Қобыланды батыр (25-бөлім)
Қобыланды · Ә. Диваев нұсқасы · 2 мин оқу
Әлқисса, Қарлыға Біршымбайға келіп:—Сен кеткен соң мұсылмандар келіп біздің шәрді түн ішінде басып, ойран ботқасын шығарайық деп жатқанда, әкең атқа қайрат қылып міне алмай тұрғанда, өзім мініп, жаудың бетін қайырып, мынау үшеуін қуып мұнда келіп тұрғанда, мені бұларменен бірге шанышқандай мен не қылып едім,—деп, бөркін жұлып алып, шашын жайып, «ой, бауырымды» салып, аттан құлап кетті. Тумасы Қарлығаның бұл қылығын көргеннен кейін, Қарлығаны тауға алып барып тастап, келіп қойға тиген бөрідей жауға тимекші болып, Қарлыға қыздың алдына түсіп, қызды соңынан ертіп алып жүре берді.
Жол-жөнекей бара жатқанда Қарлыға қыздың Біршымбай тумасын өлтіргені.
Тозады көрпе мақтадан,
Назары арман ауғанда.
Біршымбайды Қарлыға
Найзамен салды желкеден.
Біршымбайдың мінгені
Айқын төбел құла ат-ты.
Біршымбай сынды батырды
«Жан апа!» деп жылатты.
Өз апасы Қарлыға
Інісін аттан құлатты.
Біршымбайды Қарлыға
Айламенен өлтірді,
Сәтіне ісін келтірді.
Белес-белес бел еді,
Атасы әйел демесең,
Қарлыға қыз да ер еді.
Біршымбайды өлтіріп,
Көкала атты жетектеп,
Қараман, Орақ, Қобыланды—
Үш батырға келеді.
Келгеннен соң Қарлыға
Өз інісін өлтіріп,
Көңілі түсіп, шат болып,
Батырлар қызға сенеді.
Көрген адам таң қалар
Қарлыға қыздың пормына.
Көп дұшпанын мұқатып,
Құдай қалап ерлердің
Істері келді орнына.
Қарлыға мінген кер ме еді,
Қапыда өлді Біршымбай.
Қарлыға айла қылмаса,
Күшті туған Біршымбай
Дұшпанға болар ер ме еді?
Қарлыға менен Қобыланды
Қараман, Орақ төртеуі
Бастарын қосып батырлар
Намыстарын бермеді.
Қобыланды ердің бақыты
Барған сайын өрледі.
Біршымбайдың соңынан
Баспақты сиыр, танадан,
Алтын-күміс шарадан,
Қалмай қатын, баладан
Қара қала ерлері
Түгесіліп болған соң,
Тоқтататын адам жоқ,
Тоқтар басы көп қыпшақ
Шулап шықты қаладан.
Ел жайлауы Есіл-ді,
Ақ бөкендей жосылды.
Ұлы қақпа аузында
Қаладан шығып көп қыпшақ,
Қойдай маңырап шуылдап,
Қобыланды ерге қосылды
Шуылдап-жылап бесінде.
Қабыл болды бұл сапар
Қобыланды ердің мұраты,
Ата-ана, көп халқы
Дұшпаннан шығып саламат.
Қобыланды ерге көрісіп,
Есендік-саулық сұрады.
Көп дұшпанын мұқатып,
Ерлердің көңілі тынады.
Алшағыр ханның қаласын
Он жеті күн шабады.
Қобыландының көп халқын
Жалғыз шапқан Алшағыр
Бүтін жұртын жалмады.
Алтын-күміс, бар малын
Ырғап-жырғап алады,
Артық бақыт табады.
Байдың қызы жамылар
Масаты шекпен, беренді.
Қият, қыпшақ қосылып,
Көп олжаға кенелді.
Қазаннан алған көп малды
Қараспан тауын бет алып,
Ерлер алып жөнелді.
Артық туға Қобыланның
Келмеді дұшпан шеніне.
Ойлаған оның мұратын
Келтірді Құдай жөніне.
Үш ай, он күн дегенде,
Қараспан тауын жағалап,
Азулы деген көлдерге
Тоқтар басы көп қыпшақ
Келіп қонды баяғы—
Алшағыр шауып, зарланып,
Бүлініп көшкен жеріне.
Көлден тарттым борықты,
Ел қонысқа қоныпты.
Кемшілік көріп кәпірден,
Бәнде болып байланған,
Жылаған қыпшақ баласы
Бұрынғыдан екі есе
Бақ-дәулетке жолықты.
Келіп қонды көп қыпшақ
Азулы деген көліне.
Бұрынғыдай толықсып,
Дәулет бітті еліне.
Артық туған Қобыланның
Ісі келді жөніне.
Келмеді дұшпан шеніне.
Кәпірден алған көп олжа
Әділдікпен Қобыланды
Жиып алып көп халқын,
Бөліп берді қолынан
Пақыр, кедей кеміне.
Азулыға қондырды
Қобыланды жиып көп елді.
Қият, қыпшақ баласы
Көп олжаға кенелді.
Халықпен қатар олжаны
Үлестен көп алған соң,
Жарлысы байға теңелді.