Қобыланды батыр (22-бөлім)
Қобыланды · Ә. Диваев нұсқасы · 3 мин оқу
Қараманның соңынан
Айдынды Орақ, айлы Орақ,
Айбалтасы қанды Орақ.
Балалы тауда бар дұзақ.
Есіктің алды балдырған,
Нан піседі тандырдан.
Кәпірлердің көңілін қалдырған,
Қазақтың атын жандырған,
Жіңішке жирен аты бар,
Аллаға жеткен даты бар,
Бірге келді ер Орақ.
Қобыландының көп халқын
Кәпір алды деген соң,
Шақырушы—Қарлыға
Жеткен екен сол шырақ.
Артық туған Қобыланды
Еркінше шауып көсілді.
Келеді деген бұларды
Жоқ еді ердің есінде.
Артынан келіп үш көкжал
Қобыландымен бас қосып,
Есендік-саулық айтысып,
Амандасты бесінде.
Әлқисса, Қобыланды, Орақ, Қарлыға жана Қараман төртеуі бастарын қосып, көңілдері өсіп: «Бүгін тынығалық, ертең Алшағырдың қаласын шабалық» деп, мауықтарын басып жата берісті. Бұлар сөйтіп өздеріменен өздері мәз-майрам болып жатқанда, Алшағыр ханның қарт шешесі бал ашып отырып, баласы Алшағыр ханға айтқаны.
Кемпір келіп сөйлейді:
—Жалғыз ботам, Алшағыр,
Сөзіме құлақ сал, Шағыр,
Басыңды көтер жан балам!
Қастары төмен салынған,
Іздеген дұшпан жиылған,
Жалынбаса жойылған—
Бейне Қобыланға ұсайды,
Келді, балам, тұр-сәна!
Қоңқақ мұрынды, қой көзді,
Орта бойлы, нұр жүзді
Қараман келгенге ұсайды,
Келді, балам, тұр-сәна!
Жіңішке жирен аты бар
Аллаға жеткен даты бар
Орта жүздің бегі еді,
Орақ келгенге ұқсайды,
Келді, балам, тұр-сәна!
Алшағыр сонда сөйлейді:
—Қызыл тілді сөйлеткен
Қаусырма жақ пен иегім,
Сырық тартқан білегім,
Бұл сөзіңе, әй, шеше,
Қозғалмайды жүрегім.
Жоқ сөзді айтып қинама,
Қайдан келсін бұл жерге
Көбікті батыр жоқ қылған
Қобыланды батыр сүйегін.
Кемпір сонда сөйлейді:
—Жіңішке жирен аты бар,
Аллаға жеткен даты бар
Орақ келгенге ұсайды.
Ақмоншақ ат астында,
Кәмшат бөркі басында
Қарлыға келгенге ұсайды.
Қыр мұрынды, қой көзді,
Орта бойлы, нұр жүзді.
Келді, балам, Бурылмен
Қобыландыға ұсайды.
Су түбінде торқамын,
Ақ бөкендей жортамын.
Келді, балам, Бурылды
Қобыланды деп қорқамын.
Бөлінсе, балам, біздің халық,
Басыңнан көшер әруақ.
Астыңдағы алтын тақ
Сол мінер деп қорқамын.
Таңбасыз жатқан тайыңды
Таңбалар деп қорқамын.
Енсіз жатқан қойыңа
Ен салар деп қорқамын.
Шәрі байтақ жұртыңды
Сол билер деп қорқамын.
Үстіңдегі ақ сауыт
Бұйырып соққан ер Дәуіт
Сол киер деп қорқамын.
Ылдидан шапса, түсте озған,
Ертеңнен шапса, кешке озған
Томаға көзді қасқа азбан
Сол мінер деп қорқамын.
Тамыры жерге тараған,
Жапырағы әммесі
Сом алтыннан жараған
Киік пе екен деуші едім,
Тау текедей маңыраған,
Сол кесер деп қорқамын.
Атаңның жиған байтақ жұрт
Бүлдірер деп қорқамын.
Қанікейдей көрікті қыз,
Тінікейдей текті қыз
Күлдірер деп қорқамын.
Шағалаға шәулі сап,
Ілдірер деп қорқамын.
Менің өзім нашармын,
Шәрдің аузын ашармын.
Сен жатсаң да, мен жатпан,
Қанікейдей көрікті қыз,
Тінікейдей текті қыз
Жау қолында жылатпай,
Күймеге салып екеуін,
Бұл шәһардан қашармын.
Ат жеккізіп қу кемпір,
Қызын салып күймеге,
Қолына тисе сұлу қыз
Әркім әуес сүймеге.
Қарамады қу кемпір
Алтын-күміс дүниеге.
Мінген аты ала-ды,
Ұлы бесін кезінде
Қызын салып күймеге,
Қақпадан шығып далаға,
Кемпір қашып барады.
Қызын салып күймеге
Қашқанын біліп кемпірдің,
Көбіктінің Қарлыға
Қиядан көзі шалады.
Артынан барып Қарлыға,
Қу кемпірге білдірмей,
Қанікей менен Тінікей
Екі қызды бір жола
Ұрлап алып қалады.
Қарлығаның алғанын
Сейілұлы Қараман
Қиядан көзі шалады.
Қызды алғанын білген соң,
—Қарлығажан, сауға,—деп,
Қарлығаның алдынан
Қараман кетіп барады.
Қарлыға сонда сөйлейді:
—Көлге біткен желкенсің,
Бүршігі жоқ тікенсің.
Артық асқан бағың жоқ,
Құдайдан сұрар ойың жоқ.
Өзіңе біткен мал-жанды
Сауғадан жиған екенсің!
Ақмоншақ атпен желейін,
Байытқалы келіп пе ем
Қияттың жарлы-кедейін.
Қараман, саған не дейін,
Өзімнің басым сауғадан
Құтыла алмай жүргенде
Мен кімге сауға берейін?!
Қараман сонда сөйлейді:
—Мұсылманға мұраттық,
Кәпірге қылса ғазаттық,
Шырағым, сауға сұрадым
Қанікей менен Тінікей—
Екі қызды бер маған.