Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды батыр (11-бөлім)

Қобыланды · Құлзақ нұсқасы · 3 мин оқу

Құлақ сал, көке, сөзіме,
Жан көкем есен келгенше,
Елі-жұртын көргенше,
Он сегіз мың ғаламның
Падишасына тапсырдым.
Басымнан дүние өткендей,
Көрінбесең менің көзіме.
Мінәжат етіп айтамын,
Құлақ сал, көке, сөзіме.
Көкем аман келгенше,
Ата-анасын көргенше,
Маңдайымнан иіскелеп,
«Қалқамбысың» дегенше,
Тағы қайта тапсырдым
Бір жаратқан Құдайға.
Қараспан тауын жайлаған
Руың қалың көп қыпшақ.
Көкемнің оңғар сапарын,
Жаратқан Алла, беріп бақ.
Көп қайырды тілейді,
Жаныңда жақсы сыбай да.
Көз салмадың, жан көке,
Бірге туған жұбайға.
Адалдап жиған малыңды
Залымдарға тапсырып,
Осының, көке, ұнай ма?
Не айтамыз сізге біз,
Болыңыз аман дүзде сіз.
Жаныңды жалғыз тапсырдым
Бір жаратқан Құдайға.

Бұдан кейін Құртқа сұлудың Қобыландыға қоштасып айтқан сөзі:

—Жүрдіңіз бе, сұлтаным,
Қой ішінде бағланым,
Келгеніңше аман сау,
Тыным таппай жылайды
Жар етіп таңдап алғаның.
Сұлтаным, сізге бас қосып,
Кеңейіп еді өрісім.
Болып еді қайғысыз
Ойын менен күлісім.
Салып ем ойын-сауықты,
Жарасып бойыма жүрісім.
Еліме болдың қорғаныш
Бауда піскен жемісім.
Арыстаным, аман бол,
Осы кеткен сапардан
Қиын болар келісің.
Жылқы ішінде аласың,
Қылшық жүнді жарасың,
Алды-артыңда ешкім жоқ,
Жалғыз туған баласың.
Атам менен енемнің,
Күдер үзіп малынан,
Тірідей безіп жанынан
Тілеп алған баласы ең.
Сүйткен бала тастай ма
Атасы мен анасын?
Артық туған сұлтаным,
Осы барған сапардан
Қиын болар келісің!
Тілеп алған анаңның
Қос емшегін еміп кет,
Анаңның көңілі семірсін.
Не айтамыз біз сізге
Өз қиялың болмаса,
Ешкімнің тілін алмайсың.
Әлемге аты әйгілі
Дұшпанға қарсы барасың.
Қош, сұлтаным, аман бол,
Әлде қандай боласың?!
Асқар төбе көрерсің,
Тайбурылмен желерсің.
Қасиетін Бурылдың
Сонда анық көрерсің.
Тоқсанда әкең Тоқтарбай
Жүдеу тартып бір кезде,
Тізесіне тон жетпей,
Ақ табан болып жүргенде,
Сұлтаным, сонда келерсің!
Жетпістегі анамыз
Арқан есіп, жүн түтіп,
Қайғыменен қан жұтып,
Құрт қайнатып, әл кетіп,
Бар денеден жан кетіп,
Қарындасың Қарлығаш
Алдамшасы белінде,
Дастарқаны қарында,
Шынаяғы қолында,
Бөтен жұрттың елінде
Шай қайнатып жүргенде,
Сұлтаным, сонда келерсің!
Көп жауыңның мықтысы,
Шөпті жердің шықтысы.
Сенен қалған мен сорды
Тұтқындап мені бір дұшпан,
Аламын деп тұрғанда,
Қараңғы үйге салғанда,
Көңілге қайғы толғанда,
Сұңқарым, сонда келерсің!
Мінуші едің ақтабан,
Айтулы едің мақтаған.
Құдайдың ісі көп шығар
Өлмегенге сақтаған.
Мерген байлап оқ атар
Ұшқан көлдің қуына.
Иманды құл жолығар
Қауыз-кәусар суына,
Бұл дүниеде көрмесең,
Құртқамбысың демесең,
Қазаң жетіп бұл жолда,
Дүние салып өмірден
Арыстаным, жөнелсең,
Жұбайым бар деп еске алсаң,
Табысайық махшарда.
Сұлтаным, сонда мені ізде.

Тағы да Құртқа Қобыландыға қарап:—Мен сізге бір сөз айтайын, егерде осы айтқаным келсе, менің барлық айтқаным келер деп ойларсыз. Егерде бұл айтқаным келмесе, бәрі де бос сөз болғаны. Қараман құрдасың бастаған кешегі кеткен көп қосынды Сыңсыма деген жердің, Сергелдең деген таудың бауырында қуып жетерсіз. Қараман Қазан батырдың жеріне он сегіз кісі жансыз жіберген болар. Олар ол жақтың олжасының молдығын, халықтың бейқамдығын, Қазанның өзі мекендеген Сырлы қаланың бір жағы аққан су, бір жағы жеті қабат ор екен деп келер. Ол қаланың Сергелдеңнен қырық күншілік жер екенін айтар. Егер осы айтқаным келсе, менің бастапқы айтқандарым тегіс келер. Біз жау қолында тұтқында жүргенде келерсіз,—деді. Тағы да бір айтарым, Қазанға кеткен өнерсіз жансыздары келген соң, Қараман құрдасың батасын жасап, малтасын жеп, «ат құйрығын созып, кімде-кім кім озып барып олжа салса, сол адам қосынға басшы болсын» дер. Бірақ сіз олардан үш күн кейін шықсаңыз да, олардан бұрын барарсыз, ол қосында Тайбурылға қатар ат жоқ,—деді.

Тағы оқыңыз