Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды батыр (6-бөлім)

Қобыланды · Құлзақ нұсқасы · 2 мин оқу

Қаһарың сенің төгілді
Қызыл ердің өзіне.
Қанға тоймас құзғынның
Топырақ құйдың көзіне.
Босат бізді, Қобыланды,
Соғыстан басты тартамыз.
Күн-түн атып, бөгетсіз
Елімізге қайтамыз.
Буыны өсіп, қатпаған
Жас батырдың ерлігін
Елімізге барған соң,
Жырға қосып айтамыз.

Әлқисса, Қобыланды қалың қыпшақтан келген аға, құрбыларымен және жай жанашыр ағасындай Естемеспен ақылдасты:—Елімізді шапқалы келген қырық кез Қызыл ер екі баласымен өлді. Ендігі қалғандары сауға сұрап отыр. Шетінен қыра берсек, қаны мойнымызда болады. Бұған не дейсіздер?— деді Қобыланды халыққа. Тұрғандардың ішінде кейбіреулері:

—Бұл қызылбастарға ешқандай рақым істеудің керегі жоқ. Халқымызды қан жылатып соқтыққан өздері, отыз кісімізді өлтірді. Келгендері жау болып келді, жау болып қайтады. Ертең ана жақтағы Алшағыр, Қазан, Көбіктілеріне барады, онан да бұлардың бірде-бірін босатпау керек. Келген өздері, ат-тұрмандары болса да олжа. Бірақ Естемес бұлардың бәріне тыйым салды:—Бас қайда бастаса, денең де солай бұрылады, аяқ солай жүреді. Олай болса, бастап келген басшы—Қызыл ер, ал халықты нақақ қыра беруге болмайды. Аулақ бәледен, Қобыланды,—деді.—«Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» деген. Алдыңа келді, кешірім сұрап өтінді, Қызыл ердің терістігін айтып отыр. Мұндай жағдайда тілегін орындамай, қырып салуға болмайды. Сондықтан босат,—деді Естемес тағы да. Қобыланды көнді. Қызылбастың қалғандарына еліне қайтуларына рұқсат берді.

Қызылбастың қалғандары еліне қайтты. Қобыланды сынды батырдың ерлігін жыр қылып айтты. Бірақ та көре алмаушылықпен күндеп айтты. «Оны жеңу тек Қазан батырдың қолынан келеді» деп, Қазан батырға хабар жіберді.

Қазан ер ордасында отыр тосып,
Адамы Қызыл ердің барды сасып.
Құртқаны алып, батырды өлтіргенін
Барлығын түгел айтып, ел жыласып.
Қазан ер мінді сонда қайратына,
«Қазақты сиғызам»,—деп айбатына.
«Алдымен ноғайлыны шабамын»,—деп,
«Келсін»,—деп ат шаптырды бар халқына.
Барлығын мұсылманның түгел қырып,
Барамын Қобыландыға тіке жүріп.
Аттанып әскерімен ноғайлыға,
Өлтірді барлық жанын түгел қырып.
Қаласын Қырлы, Сырлы талқандады,
Күшпенен қалың әскер басып кіріп.
Қияттың бір топ елін тағы шапты,
Мол дүние бұдан олар тағы тапты.
Арманы жалғыз ғана Қазан ердің
Шұбыртса енді шауып бар қыпшақты.
Қайыра Қобыландыға аттануға
Қызылбас дайындалып баптануда.
«Әлемде теңдесі жоқ Қазан мықты»
Деген сөз Қызылбаста жатталуда.

Қазан батыр ноғайлы мен қият елін шауып келгеннен кейін, енді қыпшақтарды шабуға дайындалудың керек екендігін айтып, әскерлерін дем алуға таратыпты. Тақауда қыпшақтарға аттанбақшы. Қызыл ердің әскерлерін де, елін де өзі басқармақшы болды. Бұл кезде қият елінің батырлары: Қараман, Қарақозы, Аққозы, Қосдәулет атты батырлары Қазан батыр да кеткен кектерін іздеуге қол жинап аттанбақшы болып жатты. Қырық мың үйлі қияттан қырық мың әскер жиып, жер қайысқан қолмен төрт батыр жүріп кетеді. Қалың қол ішінде Қарабұқан деген жауырыншы сәуегөй бар екен, сол жауырыншының жүріп келе жатқан батырларына айтқаны:

Қобыланды

Барлығы: 307 жыр

Тағы оқыңыз