Қобыланды батыр (15-бөлім)
Қобыланды · Құлзақ нұсқасы · 2 мин оқу
Бір уақыттар болғанда,
Артық туған Қобыланды
Найзасын ырғап енгізді.
Ат сауырына мінгізді,
Қазанды жерге төндірді.
Ту жығылар айшықты,
Ақ денеден қан шықты,
Суырып алды, жан шықты.
Сыртқы қорған ішінде,
Ішкі қорған тысында
Көріп кәпір шулады.
Ұлан байтақ жұртына
Тегіс хабар салады,
Халқын жинап алады.
Жалғыздығын білген соң,
Қобыланды сынды баланы
Самсап тұрған көп кәпір
Тұрған жерде қамады.
Артық туған Қобыланды
Жалғыздығын білген соң,
Толып жатқан көп кәпір
Қамағанын көрген соң,
Жалғыздығын айтып жабығып,
Бір Тәңірге зарланып,
Қобыланды тұрып сөйлейді:
—Өзі болат, өзі өткір
Бұрынғы ердің найзасы.
Бақ қараған жігіттің
Басында болар айласы.
Алды-артымда сүйеу жоқ,
Қараспандағы халқымның
Қайда бір маған пайдасы?
Мініп шықтым елімнен
Астымда Бурыл дөненді,
Көкке тойған көбеңді.
Қызылбас қашып, мен қалсам,
Ерлігімді кім айтар еді
Қараспанды жайлаған
Қалың қыпшақ көп елге?
Мал саттым базар бөзіне,
Салсам жылқы тоқтайды
Арқаның қалың бозына.
Сал құлақты сөзіме,
Құдай жалғыз, мен жалғыз,
Бір шыбындай жан үшін
Жаратқан жанды бір Құдай,
Жалынамын өзіңе.
Бұл дұшпанның қолында
Қаза тауып мен өлсем,
Үстімдегі ақ сауыт,
Астымдағы Тайбурыл
Жалғызыңның исі деп,
Кім апарып көрсетер,
Кемпір-шалдың көзіне?
Осыны айтып болған соң,
Қиналарын білген соң,
Бауыры жазық Тайбурыл
Шиыршық атып ойнайды.
Батыр туған Қобыланды
Ерегескен дұшпанның
Басын жоймай қоймайды.
Қылқобызға жағады
Қарағайдың шайырын.
Пішеншілер алады
Тырмасы мен айырын.
Шабамын деп батыр тұр,
Жосылуға кәпір тұр,
Алла берсе қайырын.
Шабайын деп Қобыланды,
Тайбурылды аршындап,
Бурыл тұлпар ұмтылды.
Ақ сүңгісі кетеді.
Қарап тұрса Қобыланды
Әскербасы көп төре
Алдынан шулап өтеді.
Шабайын деп Қобыланды
Алтынды қалпақ, жез телпек
Баса киді көзіне.
Тындасаңыз, құлақ сал,
Кенелтем айтқан сөзіме.
Артық туған Қобыланды,
Қырық шәрлі қызылбас
Қырық кісідей батырдың
Көрінбеді көзіне.
Қабағынан қар жауып,
Кірпігінен мұз жауып,
Қатуланып, қаттанды,
Буырқанды, бұрсанды,
Мұздай темір құрсанды.
Самсап тұрған кәпірге
Қобыланды жалғыз тиеді,
Бөлек-бөлек қылады,
Бөлінген қойдай қырады.
Қасқыр шапқан қойдай қып,
Қамап кетіп барады.
Жолбарыс шапқан құландай,
Шошып кетіп барады.
Ұрттап ішіп, қан төгіп,
Тойып кетіп барады.
Үш мың атты бір сайға,
Төрт мың атты бір сайға
Қойып кетіп барады,
Қайтарында алмаққа.
Тізгіндерін қосақтап,
Түйіп кетіп барады.
Тұла бойы сал болып,
Ақ білегі қан болып,
Көргендерге таң болып,
Үсті-басы шаң болып,
Жау үстіне жол салды,
Үкімін батыр мол салды.
Он жеті күн болғанда,
Мың сан қолды тауысып,
Тайбурыл атпен бұлаңдап,
Қобыланды жалғыз бұл қалды.
Сол қаланың әйелі
Ерлерінен айырылып,
Бәрі де жесір, тұл қалды.
Әбзел салды алаға,
Тәңірі берді көп бақыт
Қобыланды сынды балаға.
Ат қоймаққа ойлады
Қазанның Қырлы қалаға.
Нақ бесінде жад етті
Жеті кәміл бабаға.
Мал шығармай салаға,
Жан шығармай далаға,
Жалғыз адам құтқармай,
Қырлы қала пендесін
Артық туған Қобыланды
Айдап шықты далаға
Қазанның екі қаласын.