Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды батыр (12-бөлім)

Қобыланды · Құлзақ нұсқасы · 4 мин оқу

Жалғызын жауға аттандырып, анасы Аналықтың жылап айтқаны

Бейшара болған Аналық
Баласына жете алмай,
Үйіне қайтып кете алмай,
Жапанда жатып зарлайды:
—Он сегіз мың әлемнің
Падишасы—бір Алла,
Естідің бе сөзімді?!
Жалғызымның артынан
Садақа қылдым өзімді.
Тағы да, Алла, жылаймын,
Бір өзіңе жылаймын.
Жалғыздың жанын сақтай көр,
Тапсырдым өзіңе аманат.
Қалғып кетсе, қағып жүр,
Адасып кетсе, бағып жүр,
Жол иесі Қамбар-ай
Қамбар өзің қолдасаң,
Қолдамайтын кім бар-ай!
Қазанға мол қол жиды,
Қараман деген заңғар-ай!
Тұтқынында Қазанның
Қияттан көп жан бар-ай
Барма деуге бола ма,
Дәтім қалай шыдар-ай!
Қала қоймас Тайбурыл
Қатар шапқан жарыстан.
Қазанды арнап іздеді
Жақын емес алыстан.
Қыс болғанда жылқы ықпас
Ойға біткен қамыстан.
Қобыланды, өзіңді
Өз қолына тапсырдым,
Ер Ғали атты арыстан!
Осы кеткен жалғызым
Есен барып, сау қайтса,
Егіз туған көк бура
О да сенің жолыңа.
Егіз туған көк бұқа
О да сенің жолыңа.
Егіз туған көк айғыр
О да сенің жолыңа.
Қызылбастың Қазаны,
Өлгенде көрген жалғызым
Туды ма сенің сорыңа.
Осы кеткен қозымды
Алланың досы Мұхаммет,
Тек тапсырдым өзіңе.
Аязды күні айналған,
Бұлтты күні толғанған,
Айқара бесік қасымда,
Дыбыс шықса оянған,
Алтыннан бесік игізіп,
Ақ торғынға бөлеген,
Өлгенде көрген көбеген,
Жұрт тілегін тілеген.
Қабырғам жездей қайысқан,
Көтергенде бесікті,
Он бармағым майысқан,
Тас емшегімді еріткен,
Тар құрсағымды жібіткен,
Балапаным, құлыным,
Алсам қолым талдырған,
Сүйсем мейірімді қандырған,
Денемнен шыққан балдырған.
Шаһризада хазірет,
Жарылқашы Құдірет.
Үмбетім деп еске алсаң,
Алланың досты Мұхаммет,
Жалғызыма жәрдем ет!
Қараман кетті жиып қол,
Болдыра көр сәтті жол!
Осылайша зарланып,
Жылаумен қалды кемпір сор.
Қобыланды мінген Бурыл ат
Еңкеу-еңкеу жортады,
Атандай төсі салынып.
—Әйт, жануар, шу,—деді,
Шалқып Бурыл гуледі.
Бірде шауып зуылдап,
Бірде жортып келеді.
Тұлпар туған Бурылмен
Құртқаның айтқан жерінде
Кешегі кеткен қосынға
Қобыланды жетіп келеді.

Қобыланды батыр келсе, Қараман бастаған көп қосын аттарын тынықтырып, өздері тамақтанып жатыр екен. Және Қазан батырдың Қырлы қаласы мен Сырлы қаласына Қараманның жіберген он сегіз кісі жансызы қайтып келген екен. Олар Қырлы қала мен Сырлы қаланың байлығын, оның бейқамдығын айтып келіпті. Сырлы қаланың бір жағы су екен де, екінші жағы жеті қабат ор екен. Осы арадан қырық күншілік жер екен деп келеді. «Қараманның қалың қолы-ау»,—десіп, батасын қылып, малтасын жесіседі.—Қырық күншілік Қазанға кім бұрын жетіп олжа салса, сол адам осы қосынның басшысы болады,—деп, Қараман аттанып жүріп кетеді. Қобыланды олардан үш күн кейін шығады, аттанайын деп тұрып Тайбурылға айтқаны:

