Қобыланды батыр (3-бөлім)
Қобыланды · Құлзақ нұсқасы · 4 мин оқу
Екінші, ер жігіттің үш жұрты болады. Өз жұрты, нағашы жұрты, қайын жұрты. Сол үш жұртының бірі болғымыз келеді. Қобыландыға қоятын біздің тілегіміз осы. Біздің осы тілегімізді орындасын деген екен.
Сонда Қобыланды: Менің қояр тілегім жоқ. Сіздердің тілектеріңізді орындаймын. Егерде қайын жұртым болам десеңдер, оған қарсы емеспін,—деген екен.
Сонда Көктім Аймақ:—Кімді қалайды екен?—деді. Ә дегенде Қобыланды баяғы өзі айдаһардан айырып алған қызды қалайды. Ол қыздың аты Құртқа екен дейді.
Құртқа сынды сұлуың
Сыртқа шықты шатырдан.
Төніп келген ажалдан
Өзін қалған айырып,
Айналды ол батырдан.
Елді ойпаған жыланның
Қарасын суға батырған,
Ерлік істеп ел үшін
Батырлық ісін асырған,
Оралды кеп шапқандай
Қобыланды сынды батырдың
Қайырып тастап есігін,
Дүдегесі алтыннан,
Жібек баулы шатырдан
Түсірді аттан батырды,
Өзі келіп қыз Құртқа.
Батырды көрді көп халық,
Тапқандай-ақ бір Құртқа.
Ойын-тойын жасауға
Бұйрық жайды ел-жұртқа.
Ұнаған соң ел-жұртқа,
Ерік алды қыз Құртқа.
Жүк артты сексен нарға тоғанақтап,
Қошемет көрсетуде халық жақтап.
Шығарып Қараспанға салды жастар,
Халықтың ертедегі салтын сақтап.
Жайқалып өскен қызыл гүл
Суық түссе солмай ма?
Болса жолы әр жерде,
Жолаушы көңілі толмай ма?
Сақтаса егер әр жерде
«Қайын жұртым еді» деп,
Жақындық жолы болмай ма?
Шығарып салып келеді
Қобыланды батыр,—деп.
Ықыласпен ұсынған
«Батырға—алтын шатыр»,—деп.
Данышпан туған қыз Құртқа
Батырға сіздей татыр,—деп,
Көрсетті жұрты қошемет.
Қобыланды мен Құртқаның көшін шығарып салған жігіттер қош айтысып, кейін қайтты. Қобыландылар сол бетінде бөгетсіз ілгерілей береді. Жолшыбай бұлар қалың жылқыға кездеседі. Сонда Құртқа сұлудың көп жылқыға көзі түседі, қалың жылқы ішінде қарыны жер сызған бір көк ала биеге көзі түседі:
—Тобылғы маңдай торы атың
Жауға сеніп шабуға
Жарамайды біл,—дейді.
Жан серігім, сұлтаным,
Көк ала бие ішінде
Көк бүйірлі құлын бар.
Дұшпандардың пейілі тар,
Сенімді бедеу болмаса,
Жаныңыз жалғыз қайғырар.
Құртқаның сөзін сынарсың,
Жылқысы болса ағаңның,
Биені шапшаң сұрап ал.
Құртқаның сөзін ести сап,
Қондырып күшін сол жерге,
Атына мініп Қобыланды ер,
Ойлау жерден орғытып,
Қырлау жерден сырғытып,
Аяңдамай желеді.
Сәлімбайда тоқсан құл,
Қаракөжек бастығы.
Сәлем беріп келеді,
Келіп сөйлей береді:
—Асқар төбе белсің,—деп,
Қатар көшкен елсің,—деп.
Ағамызға сәлем айт,
Келінін алып келемін,
Көрімдікті берсін деп.
Құртқа сынды сұлуың
Күймеден басын шығарып,
Жылқыға көзін салады.
Ортасында жылқының
Көк ала бие жусап тұр,
Сұлудың көзі шалады.
Шақырып алып, сұлтан,—деп,
Қобыландыдай баланы,
Биені көріп сынады.
—Мынау жатқан көп жылқы
Кімдікі?—деп сұрады,—
Мынау тұрған биені
Мені берсең де алғын!—деп,
Батырға әмір қылады.
Қобыланды батыр күледі,
Әзіл айтып іледі.
—Осы жатқан көп жылқы
Немере туған ағамыз
Сәлімбайдың жылқысы.
Жанындай мені көреді,
Не сұрасам береді.
Тағы да Құртқа сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
—Құлағыңды салғын сөзіме,
Бері таман кел,—дейді.
Сексен нар толған қазына,
Барлығын келіп алсын,—деп,
Бұл сөзіме нансын,—деп,
Көрімдігін Құртқаның
Көк ала бие жылқыда
Балам десе берсін,—деп.
Батырдың сөзін ести сап,
Елге шапты жылқышы.
Бұрқыратып тозаңын,
Желге қарсы есіліп,
Жылқыға жау тигендей
Елдің шетін шошытып,
Байға жетіп келеді,
Қара ала атпен көсілтіп.
Келіп сөйлей береді:
—Қобыланды батыр жіберді
«Ағама барғын сәлем деп.
Келінін алып келемін.
Сексен нар толған қазына,
Барлығын сыйға береді.
Көрімдігін берсін деп,
Бұл сөзіме сенсін деп,
Көрімдігі Құртқаның
Көк ала бие жылқыда.
Ішінде тұлпар құлын бар,
Жан серік ат қып мінем деп,
Ағам қиса берсін»,—деп.
Сәлімбай сонда сөйлейді:
—Пұл жібердім қалаға,
Бұзау баспақ, танаға.
Арнап едім балаға.
Бір тайдың несін сұрайды,
Әкете бермей далада.
Бір тай түгіл Қобыландыдан
Жалғыз жаным садаға.
«Қалағанымды алдым» деп,
Мақтанып барсын ауылына,
Тоқтар сынды ағаға.
Байдың сөзін есітіп,
Қара ала атты көсілтіп,
Қайта шапты балаға.
«Қалағаныңды берді» деп,
Шыбын жанын құрбан қып,
Қаракөжек барады
Қобыландыдан болып садаға.
Ұстай берді биені,
Қарны жерге тиеді.
Құртқа сұлу күймеден
Қарғып түсіп, биенің
Маңдайынан сүйеді.
Көшіне тіркей жөнелді.
Көк ала бие шұрқырап,
Көбігі шығып бұрқырап,
Емшегі бұлақ иеді.
Айы-күні жетіп тұр,
Тууы қиын тұлпардың
Жүруге халі бітіп тұр.
Іштегі тұлпар тулайды,
Биеден тыныш кетіп тұр.
Қасына адам жолатпай,
Құртқа жалғыз күтіп тұр.
Көк ала бие төңбекшіп,
Домаланып сұлады.
«Тұншығып тұлпар қалар»,—деп,
Құртқаның жаны шығады.
Шуын жарып биенің,
Құлынға тыныс қылады.
Сонда барып құлындап,
Бурыл тұлпар туады.
Тұяғын жерге тигізбей,
Шешіп алып үстінен,
Құртқа сынды сұлуың
Алтын тонға орады.
Күн түсірмей көзіне,
Жел тигізбей өзіне,
Үстіне шатыр тіккізді.