Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды батыр (4-бөлім)

Қобыланды · Құлзақ нұсқасы · 2 мин оқу

Саятшы болған Құртқаны
Айтса сөзін өткізіп,
Көп нөкерін жүгіртіп,
Не керегін жеткізіп,
Үйір болып сол жерде,
Қырық күндей Бурылға
Қулықтың сүтін емізді.
Және қырық күн болғанда,
Қысырдың сүтін емізді.
Түтікпенен су берді,
Дәрілеген жем берді.
Құртқа сынды сұлуың
«Отаудан суық тиед» деп,
Қобыландыға дем берді.
Отауын жығып көшірді,
Көк Бурылды құндақтап.
Дүйсенбі күні бесінде
Биені тіркеп көшіне,
Ел түседі есіне.
Асқар төбе бел еді,
Белден көшкен ел еді.
Көшке тіркеп келеді,
Бірнеше күн болғанда
Тоқтарбайдың жанына
Отауын әкеп тігеді.
Қырық күндей тойын қып,
Құдайысын береді.
Тоқсанға келген Тоқтарбай,
Жетпіске келген Аналық
Сөйтіп қызық көреді.

Әлқисса, Тоқтарбай ел-жұртына сый-құрметін көрсетумен болды. Жұрты құтты болсын айтып, келіп жатты. Құртқа Бурылды бағумен болды. Қобыланды аң аулап, серуенде жүре берді. Қалың қол, тігілген ту, қаққан дабыл, қиқулап қуған жылқы, ақырған ащы дауыс. «Жау мұндалап» тал түсте көк жаңғырады, күн бұлыңғыр еді.

Естемес дайындады ат жарағын,
Бұл не айқай, басынған кім, мен барайын?!
Айтады келе жатып өзіне-өзі
«Адамды ажал түртсе бар ма амалың?»
Қобыландының малы түгіл, ізін басқан,
Қазіргі айбынынан шайтан қашқан.
Түтігіп, шеру тартып, мұнда келіп,
Бейшара қандай жандар қара басқан?
Әскер тұр жылқыны алып, майдан тартып,
Бойы бар мұнарадай, сөзбен қарпып,
Малдағы жылқы баққан жалшыларға
Соғып тұр асау сөзін өртше шарпып:
—Қырық кез—атым менің, Қызыл ермін,
Мұнда іздеп Қобыландыны өзім келдім.
Бетімен қыз Құртқаны алып кеткен,
Сандалып сорлы қазақ кімге сенген?!

Бұл қызылбастың қырық кез Қызыл ер деген батыры екен. Көктім Аймақ ханымен бақасын, бақ күндес екен. Қазақтың Қобыланды атты жас батырының айдаһарды өлтіріп, Құртқа атты сұлуды алғандығын есітіп, Қызыл ер әдейі Қобыландыны өлтіріп, Құртқа сұлуды алып қайтпаққа келген екен.

Жылқышыларға көпіріп сөйлеп тұрған Қызыл ерге сонда Естеместің айтқаны:

—Бетіңмен жылқымды алып, майдан құрып,
Малымның жұмсап жатқан бетін бұрып.
Сұлтаным, ел иесі батырым бар,
Қайратты көрсетсейші жеке шығып.

Шыдам ет! Батыр болсаң, алдырайын,
Асықпа, тұрған шығар ажал дайын.
Ұры сынды малыма соқтықпа сен,
Малымды тегіндікпен айдатпаймын.

Қызыл ер:—Тостым,—деді, хабарын бер,
Бірақ саған айтарым қашпасын ел.
Менен қорқып Құртқаны алып кетсе,
Қаныңды мойныңа ал да, басыңды бер.

Естемес:—Құлдық,—деді,—серт дайын,
Қашса, егер, мен саған басым дайын.
Жіберді бір кісіні елге қарай,
Әскерлері тоқтатты жылқы айдауын.

Бір малшы хабар берді Қобылан нарға,
Қобыланды әзіл айтты Құртқа жарға:
—Қызыл ер ағаң кепті күші қайнап,
Рұқсатсыз кеткен қызды қайта аларға.

Қобыланды мінді атына,
Қару-жарақ сайланып.
Ағынды судай сарқырап,
Әбжыландай толғанып,
Тұлпарға қамшы басады,
Тез жетуге ойланып.
Болат қылыш белінде,
Қиятты найза қолға алып.
Садағын іліп қарына,
Ақиықтай қомданып,
Қара қыпшақ елінен
Қалың қол кетті жолды алып.
Тобыршақ аттың санына
Тобылғы қамшы жол салып.
Жетті келіп Қобыланды,
Асыға шауып зорланып.
Айбатын көріп Қызыл ер,
Ашулы дабыл қағады.
Сап түзе деп майданға,
Оттай боп көзі жанады.
Жүрексізі қосынның
Қаһарынан Қобыландының
Ақылынан танады.

Қобыланды

Барлығы: 307 жыр

Тағы оқыңыз