Қобыланды батыр (2-бөлім)
Қобыланды · Құлзақ нұсқасы · 3 мин оқу
—Ей, әйел зат, неге жылап тұрсың, жөніңді айт?—деп сұрады Қобыланды. Қыз шошынғандай селк етіп, басын көтерді. Қобыландының көзі түсіп кетіп еді, ай мен күндей, әмбеге бірдей сұлу қыз екен дейді. «Бұл сияқты сұлу қыз неге болды, жалғыз неге жылап отыр»,—деп ойлады.—Ей, жас сұлу, неге жылап отырсың, жөніңді айт?—деді Қобыланды.
—Сіз қалай қорықпай бұл жерге келдіңіз,—деп сұрады. Қыз дірілдеген [буынын] бекітіп, орнынан тұрып, көзінің жасын сүртіп, Қобыландыға қараған қыз:
—Сіз бұл арадан тез кетіңіз, өлесіз,—деді өксігін баса алмай тұрған қыз.—Жоқ, сіз не себепті жылап тұрғаныңызды, кімді күтіп тұрғаныңызды айтпайынша кетпеймін,—деді Қобыланды.—Бұл менің жарық дүниемен қоштасып тұрған өмірімнің ең соңғы шағы. Айналамда не атам, не анам, не болмаса құрбы-құрдастарымнан ешкім жоқ. Дәл қазіргі жақыным— жапандағы жалғыздығымда, әр сәт сайын күтіп отырған ажалым. Осы сәтте кездескен сіз өмірде адамзаттың барлығын қайтадан көз алдыма елестеттіңіз. Сондықтан сізге түсіндіріп айтайын,—деді қыз.
—Осы биік таудың теріскей бетіндегі халық—Көктім Аймақ деген ханның елі. Осы ел көптен бері зар илеп, жапан шегіп жылауда. Осы таудың ішінде аждаһа бар. Ол ай сайын жер үстіне шығады. Әр шыққанда бір тай, бір сұлу қыздан жұтады. Ол, міне, бесінші рет дағдылы салтқа айналды. Халқымыз қалың қайғыға батты. Жастар болса көрген күні, міне осы. Бүгінгі кезек маған келіп, мен де сол айдаһардың аузында шабақтай ойнап, көмейінен өткелі отырмын,—деді.
—Мен осы таудың арғы бетінде Қараспан тауын жайлаған қалың қыпшақ елінен боламын. Атым—Қобыланды. Бұл іске кез келтірген Құдайым шығар, Алла ақырын оңғарар, жолыңды маған бер, менің атыма мін де, еліңе бар. Халқыңа және ханыңа сәлем айт, аждаһаның амалын тауып өлтірермін. Бірақ мен талықсып қалсам, далаға тастап кетпесін, дереу сүтке салып шомылдырса, есім кірер, осыны айт,—деді. Қыз қатты қуанды. Ерлігіне таңданған қыз артына қарай-қарай аулына қайтты. Қобыландының айтқан сәлемін халқына да, ханға да жеткізді. Халық саба-саба сүт жинай бастады.
Енді, әлқисса, Қобыландыға келейік. Аузы-мұрнын шүберекпен мықтап байлады да, басына алтын телпекті жез қалпағын, үстіне сауыт киді. «Қорқақтыққа салып шаба алмасам маған серт, болат болмай майысып, қола болсаң саған серт», қынынан бүктемей наркескенін алды. Осы кезде жоғары тау басына көзін салған Қобыланды тау басында құз жартастың астынан күнге шағылысып, иіріле өршіп төмен түсіп келе жатқан айдаһарды көрді. Сол бетінде бөгелместен жақындап келген айдаһар аузын кең ашып, өзіне қарай тартады, осы кезде кенеттен жел пайда болады. Қобыландының аяқ-қолын жерге тигізбей, айдаһар лебімен өзіне қарай сүйрей жөнелді. Наркескен ақ алмастың жүзін айдаһарға қарсы ұстаған Қобыланды айдаһардың аузынан бастап құйрығына дейін қақ жарып өтті. Екі бөлінген айдаһар біраз тулап тынышталды. Бақылап тұрған қалың халық айдаһардың өлгенін де аңғарып еді, сонда да су жүрек болған халық тақалуға бата алмады. Соның ішінде ат қойып бірінші келген бағанағы қыз еді. «Ол мені ажалдан арашалап, мен үшін өз басын қатерге тіккенде, мен оның өлі-тірі екенін білуге жарамағаным не болғаным»,—деді ол. Қобыланды үсті-басы қанға боялған, ессіз-түссіз жатыр екен. Оның өлі-тірі екенін білу қиын еді. Қыз соңынан айдаһарды көруге, айдаһарды өлтірген кісіні көруге бүкіл халық келді. Қобыландыны дереу сүтке шомылдырды, еміздікпен сүт берді. Торғынмен денесін сүртіп құрғатты. Әлден уақытта әлі кірді, есін жинайды. Халық кілемге салып хан ордасына әкеледі. Көктім Аймақ елі отыз күн ойын, қырық күн тойын жасайды. Қобыландыны барлық ықыластарыменен сыйлайды. Күйшілері күйге, жыршылары жырға қосады. Сөйтіп, Қобыландыны өз орталарынан жіберуге қимайды. Бірақ Қобыланды қайтпақшы болып, ханға кісі салды. Сонда хан: Қайтуына қарсы емеспін, Қобыландының ерлігіне өзім де, халқым да риза. Бірақ өмірде ойсыз жігіт, армансыз адам болмақ емес. Ой мен арманның тілектен тысқары жері жоқ. Сол тілегін айтсын,—дейді.