Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды батыр (10-бөлім)

Қобыланды · Құлзақ нұсқасы · 2 мин оқу

Қобыланды сынды батырың
Тайбурыл атқа мінеді,
Ақ сауытын іледі.
Қараспан тауын бөктерлеп,
Көп қосынның соңынан
Бет алып Қобылан жөнелді.
Әке менен шешесі,
Жар қосағы қыз Құртқа
Қарындасы Қарлығаш,
«Жалғызым менің, жан көкем,
Аман болып келгенше,
Ел-жұртыңды көргенше,
Сайға біткен шоқтымын.
Бөркіме үкі тақтым мен,
Айтып кет мені жолыңа,
Қой ішінде тоқтымын.
Көп есекке тас арттық
Аумасын деп баса арттық,
Жан көкем аман келгенше,
Елі-жұртын көргенше,
Артында қалған біз нашар
Болайық сізге тасадтық.
Басымда бар алтын шоқ,
Жан көкем барда көңілім тоқ.
Көкежан, сені көрмесем,
Басымнан кетер дүние боқ.
Сізге деген әрқашан
Маған тисін ажал оқ!
Ақ маңдайлы тұлымым,
Бірге туған құлыным,
Көкірекке біткен жұлыным,
Қос қанатым, құйрығым,
Сізге деген Құдайдың
Қабыл еттім бұйрығын!
Қарға жүнді қаттасым,
Үйрек жүнді оттасым,
Жан ашырым, түптесім,
Жан көкем, қайда барарсың?
Желі толған түйең бар,
Оны кімге тапсырдың?
Қораң толған қойың бар,
Оны кімге тапсырдың?
Тоқсандағы атаң Тоқтарбай,
Жан көке, кімге тапсырдың?
Жетпістегі анаң Аналық
Ал, көке, кімге тапсырдың?
Өзіңмен бірге туысқан,
Бірге туып, бірге өскен,
«Көкежан» деп жылаған,
Мен сорды кімге тапсырдың?
Бұл дүниеде мұңдасың,
Төсекте жатсаң сырласың,
Құртқаны кімге тапсырдың?»
Қобыланды сонда торықты,
Есіркеп көп халықты.
Қарындасы Қарлығаш
Зарын естіп, қайғырып,
Қобыланды да еріксіз
Найзасына сүйеніп,
Жылады өксіп, қамығып.
Сонда Қобылан сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
—Қаз айналып қонады
Ұя салған жеріне.
Әркім сеніп наз айтар
Өзінің сүйген теңіне.
Көзден аққан қанды жас,
Қан мен жасы аралас
Қарлығаш егер тұрмаса,
Қобыландының көз жасы
Сірә, бүгін тыйылмас.
Тағы да Қобыланды сөйлейді,
—Тауда болар тарғыл тас,
Тарықса шығар көзден жас.
Тар жерде ерге оқ тисе,
Шығады сүйеп бауырлас.
Ер басына күн туса,
Тар жерде өзге қайрылмас.
Туысқаның бар болса,
Жауған оқтан айнымас.
Жан ашырың жоқ болса,
Жау қолында қалады
Халқың сүйген ғазиз бас.
Арқаңды жапқан қолаң шаш,
Шырағым, сөзге құлақ сал,
Мен айналып келгенше,
Сабыр қып шыда, Қарлығаш.
Қараспан тауын жайлаған
Қалың қыпшақ елің бар.
Малың ендеп жайылар
Кең асу, байтақ жерің бар.
Қайтып өзім келгенше,
Қор болмассың, Қарлығаш.
Жалғызым, жаным, бауырым,
Айналайын көзіңнен.
Сай сүйегім сырқырар,
«Жан көке» деген сөзіңнен!
Атадан тақ баламын,
Жауға кетіп барамын.
Жасым үлкен ағамын,
Армансыз болып кетейін,
Бері келші, Қарлығаш,
Бетіңнен, бауырым, сүйейін,
Қарындасым Қарлығаш.
Желі толған түйеңді
Сарысуға тапсырдым.
Тоғай толған жылқыңды
Жасанған жауға тапсырдым.
Қораң толған түйеңді
Аш бөріге тапсырдым.
Азу тісі болаттай
Жас бөріге тапсырдым.
Тоқсанда атаң Тоқтарбай
Құдіретіңе тапсырдым.
Қарындасым Қарлығаш,
Жар қосағым Құртқаны
Палуан қызға тапсырдым.
Сендер төртеу, мен жалғыз,
Мені кімге тапсырдың?
Қарлығаш сонда сөйлейді:
—Мал сатамын базардың
Бояғы мен бөзіне,
Салса жылқы тоқтайды
Арқаның бөрі көзіне.

Тағы оқыңыз