Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды батыр (13-бөлім)

Қобыланды · Құлзақ нұсқасы · 2 мин оқу

Осы топта адам жоқ,
Жек көрер сендей баланы.
—Осынау белдің астында
Аққозы кетіп барады.
Тайбурыл атты құтыртып,
Оған да келді:—Арма!—деп,
Алдыңда кісің бар ма?—деп.
О да айтады:—Қалқашым,
Жақсы көрер баласың.
Алдыңда тек Қараман,
Жетсең соған барасың.
Оған айтты Қобыланды:
—Жетемін,—деп ойлаймын,—
Байқатты Бурыл шамасын.
Кешеден бері шапқаны
Әлі күнге көрмедім
Құрдасымның қарасын.
Бұлаңдаған Бурылға
Тағы соқты қамшыны.
Тайбурылдан тер ақты
Сорғалаған қамшыдай.
Найзасы түспей қолынан,
Жұлдызы түспей соңынан.
Бұқанға жеткен бесінде,
Қарамандай досының
Және жетті соңынан.
Қобыланды жетіп сөйлейді:
—Болғаның ба, досым-ай,
Мақтаған атың осыма-ай?
Он екі күнде жетерсің,
Менің жауға тіккен қосыма-ай!
Тауға біткен татыр-ай,
Жарасар құрған шатыр-ай!
Анау күні «қатын» деп,
Қарамай кеткен батыр-ай!
Қатын да болса, білдің бе,
Құртқамның асыл затын-ай,
Қатынның баққан атын-ай?
Қалсаң өлім жақын-ай,
Жүрмейсің бе, Қараман,
Үш күн кейін соң қалып,
Мен де озып барамын.
Жүре берді бұларға
Жалғыз сағат қарамай.
Қала берді көп қият
Бірі еруге жарамай.
—Әйт, жануар, шу,—деді,
Сонда Бурыл гуледі.
Көлденең жатқан көк тасты
Тіктеп тиген тұяғы
Саз балшықтай иледі.
Қарсы келген қабақтан
Бурыл қарғып жөнелді.
Баялышты шыңайттан,
Бүлдіргелі құмайттан,
Асу-асу шөлдерден,
Қасқалдақты көлдерден,
Асқар-асқар белдерден,
Қан сасыған жерлерден—
Үміт үзіп жол шекті,
Қараспанды жайлаған
Қалың қыпшақ ерлерден.
Хан жайлаған Қаратау,
Би жайлаған Алатау,
Одан да өтіп жол шекті.
Ол төбе мен бұл төбе,
Бауыры шұбар кең төбе,
Күдердің қара дөңінен
Бесінде өтті сеніммен.
Астындағы Тайбурыл
Арандай аузын ашады,
Аяғын топ-топ басады.
Бір төбенің тозаңын
Бір төбеге қосады.
Жаңбырдай тері сіркіреп,
Жауатын күндей күркіреп,
Тасыған судай тасады.
Тағы жүрген құланның
Ұзатпай алдын тосады.
Көл жағалай отырған
Көкқұтан мен қаздарды
Көтеріліп ұшқанша,
Белінен кесе басады.
Өлген құстар көп қалды,
Ақсары менен лашын
Өлген құсты жеп қалды.
Қоғалының Қулы көл,
Жекелінің Желді көл,
Қызғыштың Қызыл көл,
Сеңгір-сеңгір таулардан
Секіріп асып жөнелді.
Астындағы Тайбурыл
Секіріп ойнап жер басты.
Алдыңғысынан артқысын
Сынық сүйем кем басты.
Көтеріле ұшқан қоңыр қаз
Тозаңынан адасты.
Бірде шауып желеді,
Құлпырып ойнап, жер басып,
Дөңгеленіп келеді.
Намаздыгер өткенде,
Намазшамға жеткенде,
Қазанның Сырлы қаласын
Қобыланды көреді.
Қазанның көп жылқысы
Жатыр екен алдында—
Қаланың сыртқы бауырында.
Бұлаңдаған Бурылмен
Қобыланды жетіп келеді.
Артық туған Қобыланды
Қуалап жылқы алады,
Айдап жөнге салады.
Бір уақыт көңіл қылады,
Бұзайын деп ойлайды
Қазанның Сырлы қаласын.
Қобыланды жалғыз ат қойып,
Қаланың аузын қандатты,
Көшенің аузын шаңдатты,
Қақпадан атын қарғытты.
Туырлығын тоқым қып,
Керегесін отын қып,
Үрерге итін қоймады.
Баспақты сиыр, танаға,
Жан шығармай далаға,
Мал шығармай салаға,
Өтірік емес, шын аға.
Он екі күнде сәскеде
Жалғыз адам қалдырмай,
Сырлы қала бәндесін
Артық туған Қобыланды
Айдап шықты далаға.

Тағы оқыңыз