бізге сауға,—деп.
Қобыланды сонда сөйлейді:
Жая менен жал құрдас,
Шекер менен бал құрдас.
Көбіктінің көп жылқы
Олжаға қоспай ал тұтас.
Қараман сонда сөйлейді:
—Мал саттым базар бөзіне,
Салсаң жылқы тоқтайды,
Арқаның қалың бозына.
Жаман-жақсы айтсам да,
Наз етемін өзіңе.
Олжаның келдім кезіне,
Құлағың сал сөзіме.
Көзің қиып берсеңіз,
Қолқа қылдым, құрдасжан,
Қарлығаның өзіне.
Қобыланды сонда сөйлейді:
—Құртқа баққан Тайбурыл
Астымда дөнен мінгенім.