—Есіңде ме, Тайбурыл,
Мінейін деп тұрғанда,
Анаң Құртқа не деді?
Қыдыра жалды жылқыдан
Бурыл қалмас деп еді.
Ұжмақта хорлар сымбатты,
Үйдегі Құртқа жұбайым.
Жұбайым Құртқа аманда,
Жемеймін, Бурыл, уайым.
Анаңыз тұлпар деуші еді,
Анаңның сөзін сынайын.
Ауыл қалды алыста,
Жол шеккен соң алысқа.
Қас тұлпар ат болсаң,
Тұлпарым, бүгін қарышта.
«Қатын Қобылан қалды» деп,
Кешегі кеткен қосынға
Қалдыра көрме намысқа.
Кешегі кеткен қосынға
Бір мезгілде жетуге
Сіздей малға алыс па?
Жылқыда тұлпар сен едің,
Жігітте сұңқар мен едім.
Сен астымда сау тұрсаң,
Қыдыра жалды, қыл құйрық,
Сенен озбас деп едім.
Адамзаттың баласы
Менен озбас деп едім.
Бүгінгі күні, Тайбурыл,
Қолқа салдым өзіңе,
Құлағың сал сөзіме.
Қырық күншілік Қазанды
Намаздігер өткенше,
Намазшамы жеткенше
Көрсет менің көзіме.
Қобыланды соны айтты да,
Тартып-тартып жіберді
Тайбурылдың санына.
Жан серігі Бурылдың
Қатты батты жанына.
Жанына батпай не қылсын,
Сауысқан, қарға тойынды
Тайбурылдың санынан
Тамшылап аққан қанына.
Санына қамшы батқан соң,
Қанын судай шашқан соң,
Жоғарғы ерні жыбырлап,
Төменгі ерні қыбырлап,
Тайбурыл сонда сөйлейді:
—Жан жолдасым, Қобылан ер,
Назбедеуге бітер жал,
Аямай тарттың қамшымен
Батыр туған, Қобылан нар!
Өлмесем де кеудемнен
Шыға жазды шыбын жан.
Жапанда жалғыз досыңа
Әлдеқандай кегің бар?
Зымырайын мен оқтай,
Өнерімді көріп қал.
Басымды түзеп сал жолға,
Төрт аяғым тең жорға.
Үстімде сен есенде,
Қажу бар ма мен сорда?!
Айтқаны жерде қалар ма,
Құртқа сынды жұбайға
Жаратқан соң ат қылып,
Сіз сықылды сыбайға.
Қырық күншілік бұл жерден
Қазан тұрған қалаға
Жалғыз күнде жет дейсіз,
Ұшқан құсқа оңай ма?
Қиын да болса, Қобыланды
Қиналамын, қайтейін.
Уәдеңіз солай ма?
Қазанның Сырлы қаласын
Намаздігер өткенше,
Намазшамға жеткенше,
Түсірмесем өзіңе,
Көрсетпесем көзіңе,
Жан серігің мен сорды
Сол жерде шал Құдайға!
Қобыланды сынды батырың
Риза болып, қуанып:
—Әйт, жануар, шу,—деді,
Аршындап Бурыл гуледі.
Тау менен тасты көрмеді,
Табаны жерге тимеді.
Құлақтың түбі терледі,
Терлеген сайын Бурыл ат
Шабысты түзеп өрледі.
Көлденең жатқан көк тасты
Тіктеп тиген тұяғы
Саз балшықтай иледі.
Жақын қылды алысты,
Берсін кімге намысты.
Күн төбеден аумай-ақ
Түзеді Бурыл шабысты.
Қос құлағы тігілді
Көлге біткен қамыстай.
Түс ауған соң бүктелді
Илеуі жеткен қайыстай.
Байлаулы малдай шешілді,
Төрт аяғы көсілді.
Кеше кеткен қосынға
Атылған оқтай Бурылмен
Артық туған Қобыланды
Бесінде келіп қосылды.
Ауызға салып бір малта,
Алдыңғы жаққа қарады.
Көз ұшында бір адам
Шауып кетіп барады.
Шауып жетсе Бұқан ер,
Сабылған аты қара тер.
Аямай көмді қамшымен,
Ширатыла шапты қарагер.
Қатарласа Қобыланды
Бұқанға келді:—Арма!—деп,
Алдыңда кісің бар ма?—деп.
Онда Бұқан сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
—Жылқы ішінде ала-ды,
Қылшық жүнді қара-ды.
Осынау дөңнің астында
Қосдәулет кетіп барады.
Тайбурыл атты құтыртып,
Оған да келді сыпыртып:
—Үлкен едің, арма!—деп,
Алдыңда кісің бар ма?—деп.

Тағы оқыңыз